Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

АЛҒАШҚЫ АМБУЛИФТ АТЫРАУДА АШЫЛДЫ

Аtr.kz/15 мамыр, 2019 жыл. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы жағдай жасайды.

Атырау әуежайына арбаға таңылған жандарды ұшаққа мінгізіп, түсіретін амбулаторлы жедел саты алынды. Сейсенбі күні жаңа қондырғының жұмысы журналистерге таныстырылды.

«Бұрын жедел сатының жоқтығынан түрлі қиындықтар туындап жататын. Қазір осы мәселе шешімін тауып, жолаушыларға да, әуежай қызметкерлеріне де ыңғайлы жағдай жасалып отыр» дейді «АТМА-Атырау аэропорт және тасымалдау» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Смағұлов.

Өткен жылдың қараша айында «АТМА-Атырау аэропорт және тасымалдау» және «Автомобильный завод «ГЕВ» акционерлік қоғамдары келісімшарт жасасқан болатын. Соның негізінде ресейлік компания «Чайка-Сервис» 4784FW маркілі амбулаторлы жеделсаты жасап шығарды. «Хюндай-78» автокөлігінің негізінде құрастырылған қондырғының ерекшелігі көп. Оның бір тонна салмақты 1,5-ден бастап 6 метрге дейін көтеретін мүмкіндігі бар. Кез келген ұшаққа ыңғайлы етіп жасалған. Тиісті талаптарға да жауап береді.

– Бұл Атырауға келген алғашқы арнайы техника. Ол ұшаққа бір уақытта мүмкіндігі шектеулі үш адамды мінгізуге мүмкіндік береді. Әрине, оған көмекші адамдар жәрдемдеседі, — дейді «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма директоры Нұрлан Каппазов.

Амбулаторлы жедел саты «Атырау» ӘКК бастамасымен алынып отыр. Оған қажетті 50 млн. теңгеге жуық қаржыны «АТМА-Атырау аэропорт және тасымалдау» АҚ-ы бөліпті. Жаңа қондырғы мүгедек жандарды әуежайдағы тіркеуден бастап әуе көлігіне дейін және кері әкеледі. Барлық жұмыс әуежай қызметкерлерінің көмегімен жүзеге асады. Қазір авиакомпанияларға «Атырау» әуежайына арнайы амбулифтінің алынғаны туралы ақпарат жіберілген. Айта кетейік, Атырау қаласында 800-ден астам мүмкіндігі шектеулі адам тіркелсе, соның 500-і арбаға таңылған.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button