Жарнама
Жаңалықтар

АЛЫС АУДАНДАРҒА ҰШАҚ ҰШАДЫ

Әрине, ол үшін аудан орталықтарында жаңадан әуежай салуға тура келеді. Өйткені, бұрынғылары бүгінде жоқ. Мәселен, Құлсарыдағы әуежай орнына әлдеқашан тұрғын үйлер тұрғызылып кеткен. Қысқа қашықтыққа ұшатын ұшақтарды басқаратын ұшқыштарды  дайындау да қажет.

Оның үстіне, келешекте Атырау халықаралық әуежайын одан әрі үлкейтіп, қосымша құрылыстар жүргізу жоспарланып отыр. Дүние жүзінің төрт бұрышынан инвестиция тартылып, тұрақты даму үстіндегі мұнайлы мекенге мұндай нысан керек-ақ.

Бірақ, әуежай басшылығының пікірінше, мекеме алдымен пайдамен жұмыс жасауы қажет. Ал, бүгінде Атырау халықаралық әуежайын қазіргіден де тиімді қолдану үшін біраз іс тындырылғаны жөн. Мәселен, мамандардың пайымдауынша, әзірге мұнда бәсекелестік жетіспейді. Соның салдарынан билет бағасы ұшынып тұр. Айталық, Атырау-Ыстамбұл арасына қатынау Астрахан-Ыстамбұл бағытымен салыстырғанда бес есе дерлік қымбат. Сондықтан, атыраулықтар Түркияға көрші елдің іргелес қаласынан ұшуға құштар. Бұл да – ойланарлық жай. Демек, лайықты бәсекелестік орта қалыптасуы үшін қызметке өзге де әуе тасымалдаушыларын тарту керек.

Ал, алыс аудандармен әуе қатынасын қалпына келтіру нендей қажеттіліктен туындап отыр? Әрине, ол – алдымен, өркениеттің белгісі. Сонау қиыншылық кезінде өзін ақтамағандықтан ұшақтарды ұстау мүмкін болмады, ол көп қаражатты талап етті. Енді экономикамыз тұрақтап, даму үстінде тұрғанымызда әуе байланысын неге қалпына келтірмеске?

Одан әрі, облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Аманжан Тәкешевтің айтуынша, алыс ауылдарға автобуспен қатынау қиын. Әсіресе, қиырдағы Қызылқоға ауданына көлікпен барып-қайту – ауыр азап. Рас, Миялы мен Сағыз арасындағы жол жөнделді. Алайда, Сағыздан бері шығып, 138 км жердегі Мақатқа жеткенше жолаушының жүйкесі жұқарады. Ойлы-қырлы дала жолымен жүруді екінің бірі көтермейді.

Кеңесте тағы бір қаралған мәселе – аймақтағы индустрияландыру ахуалы. Бүгінде өңірдегі ірі өндіріс ошақтарын Қарабатан елді мекені тұсына топтастыру жоспарланған. Осында арнайы индустриялық аймақ ашылады. Оған қажетті барлық инфрақұрылымды жүргізу – жергілікті атқарушы биліктің міндеті. Ал, компаниялар инвестиция салып, өндіріс ошақтарын алаңсыз ашуына болады. Оның үстіне, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілуімен қатар, көптеген жеңілдіктер де қарастырылған.

…Ең бастысы – кеңес барысында айтылған ой-пікірлер жинақталып, Астанаға жеткізілуі. Бұл кейбір келелі мәселелердің орталықта шұғыл шешілуіне мүмкіндік береді.

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button