АЛЫПТЫҢ АРШЫНДЫ АДЫМЫ
Еңбек жылнамасының басталуы
1943 жыл. Ұлы Отан соғысының қызған шағы. Біздің әскерлердің Кавказ және басқа да майдан далаларындағы сәтті шабуылдары Кеңес Үкіметіне елдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бейбіт бағдарламаны жүзеге асыруға жағдай туғызды. Бұл бағдарламаға Гурьев аумағындағы мұнай өңдеу зауытының құрылысы да енді. 1943 жылдың 14 сәуірінде «аса құпия» деген белгімен КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің №3181-інші елдің шығыс аудандарында мұнай өңдеу зауыттарын салу туралы қаулысы шықты.
Техникалық жобаны американдық «Баджер и сыновья» фирмасы жасады. Оны жергілікті жағдайларға ыңғайлау жұмыстары инженер Гореченковтың жетекшілігімен «Эмбанефтьпроект» жобалаушылары тарапынан жүргізілді.
Кеңес Үкіметінің шешімімен зауыт құрылысы КСРО ІІҰҚ аэродром құрылысы Бас басқармасының 3 құрылыс басқармасына жүктелді. 1943 жылдың 18 мамырында алғашқы транспорттық техника эшелонымен бірге инженер-құрылысшы Иван Михайлович Романовский Гурьевке алғаш рет табан тіреді.Зауыт құрылысына он мыңнан астам адам қатысты.
Мұнай өңдеу зауытының құрылысы бұрын тек шикізат базасы ретінде қолданылып келген еліміздің дамуына жаңа бетбұрыс әкелді. Қазақстанның алдында жаңа мүмкіндіктер ашыла бастады. Жетпіс жылдық тарихы бар қара шаңырақтың кешегісін сөз еткенде зауыт орнын белгілеу, техникалық құжаттарды жасақтау ісіне тікелей атсалысқан белгілі мұнайшы Сафи Өтебаевтың есімін атап өту ләзім.
Мұнай өңдеу саласы тұңғышының қалыптасуы жолында көрнекті өндіріс ұйымдастырушылары тұрды, олар: КСРО мұнай өнеркәсібі халықтық комиссары Н. К. Байбаков, КСРО мұнай өнеркәсібі халықтық комиссарының орынбасары Б. М. Рыбак, Бас мұнай өңдеу жетекшісі Г. И. Болдырев, КСРО мұнай өнеркәсібі халық комиссариаты № 1 мемлекеттік тресі басшысының орынбасары А. П. Музыченко, зауыттың алғашқы директоры Г. И. Гореченков. Жергілікті партия және кеңес органдарынан зауыт құрылысына байланысты жұмыстарға облыстық партия комитетінің хатшылары С. И. Круглов, Н. Қамбаров және А. Н. Клоноз, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары А. Г. Севастьянов, қалалық партия комитетінің хатшысы К. З. Ағыбаевтар атсалысты.
1945 жылдың 8 қыркүйегінде №441 зауытта алғашқы өнім – автокөлік бензині алынды. Бұл күн мемлекеттік комиссия шешімімен өнеркәсіптік өнім өндірісінің бастауы ретінде бел-гіленді. Осыдан бастап Гурьев индустриалды орталық мәртебесіне ие болды. Зауыттың бастапқы жылдық қуаттылығы 800 мың тонна болды. Шикізат ретінде Бакудан тасып әкелінетін дистиллят қолданылды. Зауыт әуел бастан мотор және қазан отындарын шығаратын отындық нұсқада дамыды. Алғашқы боп термиялық крекинг және мұнайды тікелей айдау блоктары бар біріктірілген қондырғы іске қосылды. Қондырғы цех бастығы П. П. Сауринның басшылығымен сәтті іске қосылды. Оның көмекшілері қатарында №1 цехтың болашақ басшысы И. Ф. Бескровный да болды. Іске қосу жұмыстарына аға операторлар А. Е. Аболдов, Н. М. Бойко, И. Исқазиев, М. Мұхтаров, В. И. Сорокин, М. Улубовов, операторлар М. Ф. Атамонова, В. А. Гаврилова, М. П. Кошкина (Логвиненко), сорғышылар В. Аничкин, О. А. Колосова, Ф. Никифорова және басқалары қатысты.
Бірінші іске қосу кезеңінің нәтижелері зауыттықтарды басқа цехтардың қуаттылығын еселеуге ынталандыра түсті. 1946 жылы Гудри каталитикалық крекинг қондырғысы пайдалануға берілді. Аталған қондырғы технологиялық режимге шығарылғаннан кейін газды фракциялау қондырғысы іске қосылды.
Зауыттықтардың алғашқы буыны санатында жүзден астам КСРО орден, медальдарының иегерлері болды. Елге еңбегі сіңген қызметкерлер де бар. Ұжым И. Ф. Бескровный, С. Ф. Горбунов, А. С. Кузнецов, О. А. Шерпутовская, З. Жетмеков, Н. Н. Нарышева, А. Риза, М. М. Урусов, А. Г. Денисюк, М. Н. Бердиев, Н. Г. Устиченко, З. М. Котельникова, И. И. Сармин, П. И. Григорьев сынды мұнай өңдеудің жаңа технологиясын игеріп, жетілдіру жолында аянбай тер төккен аға буынның есімдерін ерекше құрметпен еске алады.
Дамудың жаңа кезеңі
Зауыттың жаңа технологиялық қондырғылармен жарақталу жолы қиын да ұзақ болды. Жобалауға берілген тапсырыстар, жобалаудың алуан түрлі нұсқалары, зауыттың даму жоспарын шешуге қатысты тартылған органдар… Мұның бәрі бір кітапқа арқау боларлық деректерді қамтиды. Зауыт іске қосылғаннан кейін ширек ғасыр өткенде кәсіпорынның мұнайды терең өңдеу жөніндегі қуаттылығын арттыруға бағытталған дамудың жаңа кезеңі бастау алды.
1969 жылы қуаттылығы 2 млн. тонна/жыл мұнайды атмосфералық өңдеу және қара майды вакуумдық айдау қондырғысы пайдалануға берілді. Бұл бұрынғы жылдық қуаттылықты бірден төрт есеге арттыруға және мейлінше жоғары экономикалық өлшемдер шеңберінде өндірілетін өнім түрлерін молайтуға мүмкіндік берді. Қондырғыда автобензин, дизель отыны, уайт-спирит, қарамай және гудрон шығарылады. Бұл қондырғының іске қосылуы маңыздылығы жөнінен зауыттың бастапқы іске қосылуына пара-пар. Кейіннен өндірістік технологияларды жетілдіруге бағытталған қайта жаңғырту жұмыстары, зауыттықтардың көптеген шығармашылық идеяларын ұтымды іске асырудың нәтижесінде 1975 жылы аталған қондырғының жылдық мұнай өңдеу қуаттылығы үш миллионға дейін артты. 1976 жылы екі қондырғыда мұнай өңдеу ауқымы жоғарғы көрсеткіш – төрт миллион тоғыз жүз алпыс төрт мың тоннаға жетті.
Жаңа қондырғыны игеруге цех басшысы В. А. Сердюк, аға механик П. И. Григорьев, аға инженер Ю. Слабельниковтер өлшеусіз үлес қосты.
Ал, кейін бутансыздандырылған бензин, сутекті және құрғақ газ алуға арналған ЛГ-35-11/300-95 каталитикалық крекинг қондырғысы пайдалануға берілді. Оның бірінші басшысы В. В. Гафнер болды. Қондырғы жұмысының күрделілігі мен технологиялық жарақталуы мамандарды таңдауда айрықша жауапкершіліктер жүктеді. Қондырғыға ең үздік, ең тәжірибелері деген мамандар таңдап алынды. Олардың қатарында каталитикалық крекинг қондыр-ғысында аға оператор болып еңбек еткен Н.Н.Нарышев, біріктірілген қондырғының аға операторы Н. Г. Денисюк пен Н. Е. Набатов, газ бөлу қондырғысының аға операторы А. М. Шишонковалар, сондай-ақ, технологиялық қондырғы машинистері А. Қаражанов пен Ф. Л. Немцевтер де болды.
