Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«АНА СҮТІН АҚТАЙТЫН АДАМ ӨМІРДЕ АЗ»

Atr.kz/11 қазан, 2019 жыл. Мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді АЙТАЛЫ осылай деді бізге берген сұхбатында.

– Атырау жері сізге несімен қымбат?

– Біріншіден, 1959-1964 жылдары Гурьевтің педагогика институтының филология факультетінде оқыдым. Студенттік жастық шағым осында өтті. Екіншіден, Ақ Жайықтан ғылымға жол бастау алды. Туған жерім – Ресейдің Астрахан облысы, Володар ауданы. Бүгінде Ақтөбеде тұрамын. 1966 жылы Ақтөбеде педагогикалық институт ашылып, бір жылдан соң аспирантураны бітіріп, кадр жетіспегендіктен шақыртумен жұмысқа келдім.

– Бір сұхбатыңызда: «Мен Ақтөбеге қарыздармын…» депсіз. Себебін түсіндіре кетсеңіз.

– Қарыздар себебім – Ақтөбе мені жатырқамай, басқа өңірден келген қазақ деп емес, керісінше сыйлап, құрметтеп, таңдап, депутат етіп жіберді. Ендігі менің қарызым – Ақтөбе жастарынан болашақ депутаттарды, қайраткерлерді дайындау. Бар білетінімді жастарға айтып, тәрбиелеп жатырмын.

– Қазір студент жастарға көп сын айтылады. Бұрындары Мұхтар Әуезовтың, Зейнолла Қабдоловтың дәрістерін студенттер жібермейтін, тіпті басқа оқу орнынан жастар келіп тыңдағанын еститінбіз. Қазіргі студенттердің сабаққа қатысы қалай?

– Студенттердің қатысы жақсы десем, өзімді мақтағандай болармын. Дегенмен, студенттер келеді, бірен-саран жоғары курстың студенттері де менің дәрісіме қатысады. Ол ағаларымыздың орны, беделі, ықпалы бөлек еді ғой. Жанып тұрған студенттерді көтеріп, тәрбиелеу, ұйықтап жүргендерге ой салу – міндетіміз.

– Сіздіңше, Парламенттің қызметі қандай болуы керек?

– Қолынан келгенше әділ, ақты ақ, қараны қара деп саралау керек. Ол үшін білім, ұстамдылық, басқа елдерден тәжірибе керек.

– Сіз парламентаризм деген пәннен сабақ береді екенсіз?..

– Ақтөбеге келгеннен кейін еш жерде жоқ арнаулы курс оқыту туралы ұсыныс келді. Тарих мамандығындағы магистранттарға дәріс оқыдым. Байқағаным, оларды біздің Парламент емес, Ағылшын, Қытай, Францияның парламенттері қызықтырды екен. Депутат болу сайлаудан басталған соң, сайлау технологиясы, әр елдегі сайлау үлкен қызығушылық тудырды. Қазіргі арнаулы курсым «Дін және діндарлық» тақырыбында. Діндарлық – құранды немесе басқа діннің уағыздарын адамның бойына сіңіруі, қабылдауы.

– Философия ғылымдарының докторысыз. Дін мен философияның байланысы қандай?

– Байланыс өте күшті. Діннің арғы тегі – дүниетанымға келіп тіреледі. Ал, дүниетаным дегеннің өзі – философия. Сондықтан, дін мен философияны қарсы қоюға болмайды.

– Ө з і ң і з м ұ с ы л м а н д ы қ парызыңызды қалай өтедіңіз?

– Мұсылмандық парызды өтедім деп айта алмаймыз. Біз атеистік қоғамнан шыққан адамдармыз ғой. Елу екі жасымда Кеңес үкіметі құлады. Жарты ғасырдан астам советтік тәрбиенің адамы болдым. Бүгін мен атеиспін десем жұрт сөгеді. Бірақ, санада қалып қойған. Конфуцийдің сөзі бар: «Екі ұрпақ алмаспай, адамның санасы жаңармайды». Ол үшін 50 жылдай уақыт өтуі керек. Өркениетті түрде дінге қарайтын ұрпақ кейін келеді.

– Балалық шағыңызды еске түсірейікші. Балалық шақ деген тіркесті естігенде алдымен көз алдыңызға не елестейді?

– Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі жылдар. Бір жағынан, менің балалық шағым өте бақытты өтті. Еділдің бір саласында, өте тамаша сулы, нұрлы табиғат аясында өскен жандармыз. Екінші жағынан, біз мұқтаждық, қиындық көріп өскен ұрпақпыз. Мұғалімдік оқуға бар, сонда стипендия төлейді деп мені педучилищеге бағыттаған ұстазым еді. Жолым болып, анама салмақ салмай, өзімдіөзім оқытуға жағдай туды.

– Әкеңізді көрген жоқсыз, соғысқа кетті. Бірақ, жақын жылдары хабарын алған сияқтысыз ғой?

– Үлкен ұлым 2016 жылы интернет арқылы тапты. Сол жылы соғыста қаза болған әскердің жарты миллион құпия сақталған тізімі ашылған. Сол тізімнен табылды. Қазіргі Болгария жерінде соғыста болды. Майский деген жерде 1944 жылы 11 қыркүйекте қаза тапқан екен. Бір шұңқырға 99 әскер жерленіпті. Оны сол жердің адамдары біліп, 99 адамға әрқайсысының атыжөнін, қай жерде өмір сүргенін, отбасы туралы жазып ескерткіш қойған екен. Болгарияға 2016 жылы отбасымызбен барып, әкеміздің зиратына тағзым етіп қайттық. Ескерткіш қойған сол жердің адамдары, кәсіпкерлерімен жақын туыстай араласып, сөйлесіп тұрамын.

– Ана сүтін ақтай алдым деп ойлайсыз ба?

– Меніңше, ана сүтін ақтайтын адам өмірде аз. Әкеме қызмет еткен жоқпын, анамды бағып-қаққан Астрахандағы аға-жеңгем. Әрине, анам мен барғанда менімен мақтанады. Ағаң үлкейіп қалды, қарайласа жүр деп аманаттап, өмірден өтті. Ағамды сыйлау, құрметтеу арқылы ол аманатты орындаған сияқтымын.

– Өзіңізде 80-ге таяп қалдыңыз. Қатарластарыңызға қарағанда ширақ көрінесіз. Қалай күтінесіз?

– Кейде осындай сұрақтарға әзілдеп, имиджмейкерлерім бар деп жауап беремін. Олар – менің жарым мен қызым. Қалай күтіну, қандай тамақ ішу, қалай киіну керектігін менімен бөліседі, ақыл-кеңестерін береді. Өзімді-өзім күтемін, дәрігерлердің айтуымен жүремін.

– Амангелді деген есіміңіздің де мені қызықтырып отырғаны…

– Әкеміз 1936 жылы қуғынсүргінге ұшырады. Колхоздастыру кезінде нағашысына малын сатуға көмектесемін деп шешеді, кейін ол мал күмәнді болып шығады. Содан колхозға қарсы адамға көмектесті деп соттап жіберген. Бірақ, өзі қуынып, 1938 жылы оралған. Әкеміздің аман келуіне орай есімімді қойған екен.

Сұхбаттасқан:

Балауса ПУШКИНҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button