Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Алыптың аялы алақаны

Солтүстік Каспий жобасын игеріп жатқан «НКОК» компаниясы бүгінде мемлекеттің арқасүйері, экономиканың қозғаушы күшіне айналды. Алып құрылым жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру міндеттемесін де орындап отыр. Соның көрінісіндей, су жаңа ғимараттар, осы заманның озық құрылғыларымен жабдықталған аурухана, мектеп, балабақша, тағы басқа нысандар пайдалануға беріліп, елдің игілігіне айналуда. Айта кетейік, Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу туралы келісім аясындағы Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге аса бастағанына қазіргі күні 20 жыл толуда.

Областная инфекционная больница в Атырау

Мұнай-газ саласындағы маңызды бетбұрыс

Атырау «қара алтынның» қазаны саналғанымен, отандық мұнайшылардың теңізден шикізат өндіруде тәжірибесі жоқ. Оның үстіне Каспийдің экологиялық ерекшелігі, құрылғылардың ескілігі жауапкершілікті жоғарылатып, міндетті ауырлатқан еді. Осы тұста әлемнің озық технологиясына жүгінудің қажеттілігі туындады. 1997 жылдың 18 қарашасында Қазақстан дүниежүзінің жетекші мұнай-газ компанияларынан тұратын консорциумымен ынтымақтастықтың құқықтық негізі – Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісімге келді. Бұл мемлекеттің «қара алтын» өндірісі тарихының жаңа бастауына айналды. Шетелдік инвестициясының көмегімен «Ғасыр жобасының» жүзеге асуы ел өміріндегі ерекше жағдай болып есте қалды.

–Бұл оқиға ұлттық экономиканың негізгі сегменттерінің бірі – отандық мұнай-газ саласының қалыптасуы мен қарқынды дамуында маңызды бетбұрыс болды. Сіздер тәуелсіз Қазақстанның маңызды әрі ірі жобаларының бірі болып саналатын Қашаған бірегей теңіз кен орнын игеруге көп күш жұмсап, зор еңбек сіңірдіңіздер. Жас мемлекетіміз үшін сол бір күрделі жылдарда теңіз шельфінен көмірсутегін өндіру ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған міндет еді. Қиыншылықтың бәрін жеңіп, болашақ ұрпағымыз мақтан тұтатын осындай үлкен бастаманы біз бірге жүзеге асыра алдық. Бұл жоба елімізге шетел инвестициясын, жаңа технологияларды, әлемдік тәжірибені әкеліп, өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық пен серіктестіктің жарқын мысалына айналды. Осындай жемісті ықпалдастық кен орнын одан әрі қарқынды игеруге, оның экономикалық тиімділігін арттыруға, сондай-ақ еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін, — деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Каспий жобасының 25 жылдығына арнайы жолдаған құттықтау хатында.

Межесі биік мерейлі белес

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Солтүстік Каспий жобасының ел экономикасының дамуына ықпалы ерекше» дейді. Дегенмен, мұнда Қашағаннан өзге жүзеге асатын жобалар бар.

– Мен бүгінгі ұжымның алдарына қойған міндеттерді толық орындайтынына сенемін. Аз жұмыс атқарылған жоқ, алайда, алда атқарылатын іс одан да көп. «Нөлдік цикл», қоршаған ортаға ұқыппен қарау, қауіпсіздік техникасының мәселелері – бұл жобаның басында тұрған өзекті міндеттер және күні бүгінге дейін өмірлік маңызды мәселелер. Оларды шешу үшін әлемдік мұнай саласының барлық тәжірибесі мен әлеуетін пайдалану қажет, — деп атап көрсетті аймақ басшысы.

«НКОК» компаниясының Басқарушы директоры Бруно Жардэн бүгінгі кезеңді мұнай-газ өнеркәсібі тарихындағы межесі биік мерейлі белес санайды.

–Біз Қашаған кен орнының еліміздің жедел қарқынмен дамуы үшін маңызды энергетика көздерінің біріне айналатынына күмәніміз жоқ. Ол Қазақстан экономикасының дамуына шешуші әсер етіп, Консорциум акционерлерінің үмітін ақтайды деп сенеміз, — деді Басқарушы директор.

Students’ dormitory for Small Academy of Arts-1

Жаңа нысандар – ел игілігіне!

Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім шеңберінде НКОК компаниясы жыл сайын ауқымды қаржы бөледі. Ол Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы түйінді мәселелердің шешілуіне, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді. Былтыр осы бюджеттің көлемі 50 млн. АҚШ долларын құраған болатын. Соның негізінде мектептер мен балабақшалар, ауруханалар, спорт нысандары салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жолдар, электр желілері мен су құбырлары секілді инженерлік қамсыздандыру жүйелері мен өзге де инфрақұрылымдық нысандар халықтың қажетіне жарауда. «НКОК» компаниясының Басқарушы директоры Бруно Жардэннің айтуынша, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың (ӘИЖ) бағдарламасы 1998 жылдан бастап (консорциум ОҚИОК деп аталатын) жүзеге асырыла бастады. Сол уақыттан бері Солтүстік Каспий жобасының операциялық үлгісі бірнеше мәрте өзгергенімен, Консорциум Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім шеңберіндегі міндеттемелерін орындап келеді. Осы орайда «Атырау» спорт кешені мұнайлы өңірде пайдалануға берілген алғашқы нысан екендігіне тоқтала кетуге болады. Қазіргі күні ол спорт сүйер қауымның сүйікті орнына айналған.

– Консорциум жұмысын бастаған 20 жылда жергілікті жерде 200 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалған қаржының көлемі 620 миллионға жуық АҚШ долларын құрады, — деді компанияның Басқарушы директоры.

Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар «НКОК»-тің корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілігінің негізін құрайды. Компанияның корпоративтік қызметтер директоры Балтабай Қуанышевтың баяндауынша, Солтүстік Каспий жобасы жергілікті халықтың әл-ауқатының жақсаруына себепші болуда. Мәселен, оның ауқымында жұмыс жасап жатқан үш мыңға жуық қызметкер мен он мыңдаған мердігер, жабдықты жеткізушілер осы өңірдің тұрғындары.

Республикалық және жергілікті атқару орындарымен бірге, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмысымыз жалғасады. Мектептер, ауруханалар, мәдени орталықтар, жолдар, спорт кешендері, басқа да нысандар салынатын болады, — деді корпоративтік қызметтер директоры.

Ал, компанияның әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар бөлімінің басшысы Руслан Әубекеровтің пікірінше, консорциум Атырау және Ақтау қалаларымен шектелмей, алыс ауылдарға да айрықша назар аударады. Осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген инфекциялық аурухана (бүгінде №2 облыстық аурухана) соның бірі. Мұнда жұртшылықтың кешенді медициналық тексеруден өтуіне барлық жағдай жасалған. Науқасқа жұқпалы ауруларға қарсы емнен өзге, кардиологиялық, эндокринологиялық, хирургиялық көмектер көрсетіледі. Биылғы жылы Мақат ауданы орталығында құрылысы біткен 60 пәтерлік үйді де ерекше айтуға болады. Жергілікті әкімшіліктің иелігіне берілген тұрғын жайға мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері, пәтер алуға кезекте тұрғандар және халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері орналасуда. Екі, үш бөлмелі пәтерлері бар үш қабатты ғимарат осылайша ел игіліне айналып отыр. Ал, Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының жатақханасы 75 адамға арналған. Мұнда болашақ суретшілер, музыканттар, өнер адамдары орналасқан. Жергілікті жерлерде салынған үй  мен жолдар, мектеп, балабақша, ауруханалар, мәдениет үйлері, тартылған газ құбырының желілері бүгінде халықтың қажетіне жарауда. Мұның бәрі алып компанияның әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінгенін байқатады.

Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мақсатында  жетекші инженерлер, түрлі сала сарапшыларынан топ құрылып, жүйелі жұмыс жүреді. Олар ұсынылған жобаларды кәсіби түрде бағалап, негіздік жобалайды,  жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейді. Ынтымақтаса қызмет ету, жауапкершілікті сезіну осылайша бүгінде компанияны үлкен жетістіктерге жеткізуде. Сондықтан, ол алдымен қызметкерлердің қажырлы еңбегінің жемісі деуге негіз бар. Бастысы, жергілікті жұртшылық алып компанияның аялы алақанын сезіне бастады.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button