«Аманаттық» мәслихат депутаттарының форумы дәстүрлі шараға айналады
AMANAT атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумы дәстүрлі форумға айналатын болды. Партия төрағасы Ерлан Қошанов форумның пленарлық отырысын қорытындылаған сөзінде осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Біздің мақсатымыз айқын. Ол – Мемлекет басшысы қолға алған реформаларды аяғына дейін табысты жүзеге асыру. Бұл бағытта биліктің барлық тармақтарының ортақ ұстанымы, ауызбірлігі бар екенін бүгінгі форум көрсетті деп ойлаймын», — деді ол.
Ерлан Қошанов бұл форум өңірлерден келген депутаттарға арналғанын еске салды.
«Осы форумды жыл сайын немесе екі жылда бір рет өтетін дәстүрлі форумға айналдырсақ деген ұсыныс бар. Сіздердің қол соғуларыңызды мен қолдау деп түсініп отырмын. Бұл форум бүгінгі жиынмен аяқталмайды. Келер жылы да осылай жиналып, Үкімет мүшелерін, жергілікті билік өкілдерін шақырып, Мемлекеттік кеңесшіміз бар, осындай жиында ақылдасқанымыз жөн деп ойлаймын», — деп түйіндеді AMANAT төрағасы.