Мұнай өңдеудің екінші үдерістерін дамыту, соның ішінде шикізатты кокстеу зауыт экономикасында маңызды орын алған бетбұрысты бағыт болды. Электрод өнеркәсібінде шикізат ретінде қолданылатын кокс өндіруге арналған баяу кокстеу қондырғысы 1980 жылдың 7 шілдесінде пайдалануға берілді. Іске қосу жұмыстарына айрықша мән берілді. Сол жылғы сәуір-мамыр айларында нысандағы жұмыстарды жеделдету мақсатында гурьевтік құрылысшыларға Алматы, Жамбыл, Шымкент, Павлодар қалаларынан мамандар көмекке келді. Жаңа цехтың жұмысы бірден жолға қойыла қойған жоқ. Білікті мамандардың тапшылығы байқала бастады. Технологиялық тұрғыда да олқылықтардың бары анықталды. А. П. Свириденко, В. Е. Черенков, А. А. Швайгерт, В. Е. Полынин, П. Пастухов, И. И. Бондаренко, В. Г. Грузинцев, О. Н. Исмаилов, Р. Мухамедзянов сынды өзге технологиялық цехтан келген қызметкерлер бұл қиындықтардың бәріне де төзе білді.
Кеңес дәуірінде салынған соңғы нысан – 1989 жылы іске қосылған мұнай коксын қыздырып шынықтыру қондырғысы. Қазақстанда тұңғыш рет шынықтырылған кокс өндірісі игеріле бастады. Қондырғыда шикі коксты қыздырудың нәтижесінде шынықтырылған кокс, ауқымды мөлшерде жылу энергиясы алынады. Аталмыш қондырғыны іске-қосу, баптау және игеру жұмыстарына аға операторлар В. Ю. Кабанкин, А. Шукенов, А. Ротнов, Ж. Жакубалиев, О. О. Гульфаровтардың қосқан үлестері зор. Олардың көпшілігі «Гудри», алкилация қондырғысынан келгендер. Зауыт іске қосылғаннан бері қолданылып келе жатқан бұл қондырғылар 1988 жылы физикалық тұрғыда тозығы жеткен деп танылған болатын.
Отыз жылдан астам уақыт бойына құрамына баяу кокстеу, мұнай коксын қыздырып шынықтыру қондырғылары кіретін цехқа жоғары білікті маман, Құрмет белгісінің, «Құрмет» орденінің иегері Юрий Константинович Шкодин басшылық етіп келеді.
Нарықтық қатынастарға өту
КСРО-дан «мұра» боп қалған зауыт 1991 жылғы өлшемдер бойынша тұрақты жұмыс жасап тұрған кәсіпорын санатында болды. Бұл тұрақтылыққа қол жеткізу оңай болған жоқ. Зауыт директоры В.В.Гафнер, бас инженер С.А.Мералиев, бас директордың күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары В.А.Сердюк, бас бухгалтер Л.П.Донскова, бас заңгер В.В. Лаговскийдің біліктіліктері мен тәжірибелерінің, жұмысты жүйелі ұйымдастыра білулерінің арқасында зауыт нарықтық қатынастарға өтудің бастапқы кезеңінде аса бір ауыртпалық сезіне қойған жоқ. Кәсіпорындарға «қара құлып» салынып, жұмыссыздық белең алған шақта зауыт тұрақты жұмыс жасап тұрды.
1992 жылы Атырау МӨЗ алғаш рет құрамында ашық түсті фракциялар мен метил-этилмеркаптан мөлшері жоғары жаңа типті мұнай – Теңіз мұнайына сынамалық өңдеу жасады. Теңіз мұнайы құрамындағы ерекшеліктер тек технологиялық қана емес, бірқатар экологиялық мәселелерді шешуді қажет етті. Өңдеудегі Теңіз мұнайының үлесі 12 пайызды құрады. Екінші үдерістердің жеткіліксіздігіне қарамастан мұнай өңдеу тереңдігі 65 пайызға дейін жетті.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін отандық өнеркәсіп салалары алдына шетелден әкелінетін аса қымбат өнімдерге балама жаңа өнім түрлерін игеру міндеті қойылды. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Мұнай химиясы және табиғи тұздар институты мен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» АҚ арасындағы ұзақ жылғы ғылыми-техникалық әріптестіктің нәтижесінде жаңа тиімділігі жоғары «Атырау» деэмульгаторы патенттеліп, өндіріске енгізілді. Өзінің техникалық және технологиялық сипаттамалары жөнінен әлемдік баламалардан кем түспейтін бұл өнім мұнайды дайындау кезінде оны сусыздандыру және тұзсыздандыру үшін қолданылады.
Сондай-ақ, 90-шы жылдардың орта шенінде зауыт тағы бір жаңа мұнай өнімі – М-40 маркалы қарамай өндірісін игерді. Бұл орайда В. В. Гафнер, С. А. Мералиев, Г. Ж. Амантурлин, Д. И. Камитов, В. И. Королев, В. А. Вакуров, Ю. К. Шкодин, В. И. Лепский, Қ. Қ. Оразбаев, Л. С. Петросян, В. В. Овчаренколар зор еңбек сіңірді. 1995 жыл зауыт тарихында тағы бір маңызды оқиға орын алды — «ТС-1 реактивті отыны» жаңа өнімінің өндірісі жолға қойылды.
90-шы жылдардың ортасынан бастап зауыт өндірістік кедергілерге тап болды. Әсіресе, 1998 жыл зауыт тарихындағы ең ауыр жылдардың бірі еді. Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі экономикалық дағдарыстың ызғары мұнай өндіруші елдерге айқын сезіле бастады.
Осылайша зауыттың мұнай нарығындағы позициясы әлсірей бастады. Салықтық саясат салдарынан мұнай өнімдері бағасын мәжбүрлі түрде қымбаттату, өнімге деген сұраныстың төмендігі, нарықты ресейлік арзан өнімнің «жаулап алуы» зауытты тығырыққа тіреді. Кәсіпорынның жыл бойғы жүктемесі жалпы қуаттылықтың 65 пайызын ғана қамтыды.
Соған қарамастан, қайта жаң-ғырту мен жаңартуды өндірісті дамытудың өмірлік маңызы бар шарттары екендігін жете ұғынған зауыт жылу-электр орталығын қайта жаңғыртып, технологиялық қондырғыларға күрделі жөндеу жүргізуді қаржыландыру мәселесін оңтайлы шеше алды. Қанша қиын болғанымен, зауыттықтар ауқымды қайта жаңғыртуды мақсат етті. Шілде айында Атырау МӨЗ «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясына еншілес кәсіпорын атанды, осылайша кәсіпорын тарихында дамудың жаңа кезеңі бастау алды.
Зауыттың қайта өрлеуі
АМӨЗ тарихындағы соңғы он жыл қарқынды дамумен айрықшаланды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауының арқасында Атырау МӨЗ республикамыздың өндірістік индустриясындағы болашағы зор нысандардың санатынан көрінді.
Зауыт дамуына ҚР Премьер-Министрі лауазымында болған кезінде Атырау МӨЗ-ді қайта жаңғырту туралы бірінші Үкіметтік қаулыға қол қойып, кейін «Қазақойл» ҰМҚ басшысы ретінде инвестициялық жобаны жүзеге асыруға тікелей қолдау көрсеткен Н.Ө.Балғымбаевтың да қосқан үлесі өлшеусіз. 1998 жылы Нұрлан Балғымбаевтың тікелей қатысуымен ҚР Үкіметі мен жапондық «Марубени» компаниясы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
1999 жылы қала қалыптастырушы кәсіпорынның ертеңіне бейжай қарай алмаған Атырау облысының сол кездегі әкімі И.Н.Тасмағамбетов те зауытты қайта жаңғырту тұрғысындағы өз көзқарасын білдірді. Кейін Үкімет басшылығына тағайындалған ол Атырау МӨЗ-нда қайта жаңғырту жұмыстарының басталуына бар күшін салып, Атырау өңіріне жұмыс сапары барысында зауытқа да ат басын бұрып, еңбек ұжымына қайта жаңғырту жұмыстарының басталатындығы жөніндегі қуанышты хабарды жеткізді. Кездесу барысында қайта жаңғырту жұмыстарына жетекшілік етуге Үкімет кәсіби мұнай өңдеуші, өз ісінің хас шебері С.А.Мералиевтің міндеттелгендігі туралы да айтылды.
