«Алтын адам». Ол туралы пікір неге әртүрлі? (ФОТО)
«Алтын адам,
Алтын адам…
Адам жоқ!
Алтын қалған жарқыраған» — деп Мұқағали ақын жырға қосқан «Алтын адамдар» туралы айтылған ақиқат та, аңыз да көп.
Сонау 1970 жылдары тек Қазақстан үшін емес, төрткүл әлем үшін үлкен жаңалық болған «Алтын адамның» жұмбағы күні бүгінге дейін толық шешілмей келеді. Тарихшы ғалымдар, антропологтар мен археологтар «Алтын адамды» жан-жақты зерттеп жатқанымен, әлі де көпшіліктің көкейінде сұрақ жетерлік. Бұдан басқа «Алтын адамның саны қанша?», «Аралтөбедегі «Алтын адам» дегеніміз тек алтынға ұқсас жәдігер ме?» деген сауалдар да көп.
Осы сұрақтар төңірегінде ғалымдар мен сала мамандары не дейді екен?
Ол аңшы болуы мүмкін…
Сейілхан МИРАШ, облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары: Аралтөбе қорғаны Құлсары қаласының солтүстік-шығысынан 65 шақырым, Ақкиізтоғай ауылынан шығысқа қарай 25 шақырымда атақты Ақмешіттің оңтүстік-батысында орналасқан.
Ғылыми дәлелдемеге сәйкес, бұл алтын киімді адамның өмір сүру кезеңі екі мың жыл бұрынғы сарматтар дәуіріне жатады. Қазба жұмысы кезеңінде біздің дәуіріміздің 129 жылы деп тұжырымдалды.
Бұл қорғаннан алтын киімді адам мүрдесі 1999 жылғы тарих ғылымдарының докторы, археолог Зейнолла Самашев басқарған Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде табылды. Жерленген мүрде жанынан жүзден астам жебесі бар қорамсақ, үлкен қыш құмыра, темір қылыш кездесті.
Қорғаннан табылған алтын фрагменттерінен ер адамның киімі әшекейлі алтын жапсырмалармен безендірілгенін, шашын түйген байламшасы, жанындағы қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне шейін алтынмен апталып, әшекейленгені байқалады. Мұның өзі бұл адамның тайпа көсемі, қолбасшы немесе діни абыз адам болғанын дәлелдесе керек. Адам мүрделерінен басқа екі жылқы мен қыран құс қаңқалары табылуына қарап, құс ұстап, саятшылық жасаған аңшы да болуы мүмкін.
Қазақтың жеті қазынасымен байланысты
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, өлкетанушы: Обаның беті етегіне қарай көлбеулетіліп, қабыршақты сауыт тектес қылып, қалақ таспен түгелдей жабылған. Күн шапақты обаның солтүстік жағынан қалақ тастарды көлденең салып, тас дуалға кіру жолы соғылған. Обаның ортасында аса күшті және ұзақ жағылған оттың ізі сақталған ошақ бар. Сарматтар отқа табынушылар болған және оттың тазалағыш күшіне қатты сенген.
Аралтөбе обасынан табылған көне дәуір сармат абызының көрханасынан: қазан-ошақ мүліктерінің, бүркіт құстың, иттің, жылқының және әйел адамның сұлбаларының табылуы, қазақ ұлты мен басқа да түріктілдес халықтардың ежелгі заманнан бері «жеті қазына» деп ерекше мән мен мағына беріп, қасиет тұтатын түсінігіне арқау болып тұрған жоқ па дерсің?! Олай болса, «жеті қазына» атауы мен түсінігі өзінің түпкі тамырын сонау екінші мыңжылдықтың арғы жағынан алады демеске лаж жоқ. Салыстырып қарасаңыз, қазақтың түсінігіндегі жеті қазынаға ер жігіт, сұлу әйел, жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, қазан-ошақ, алмас қылыш жатады.
Осыны ескерсек, Аралтөбе обасынан соның жетеуінің де табылып отырғанын кездейсоқтық деп ойлауға бола ма?
Зейнолла САМАШЕВ, археолог, тарих ғылымдарының докторы: Біздің елімізде тоналмаған күйінде бір ғана алтын киімді адам Есік қорғанынан табылды. Ол – ханзаданың мүрдесі. Ал, қалған өңірлерден табылып жатқан осыған ұқсас жәдігерлерді «Алтын адам» деуге келмейді. Жалпы алғанда, «Алтын адам» ұғымын журналистер, жазушылар шығарып алған. Расында, алтын тек сол дәуірде өмір сүрген адамның киімінің етек, жеңінің ұшында жапсырылған. Мәселен, Аралтөбеден табылған алтын киімді адамның мүрдесі заттары тоналған күйінде табылды. Алтын киімді адам оба тоналмаған күйде, қалай көмілді, солай табылғаны абзал. Екіншіден, табылған мүрденің әлеуметтік дәрежесі хан, қаған, патша дәрежесінде болуы шарт. Сондықтан, обалардан табылған адам мүрдесінің бәрін жаппай «Алтын адам» дей беруге келмес. Киім киісіне, пайдаланған заттарына қарап, аумақты мекендеуіне байланысты қай дәуірдің адамдары екенін анықтауға болар.
Аралтөбеден табылған сарматтар дәуіріне жататын адамның мүрдесін Ресейге де, өзге шетелге де апармай-ақ, сол кезеңдегі пайдаланған заттарын негізге ала отырып, өзім реконструкциялап, сарматтық киім үлгісіне сәйкестендіріп жасаған едім.
…саны қанша?
Ғалымдар «қазақ жерінде алтын адамға ұқсас қорымдардың саны 40-қа жуық болуы керек» деп болжайды. Бірақ, қазақ даласындағы талай аласапыран уақыттарда олардың көбі тоналып, жойылып кеткен екен. Бүгінде Қазақстанның әр өңірінен, айталық, Шілікті, Талды, Аралтөбе секілді қорымдардан табылған «Алтын адамға» ұқсас жәдігерлердің саны алтыға жеткен. Алайда, археолог ғалымдар, тарихшылар бұл жәдігерлерді «екінші, үшінші Алтын адам» деп айтуға болмайтынын ескертеді.
…түпнұсқасы қайда?
«Алтын адамды» зерттеп жүрген ғалымдардың біразы оның қаңқасы жоғалып кеткенін айтады. Кейбіреулер «Алтын адамның» қаңқасын зерттеу үшін Ресейге апарып, сол жақтан қайтарылмады» деген де болжамдар жасаған болатын. Ал, Аралтөбеден табылған «Алтын адамның» түпнұсқасын сұрап, белгілі археолог Зейнолла Самашевқа хабарласқанымызда, ол Аралтөбеден табылған сарматтар дәуіріне жататын алтын киімді адамның түпнұсқасы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор бөлімінде сақтаулы тұрғанын айтты.
Қалай болғанда да, «Алтын адамның» Алаш баласына сыйлаған ең үлкен сыйы ұлттық рухты көтеруі еді. Тәуелсіз Қазақ елінің символына айналған «Алтын адамдар» туралы айтылған сөз қанша көп болса, болашақта да айтылар сөздер, тексерулер мен зерттеулер, таңырқаулар мен тамсанулар одан да көп болмақ. Сондықтан, «Алтын адам» деген атаудан қашудың еш қателігі жоқ секілді.
Бұл күндері «Алтын адамдар» Ұлы даламыздың төрт бұрышынан жиілеп табылуын жақсылықтың нышаны деп жорыған абзал.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА