«AMANAT» пен «Жастар рухының» белсенділері қаланы қапшықтан тазартты
Табиғатты қорғау – адамзаттың борышы. Ал, қоршаған ортаның табиғи жағдайын жақсарту сіз бен біздің қолымызда. Осы бағытта елімізде түрлі ауқымды шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі «AMANAT» партиясы жалпыұлттық экологиялық акция – «Таза Қазақстан» Road-эстафетасы.
Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалының мүшелері мен «Жастар рухы» Жастар қанатының облыстық филиалының еріктілері Жайық жағалауындағы «Жастар» паркінен бастап облыстық әкімдік ғимаратына дейін тазалау жұмыстарын жүргізді. Мұндағы мақсат – тасқын суға қарсы тұрғызылған құм толтырылған қапшықтарды жинап, қала көркін жандандыру. Акцияға 60-қа жуық аманаттықтар, белсенді жастар, қоршаған ортаға бей-жай қарай алмайтын азаматтар қатысты.
– Еліміздің түкпір-түкпірінде жүріп жатқан «Таза Қазақстан» акциясына қала бойынша депутаттар, қоғам белсенділері және жастар қатысуда. Олар тасқын суға қарсы тұрғызылған жағалау бойындағы қапшықтарды алып, жағалайларды тазартуда. Әсіресе осындай игі іске жастардың ерікті түрде белсене қатысуы көңіл қуантады. Патриоттық сезіммен терең түсініп, бірге күш біріктіргендері жарқын болашақтың кепілі іспетті, — деді Атырау қалалық депутаттар фракциясының басшысы Қаршыға Жауымбаев.
Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суреттерді түсірген автор