Алимұхаммед ҚҰТТҰМҰРАТҰЛЫ: «Басты 11 көше кеңейтіліп, 100 шақырымға жуық жол салынады»
Atr. kz / 13 – ақпан. Биыл Атырауда 100 шақырымға жуық жол салынады. Бұған қоса ұзындығы 71 шақырым болатын 141 көшеге жол құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Бұл туралы бүгін тұрғындар алдында есеп беріп жатқан Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы айтты.
Тағы бір жаңалық, 205 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге ашық электронды конкурсқа өтініш берілді. Жоба құрылысының жалпы ұзындығы 207 шақырымды құрайды.
«2018 жылы Баймұханов, Тайманов, Владимирский көшелері қайта жаңғыртудан өткізіліп, кеңейту кезінде заманауи үлгідегі 23 дана автобус аялдамасы орнатылды. Владимирский — Құрманғазы, Владимирский -Ғұмаров, Владимирский — Сәтпаев, Сәтпаев — Ерниязов, Сәтпаев — Тайманов көшелерінде автокөлік құралдарының қозғалысы ағынын азайту мақсатында «оң жақ бұрылыс» жолы төселді. Енді қаладағы басты 11 көшені және қала аумағына қарасты Атырау — Индер автожолының 10 шақырым бөлігін қайта жаңғыртып, кеңейтуді жоспарлап отырмыз» деп нақтылады спикер Алимұхаммед Құттұмұратұлы.
Атырау қаласының әкімі биыл Береке ықшам ауданындағы жол қозғалысын реттеу, көлік кептелісін азайту мақсатында жол айрығы құрылысы жүргізілетінін де атап өтті.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА.
2018 жылы Атырауда және қала аумағына қарасты елдімекендерде жалпы ұзындығы 200,9 шақырым болатын 268 көшеге тас жол төселді.