Өткен жүзжылдықтың 90-ыншы жылдары соңынан бастап Атырау МӨЗ-ның саясаты мен даму стратегиясын «Қазақойл» Ұлттық компаниясы, кейін «ҚазМұнайГаз» ҰҚ»АҚ айқындайтын болды. Ұлттық компания жетекшілері зауытты қайта жаңғырту және жаңарту мәселесін шешуге құлшына кірісті. Олардың ұтымды стратегиялық шешімдерінің нәтижесінде зауыт тарихында «жапондық» деген атпен қалған қайта жаңғыртудың алғашқы кезеңі іске асырыла бастады. Зауыттың екінші тынысын ашқан бұл жобаны жүзеге асыру 2003 жылдың наурызынан бастау алды. Бас мердігерлер ретінде белгіленген жапондық «Марубени Корпорейшн», JGC компаниялары отыз бес айдың ішінде бензинді сутекпен тазарту және изомерлеу, дизель отынын сутекпен тазарту және парафинсіздендіру, сутек тазарту және шығару, түйіршіктеу блогы бар күкірт шығару қондырғылары,баяу кокстеу қондырғысындағы аминді тазарту блогы, қолданыстағы және жаңа технологиялық қондырғылардың орталықтандырылған басқаруын қамтамасыз етуге арналған орталық басқару ғимараттарын салып бітірді. 2006 жылдың 12 мамырында жапондық қайта жаңғырту жобасы аясында салынған технологиялық қондырғылардың іске қосылуына арналған ресми салтанатты шара өтіп, оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Қондырғыны өз қолымен іске қосқан Елбасы былай деген болатын: «…қайта жаңғырту Атырау МӨЗ өнімінің сапалық және сандық өсімін ғана білдірмейді. Кәсіпорынның жаңа өмірі басталды. Бұл республикамыздың әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық міндеті тұрғысынан да маңызды. Әлемдік деңгейде өнім шығаратын заманауи зауыт – бұл ел алдындағы маңызды жоспарларды жүзеге асырудағы кезеңдердің бірі. Құны төрт миллиард доллар тұратын мұнай-химия кешенін құру бұл орайдағы келесі қадамымыз болмақ».
Мұндай қуатты кешеннің құрылысы халықаралық қаржы құрылымдарының, беделді банктер мен шетелдік компаниялардың «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына деген зор сенімінің дәлелі еді.. Ал, қайта жаңғырту жобасының сәтті жүзеге асырылуы еліміздің құрылыс индустриясының, кадр әлеуетінің қуаттылығын көрсетті.
Жаңа кешеннің барлық блоктары іске қосылғаннан кейін зауытта АИ-80, АИ-92, АИ-93, АИ-96 этилденбеген бензин маркаларын, жазғы экологиялық таза дизель отыны, қату температурасы -35 0С қысқы экологиялық таза дизель отынын өнеркәсіптік көлемде шығара бастады.
Зауыттықтар қолданыстағы өндіріс жағдайында ірі кешен құрылысын жүргізу тұрғысында баға жетпес тәжірибе жинақтап, оны ароматикалық көмірсутектер шығару кешенінің құрылысында сәтті қолдана білді. Бүгінде олар жинақтаған білім мен тәжірибелерін мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысына жұмсауда.
Өз кезегінде қайта жаңғырту жұмыстары атыраулық мұнай өңдеушілер үшін емтихан іспетті: ескі қондырғыда өңделетін мұнай көлемін арттыра отырып, жаңа кешендер салу, қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау, жарақатты болдырмау. Құрылыс мерзімінде зауыт аумағында мыңдаған адам еңбек етті. Бірақ, құрылыс алаңдарында жұмысшылардың қаза болуы, коммуникациялық желілердің үзілуі тәрізді жағдайлар орын алған жоқ. Құрылысшылар, технологтар мен өндірістік мамандар ұйымдаса жұмыс жасады. Зауыт сынақтан абыройлы өтіп қана қоймай, инвестиция салуға тиімді, қолайлы кәсіпорын екенін дәлелдеді.
Зауытты қайта жаңғыртудың алғашқы кезеңі Қ. Қ. Оразбаев, О. А. Лызлов, Н. Ж. Есенова, А. Қ. Қайрденов, Р. Жанғабылов, Б. К. Исабаева, Н. А.Щербаковалардың қызмет жолындағы маңызды қадам болды. Жобаның идея күйінен өнім шығаруға дейінгі жолы осы кісілердің жетекшілігімен жүргізілді.
Жаңа өндірісті алғаш боп игергендер қатарында Д. В.Козырев, Р. Д. Бисалиев, В. Г. Гацко, Д. С.Макеев, М. М. Бекберген, М.С. Огай және басқалары болды.
Құрылыс жұмыстарына М. К. Өтеғалиев, А. А. Джангиров, А.Сегізбаев, А.Калмыков, К.Тұрақ-баев, М.Смагұлов, Н. Н.Дубинин, Т.Сарниязов, Т. Е. Кузнецова, Т. Ушакова, В.Чертихин, А. Н. Котельникова, Р.Салкенов, С. Волкова, Ж. Қаражігітов, Б. Егізбаев, В. М. Дмитриев және басқалары өз үлестерін қосты.
Зауыттың қайта өрлеу дәуірі 2006 жылы тәмәм болған жоқ, бұл оның бастауы ғана еді. 2000 жылы Қазақстан Республикасының 2013-2015 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық стратегиясына сәйкес мұнай-газ саласы – өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық өндірістердің шикізаттық емес секторын дамыту мақсатында АМӨЗ-нда ароматикалық көмірсутектерді жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар өз бастауын алды.
Жобаның құжат деңгейінен құрылыс алаңдарына жетуі үшін ауқымды жұмыс атқарылды.
2009 жылғы 29 қазанда «Атырау МӨЗ» ЖШС мен Қытайдың «Синопек Инжиниринг» компаниясы арасында «түбегейлі тапсыру» шартымен ароматикалық көмірсутектер шығаратын кешен құрылысы шартына қол қойылды.
Күрделі жобаны іске асыру жолында зауыт ұжымы алуан түрлі қиындықтарға тап болды, алайда мыңдаған адамдардың қажырлы еңбегінің арқасында кешен құрылысы сәтті аяқталды. Бүгінде зауытта 103 бірлікке жоғары октанды компонент өндіріле бастады. Тәжірибелік-өндірістік бензолдың алғашқы партиясы алынды.
Қайта жаңғыртудың шешуші үшінші кезеңі – мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аталған жобаны іске асыру арқылы Атырау МӨЗ өндірістің қоршаған ортаға зиянды әсерін мейлінше азайтатын болады.
Атырау МӨЗ-на есептелген мұнай өңдеу көлемі Қазақстанның ашық түсті мұнай өнімдері импортынан бас тартуына мүмкіндік беріп, елдің жоғары сапалы бензин мен дизель отынына деген сұранысын толығымен өтеуге жағдай туғызбақ. Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінде жылына 2 миллион 400 мың тонна шикізат өңделетін болады. Құрылыс жұмыстары ең соңғы озат технологиялар негізінде жүргізілуде.
Атырау МӨЗ-ның келбеті де түбегейлі өзгерді. Күмән, сенімсіздік, тұрақсыздық дегендердің бәрі артта қалды. Бұл өзгерістердің барлығы да көрнекті өндіріс жетекшілерінің, шебер ұйымдастырушылар мен білікті басшылардың, майталман мамандардың есімдерімен тығыз байланысты. Тұрақтылық, беріктік пен болашаққа сенімнің айшықты үлгісіне айналған Атырау мұнай өңдеу зауытының даму жолында Т. А. Құлыбаев, Ұ. С. Қарабалин, Қ. М. Қабылдин, Л. Қ. Қиынов, Д. С. Тиесов, Қ. Қ. Оразбаев, Г. Ж. Амантурлин, Н. Ж. Есенова, О. А. Лызлов, Д. В. Козырев, Р. Д. Бисалиевтердің өзіндік қолтаңбалары бар.
Бүгін зауыт алдында жоғары технологиялы озат кәсіпорын құру, тәуелсіз Қазақстанның мұнай өңдеу және мұнай-химиясы көшбасшысының тұғырына берік орнығу мақсаты тұр. Ынтымағы жарасқан ұжымның бұл межені бағындыра аларына сенім кәміл.
Виктор СУТЯГИН, Меңдібай СҮМЕСІНОВ.