Жарнама
Жаңалықтар

Алтын қазық

Әйел затының бағзы заманнан жер бетіндегі ізгіліктің, нәзіктік пен кеңдіктің көрінісі болып келе жатқаны әмбеге аян жай. Ол, сондай-ақ, қалтқысыз көңілдің, жоғары адамгершілік пен қайырымдылықтың да өлшемі! Ерлік рухтың да адам баласына ана сүтімен даритынын ғылым дәлелдеген. Ендеше, Жаратқан иеміз пәни тірлікте адамзатқа жұғысты қылған ізгі қасиеттердің бәрін осы ана-әйел арқылы  қалыптастырып, сіңірген. Біз мұны күнделікті тірлігімізден әрдайым көріп те жүрміз. Тек соған жете мән бермейтініміз өкінішті-ақ.

%d2%b1%d0%bb%d0%b0%d2%93%d0%b0%d1%82

Қалай дегенде де, әйел – өмірдің гүлі, отбасының ұйытқысы, алтын қазығы! Осы бір ақиқат қағида тоқсан деген жастың төріне қадам басқан абзал ана, абыз әже Оқу Тоқбайқызына да тән десек, артық айт-қандығымыз емес. Пәни тір-ліктің ащысы мен тәттісін де татқан абыз ананың ғұмыры – өз алдына тірі тарих. Атам заманнан қалыптасып қалған қазақы тірлікті сыналамай-ақ, қақырата бұзған большевизмнің  жаңа күш ала бастаған кезі – 1926 жылы Гурьев қаласына таяу жердегі Холодильник деген елді мекенде  жарық дүние есігін ашқан Оқу сәбидің балалық шағы да әнебір шуақты бола қойған жоқ. Рас, сол кезеңнің балаларындай мектеп табалдырығын аттады. Бірақ, 7-ші сыныптан соң онымен қоштасты.  Бұл – Кеңестер Одағы үшін фин соғысы деп аталған Екінші дүние-жүзілік соғыстың белең алған шағы – 1940 жыл болатын. Фабрика-зауыттық оқудың алты айлық курсын тәмамдады.

Таң бозарып ата бастағаннан топ-тобымен балық комбинатына беттеп бара жататын жұмысшыларды күнде көретін Оқу да бала кезінен  осы өндіріс орнының «өзіне ғана тән иісін» сезініп өскен. Сондықтан да болар, сол кездің балаларының, жастарының, тылдағы барлық жандардың пешенесіне жазылған майданға көмектесу деген парызды басты қағидасы етіп, осы комбинатта еңбек етуді таңдады. Еңбек жолының осылайша басталуы сондықтан. Сөйтіп, 1942 жылы Гурьев балық консерві зауытының балық тұздау цехына өлшеуші болып жұмысқа араласқан сол кезде ол небәрі он алты жаста еді. Төрт жылдай осы жерде еңбек етті.

Өмір деген осы, заулап өтіп жатыр. Бәрі де күні кеше сияқты еді. Соғыс та аяқталды. Майдан көрген жауынгерлер елге орала бастады. Солардың бірі Қашқын Түгелбаев деген атпал азаматпен дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтерді. Дүниеге балалар келді. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Қашекең де біртіндеп қызмет дәрежесі өсіп, облыстық деңгейдегі құрылыс ұйымдарының басшысы болды. Өзі 1951 жылдан бастап сауда саласында 35 жылдай жұмыс жасап, зейнеткерлікке шықты.

– Құдайға шүкір, қазақшалап айтқанда, ұрпақтарым аяқ-қолымды жылы суға малып отыр. Ештеңеден таршылық көрген емеспін. Алайда, бүгінгі жас отбасыларындағы бала саны біреуден, әрі кеткенде екі-үштен аса алмай жүргені үйде отырған мені де алаңдатады. Көріп жүрміз ғой, еліміздің тарапынан жас отбасыларына тиісті қамқорлықтар жасалуда. Біз жас кезімізде бала босануға дейінгі және одан кейінгі декреттік демалыс дегенді білмедік. Үкіметтен бала тәрбиесі үшін көмек қаржы да алмадық. Соның өзінде елуінші, алпысыншы жылдары тек Қазақстанның өзінде бала туу көрсеткіші жоғары болды. Әйел затының бұл өмірдегі басты адами ұстанымы – дүниеге ұрпақ әкеліп, оны өсіру, белгілі бір әулеттің ұрпағын жалғастыру. Балалы үй – базар. «Әр баланың өзінің несібесі бар» дейді халқымыз. Олай болса әр отбасында дүниеге келген сәбилер саны неғұрлым көп болса тұтас мемлекетіміздің еңсесі де солғұрлым асқақтай түсетінін көзіқарақты жандар жақсы түсінеді деп білемін, – деп ой түйеді Оқу ана – Әулеттің өсіп-өнгені, үрім-бұтақтың көбейгені ата-бабадан жалғасқан жақсы дәстүр. Көп баланы дүниеге әкелген ата-ананың бақыты да бес елі. Мұндай отбасындағы бала тәрбиесі көп жағдайларда өзінен-өзі реттеліп отырады. Балалар менмен өзімшіл емес, керісінше көпшіл болып өседі. Алдыңғысы кейінгісінің артынан еруіне жәрдемдеседі, қол ұшын созады. Әсіресе, олардың бойында бауырмалдық қасиет басым болады. Балаларды еңбекке дағдыландыру тұрғысынан келгенде де көп балалы отбасылардың артықшылығы көп, – дейді әзиз ана, абзал әже Оқу Тоқбайқызы.

Талай жасты кәсіпке  шыңдауда парасатты ақылшы,  ағайын-тумаға  қамқоршы бола білген Оқу ананың еңбегі ескерусіз қалган жок.  1966 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен, 1977 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Әмәнда, адамзаттың ананы сыйлауы, табынуы – табиғи заңдылық. Біле-білсек, бұл құндылықтың түп-төркіні ықылым заманнан бері ұрпақ сабақтастығымен өзіндік жолын тауып отырған. Міне, сондай ұрпақтарының құрметіне бөленіп отырған абзал жандардың бірі – бүгінде 90 жасқа толып, немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған осы әңгімеміздің өзегі болып отырған Оқу апа. Ері Қашқын мен екі ұлы Ғалымтай мен Ғилымның, немересі Олжастың бақилыққа ертерек озғаны, әрине, жанына батты. Қайғырды. Дегенмен, қалғандарының барлығына, тірлігіне шүкіршілік етті. Үлкені Сағат бір үйдің, бір әулеттің Сағаты ғана емес, елдің Сағаты атанды. Жоғарғы Кеңестің депутаты, облыстың тұңғыш әкімі болған мемлекет қайраткері. Осындай перзент тәрбиелегенін мәртебе тұтатыны рас. Әрине, ана үшін балалардың бәрі бірдей.

Осы мақаланы әйел – ананың біздің өміріміздегі алатын орны туралы әңгімемен бастаған едік. Енді сол бағытпен қорытындылағанды жөн көрдік. Иә, әйел-ана– отбасының бақыты, сәні, дәулеті. Әйел ақылгөй дос, сырлас, бар ауыртпалығыңды жеңілдетеді. Көмек қолын созып, мейірімін төгетін де– сол әйел, ана, әже! Әйел – отаудың отанасы, барыңды баптайтын, жоғыңды табатын, пейілі кең, жаны жайсаң, ағайын-тумаға мейірімді шамшырақ. Әйел – өмірдің гүлі, отбасының ұйытқысы, алтын қазығы! Осы бір ақиқат қағида тоқсан деген жастың төріне қадам басқан абзал ана, абыз әже Оқу Тоқбайқызына да тән десек, артық айтқандығымыз емес. Пәни тірліктің ащысы мен тәттісін де татқан абыз ананың ғұмыры – өз алдына тірі тарих…

Төлеген БЕРІШБАЙ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button