Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«АЛТЫН ТҰЛПАР – ЖАЙЫҚ ЖАҒАСЫНДА»

Atr.kz/15 қазан, 2019 жыл. Өткен аптада Махамбет ауданы Бейбарыс ауылдық округіне қарасты Талдыкөл ауылында «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» атты V Республикалық аламан бәйге және «Дарабоз – 2019» ұлттық спорт түрлерінен халықаралық турнир өтті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығы, Атырау облысы әкімдігі және Ұлттық спорт қауымдастығының Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен қос шараға жиналған жұртшылықтың қарасы мол болды. Ауыл етегіндегі алаңқайға жиырмаға жуық ақ шаңқан киіз үй тігіліп, оннан астам алтыбақан құрылды. Әр отаудың тұсына қазан-ошақ орнатылып, ұлттық нақышта киінген қаракөздеріміз ұлттық тағамдар дайындау қамымен жүрді.

Жүйріктерін жетектеген жігіттер жер-жерде топтасып, болар бәйгенің жай-жапсарын талқыласты. Мәні мен сәні келіскен осынау этноауылдың төріне үлкен сахна орналасты. Атырау облысы әкімдігі және облыстық «Ұлттық спорт түрлері» федерациясының ұйымдастырған «Дарабоз» шарасы екі күнге созылып, алғашқы күні аударыспақ, көкпар спорт түрлері бойынша іріктеу ойындары өткізіліп, теңге ілу, жамбы ату жарыстарының жеңімпаздары анықталды.

Тартысты бәсекелерде желдей жүйткіген жылқымен желдіртіп келіп, жерде жатқан теңгені алуда түркістандық Нұрбағылан Садуақасқа тең келер ешкім болмады. Осылайша ол жеңімпазға тиесілі 300 мың теңгелік жүлдені қанжығасына байлады. Бұл сында Рахат Қамбаров (Түркістан облысы) – екінші, Нұрхан Елжанов (Жамбыл облысы) – үшінші болды. Ал, жылқыны тізгіндей жүріп жамбы атуда тараздық Бақдаулет Бабажанның бағы жанды. Ол 500 мың теңгелік сертификаттың иегері атанды.

Жебе тартуда екінші орын жерлесіміз Амангелді Өмірзақовқа бұйырса, солтүстікқазақстандық Әлия Бекен үшінші сатыдан көрінді. Дүбірлі доданың екінші күні құнан бәйгесімен басталды. Жүйріктер жеті шақырымдық жолды жүгіріп шығып, бұл сында алматылық Нұрболат Сүнетайдың арғымағы өзгелерден оқ бойы озық келді. Мәре сызығын екінші болып шығысқазақстандық Ринат Шахидбаевтың сәйгүлігі кесіп өтсе, алматылық Ақжол Жұматайдың жылқысы үшінші болды.

Жарыстың бұл түрінде жеңімпазға 1 млн. теңге берілді. Бұдан соң жарыс жолына 12 шақырымға жүгіретін топ бәйгешілер шықты. Бұл жарыста ақтөбелік шабандоз Алдияр Сансызбайдың «Мисис» атты тұлпары алдына жан салмады. Ал, Жамбыл облысынан келген Қазбек Әлібекұлының жүйрігі мәре сызығын екінші болып кесті. Үшінші орын Нұр-Сұлтаннан келген Ерхан Ырысбаевқа бұйырды. Ұлттық спорттың бұл түрінде алғашқы келген шабандоз 2 млн. теңгеге, тараздық өрен 1 млн. теңгеге ие болды.

Сонымен қатар, бұл сында жылыойлық Қасиет Арыстанбайдың жылқысы жүлделі 5-орыннан (200 мың теңге) көрінді. Осыдан соң «Дарабоз» турнирінің негізгі бәсекесі 25 шақырымдық аламан бәйгесі басталды. Әр айналымы үш шақырымнан тұратын сегіз жарым айналымдық додаға еліміздің әр тарапынан келген 12 жүйрік қатысты. Алғашқы екі айналымда батысқазақстандық «Толқын» деген сәйгүлік алда келсе, үшінші айналымның мәресінде оның жанында «Сүлікқара» деген жануар ойқастап бара жатты.

Ал, төртінші айналымда қиқу салған көрермен жаңағыларды Алматы облысынан келген «Керқұла» атты ағылшын айғырының басып озғанына бас шайқасты. Осылайша топ басына бірде «Толқын» шықса, бірінде бәйгенің басында «Бұйрық» кетіп бара жатты. Қорытындысында, соңғы сәтте желдей есіп осы топтың арасынан суырылып шыққан «Хантемір» атты жүйрік бірінші келді. Аттың иесі Алматы облысы Талғар ауданының тұрғыны Нұрболат Сүнетай 3 млн. теңгелік жүлденің иегері атанды.

Ал, сайыс бойы алдыңғы топта келген «Бұйрық» атты сәйгүліктің иесі қарағандылық Еркебұлан Елтайға екінші орынға берілетін 2 млн. теңгелік сертификат бұйырса, аты үшінші келген батысқазақстандық Бисұлтан Дареновқа 1 млн. теңгелік жүлде табысталды. «Дарабоз – 2019» аламаны аяқталысымен бәйге алаңында V Республикалық «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» бәйгесіне қатысатын 40 жүйрік сап түзеп, 51 шақырымдық аламанның басталғанын білдіретін дабыл қағылды.

Осылайша әр айналымы сегіз шақырымнан тұратын алты айналымдық сайысында Жетісу өңірінің атақты жүйріктері «Қоянқасқа», ағылшын тұқымды жирен бие бірінші болып кесті. Тұлпардың шабандозы Ғалымнұр Ноғайбек пен ат иесі Бердібек Мыханов 10 млн. теңгелік жүлде және «Алтын тұлпар» кубогын иеленді.

Ал, екінші келген «Шымшық» атты жеті жастағы будан торы биенің иесі тараздық Жасұлан Әбдібеков 5 млн. теңгелік сертификат иеленсе, үштікті түйіндеген «Дос» атты 5 жасар арабы торы айғырды жетектеп келген тағы бір тараздық Елдос Сұлтанбековке 2,5 млн. теңге табысталды. Осылармен қатар бұл сында мәре сызығына жеңімпаздарға ілесе келген алты тұлпарға да жүлде берілді.

Олардың қатарында 5-ші, 6-шы, 9-шы орындарды атыраулық жүйріктер иемденді. Аламан бәйгенің жеңімпаздарын «Nur Otan» партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов, Ұлттық спорт қауымдастығының бас хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов марапаттады.

Аламан сайысынан соң «Дарабоз – 2019» турниріндегі көкпар, аударыспақ, тазы жарыстарының ақтық сайыстары болды. Осылайша, көкпар сайысының финалында қос атыраулық команда кездесіп, «Нарын» құрамасы «МырзаАдай» командасынан басым болды.

Ал, аударыспақтың соңғы бәсекесінде ақтөбелік Арман Сағынбаев жамбылдық Абзал Сағынбаевты ұтты. Үшінші орын атыраулық Мейірбек Құсайыновқа бұйырды. Тазылар жарысында Ануар Дүйсәлиевтің тазылары жүйрік болды.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button