ӘЛИДІҢ ЕКІНШІ ӨМІРІ

Күнделікті күйбең тірлікте қауіп-қатердің қайдан келеді дерің бар ма? Өткен жылғы желтоқсанның 7-сі күні кешқұрым аққыстаулық Серікқали  Ателұлының отбасы әп-сәтте абыр-сабыр күй кешті де қалды. Олар тұратын екі қатарлы үйдің екінші қабатындағы терезеден сегіз жасар немересі Әли абайсызда құлап кетеді...   

Жерге қарай құлдилай құлаған бала үй жанында қағулы тұрған жуандығы бармақтай темір арматураға шаншылып қалады. Арматура баланың сол жақ жауырынынан қадалып, төс сүйегінен бір-ақ шығады. Қансырап жатқан Әлиді көрген жеңгесі Құралай көп ойланбастан «жедел жәрдем» шақыртады. Шұғыл жеткен дәрігерлер мән-жайды тез бағамдайды. Байланыс пунктіне хабарласады. Сөйтіп, ол көрсетілген мекен-жайға құтқарушылардың жедел жетуін тез өтінеді. 

Төтенше жағдайда жұмыс істеуге бейімделген аудандық №6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, сержант Берікбол Төлегенов әріптесімен тез жетіп, Әлидің денесін тесіп шыққан темір арматураны «болгаркамен» екі жағынан 30 сантиметрден қалдырып кеседі де, баланы дереу   ауруханаға жеткізеді. Осы аралықта жергілікті дәрігерлер жағдайдың қиындығын ескеріп, облыс орталығынан көмек сұраған екен.

 

Мұракелді есімді жігіт Әлидің денесіне қадалған арматураны «болгаркамен» тағы да қысқартыңқырап кеседі. Ал, дәрігерлер ота жасауға шұғыл дайындалады. Атыраудан санитарлық авиациямен жеткен облыстық балалар ауруханасының ота жасау бөлімшесінің меңгерушісі Гүлмира Мерғазиева мен реаниматолог-анестезиолог Ғалым Ембергенов, аудандық аурухана дәрігерлері Рашадин Әбдіғали, Сәуле Қайрденова, Жеңісбек Әбежанов және медбикелер Дариға Мұхамбетқалиева, Гүлмаржан Құрмашевалар өмір мен өлім ортасында жатқан Әлиді ажал аузынан арашалауға кіріседі. Осылайша ұзаққа созылған күрделі ота сәтті аяқталады. Бұл – Гиппократ антына адал, өз істеріне мығым мамандардың біліктілігі мен кәсіби шеберліктерінің арқасы.  

-Немереміздің денсаулығы қазір қалыпқа келді. Жарасы бітігіп, сабағына барып жүр. Мүмкін, сәбидің періштесі қаққан шығар. Өмір мен өлімнің арасындағы арпалыста жеңіске жеткен дәрігерлер алдында басымызды иеміз. Ауруханада жатып, тиісті ем-домын алып, отбасымен қайта қауышқан немереме екінші өмір сыйлаушы Гүлмира Төреханқызына, Ғалым Қабылбекұлына, Рашадин Көнебайұлына, Сәуле Мұратқызына, Жеңісбек Қадырбекұлына, Дариға мен Гүлмаржанға, құтқаруға келген жігіттерге, қабақтарын шытпай, қызмет еткен бөлімшенің басқа да медбикелеріне айтар алғысымыз шексіз. Күн демей, түн демей, адам денсаулығының қырағы күзетінде жүрген оларға мықты денсаулық, отбастарына амандық, адам жаны үшін арашаға түсудегі еңбектеріне табыс тілейміз! – дейді отбасы атынан ризашылығын газет арқылы жеткізуді жөн көрген  Әлидің ата-әжесі Серікқали мен Зәуре. 

Бақытжан ЖҰМАТ,
Исатай ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз