Алкомаркет жабылады: атыраулық кәсіпкер тұрғындар өтінішімен ішімдік маркетін азық дүкеніне айналдыратын болды
«Енді Атырау қаласындағы Геолог мөлтекауданындағы алкомаркеттің орнында азық — түлік дүкені болады» деп хабарлайды Atr.kz
Бұл туралы атыраулық белсенді Олжас Сұлтанов «Фейсбук» желісіндегі жеке парақшасында жария етті.
Кәсіпкерге өтінішті қайырымдылық мақсатта 70 атыраулық отбасына тұрақты көмек көрсетіп келе жатқан Геолог мөлтекауданының тұрғындары айтқан. Тұрғындардың пікірінше, ішімдік көптеген отбасылардың шаңырағының шайқалуына себеп болып отыр.
«Талай бала жетім қалып, отбасылар ажырасуда. Түрлі зомбылықтардың себебі де осы ішімдік болып отыр. Сондықтан, арақ-шараппен емес, бизнесті басқа бағытқа бұруды ұсынамыз. Жиһаз жасайтын болсаңыз да, азық-түлік сататын болсаңыз да тұрақты түрде тұтынушыңыз болып, басқа да көмектер беруге дайынбыз» деді тұрғындар.
«Кәсіпкер тұрғындардың өтінішін қабыл алды. Енді, алкомаркеттің орнында азық-түлік бағытындағы дүкен жұмыс істейтін болады. Тұрғындар кәсіпкерді жан-жақты қолдауға уәде берді» деп жазды қоғамдық белсенді Олжас Сұлтанов.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА