АМӨЗ-дің өндірістік активтері қайтарылды
Атырау мұнай өңдеу зауыты бұрын аутсорсингке берілген техникалық сервис функцияларын өз қызметіне қайтару жұмыстарын бастады.
Осыған орай, «АМӨЗ» ЖШС-де сервистік компаниялардың функцияларын зауыт қызметіне бір қалыпты көшіру шараларын жүзеге асыру үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ өкілдерімен бірлескен жұмыс тобы құрылды.
2023 жылдың 1 наурызынан бастап Атырау МӨЗ-дің құрамына технологиялық және динамикалық жабдықтардың, металл конструкциялары мен ғимараттардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету (жөндеу-механикалық цех), электр жабдықтары мен электр желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету (электр цехы), бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика құралдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету (бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика цехы) және жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу (жобалау-конструкциялау орталығы) бойынша зауыттың технологиялық процестеріне қатысқан цехтар қайтарылды.
Атырау мұнай өңдеу зауытының құрамына қосылған қызметкерлердің жалпы саны 650-ден астам.