«АЛТАЙ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ АЛТЫН БЕСІГІ»

Сәрсенбі күні Президент жанындағы Қазақстанның Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте ел өміріндегі маңызды мәдени шара - 26-27 тамыз аралығында Шығыс Қазақстанда ұйымдастырылатын «Алтай - Түркі әлемінің алтын бесігі» ІІ халықаралық форумы туралы әңгіме болды.
Айтулы шараға дайындық, оның ерекшелігі хақында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар баяндап берді.
Әлемдік деңгейдегі алыс және жақын шетелдік түркітанушылар қатынасатын форум Қазақстанда осындай кең ауқымда алғаш рет өткелі отыр. Шараға дүние жүзінің 12 елінен өкілдер келеді. Сондықтан, оған қоғамның назары ерекше ауған. 

 – Биыл біз «Халық тарих толқынында» бағдарламасына сәйкес, бұл форумның аясын кеңейтіп отырмыз. Оған 20-дан астам елдің өкілдері қатысады деп күтілуде. Сонау Еуропа мемлекеттерінен, яғни Венгрия, Нидерланды елдерінен ғалымдар қызығушылық танытып, зерттеу жұмыстарына атсалысуға ниетті. Мұның өзі осы форумның өзекті екенін байқатып отыр. Ал, іс-шараның басты мақсаты – Шығыс Қазақстанның мәдени құндылықтарын насихаттау және облыс аумағында мәдени туризмді дамыту үшін инвестиция тарту, – деді Ж.Омар.
Журналистер форумға ТЮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркияның еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Лале Улькер, Жапонияның төтенше және өкілетті елшісі Харад Юдзо, Корей республикасы елшілігінің консулы Квон Донг-Сок және Қазақстандағы Ресей Федерациясы елшілігі істеріндегі уақытша сенімді өкілі Сергей Тарасенко қатынасатынын естіп білді.
Ел назарының Алтайға аууы бекер емес. Үздіксіз жүргізілген ғылыми зерттеулер Алтай Қиыр Шығыстан Еуропаға дейінгі аралықты мекендейтін сан алуан халықтардың атамекені екенін көрсетті. Берел қорғанындағы қазба жұмыстары адам өркениетінің ең ежелгі қоныстары осында орналасқанын тағы бір айшықтай түсті. Сондықтан, Шығыс Қазақстан түркі мәдениетінің жұрнағын қорғаушы өлке саналады.
Халықаралық форуммен қатар, 17-27 тамыз аралығында ШҚО әкімдігі мен ТҮРКСОЙ Қазақстанда алғаш рет ТҮРКСОЙ VIII халықаралық фотосуретшілер зертханасын өткізуде. Шараға Ресей, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан, Башқұртстан, Тува республикаларының өкілдері қатысып жатыр.
27 тамызда Қатонқарағай ауданы Берел мұражайының маңында құрылған киіз үй қалашығында «Алтай – алтын бесігім» атты түркітілдес халықтардың халықаралық дәстүрлі музыкалық фестивалі өтетінін де айта кетейік.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз