ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ АЙҚЫН БАҒДАРЫ

Жаңалықтар

Әрбір ауыл тұрғындарымен жүздесу кезінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің «…Елмен де, жермен де өміріміз біте қайнасып жатыр. Ауылдық округтерге шыққан екенсіңдер, халықтың көңіл-күйлері мен  хал-ахуалын, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді, ой-пікір, ұсыныстарын да зерделеп, біле келгендерің абзал» деп тапсырғанын қаперге беріп отырған керуенбасы Қойшығұл Өмірұлы өздерінің бетке ұстап келген бағыты мен мақсаты Жолдаудың өзекті бір саласы – отбасы, әлеуметтік мәселелер екенін айтты.

Мемлекет жалпы өсіп-өнудің және халықтың табиғи өсімінің деңгейін көтеру мақсатында отбасыларға әлеуметтік қолдау, балалардың дамуы үшін қажетті жағдайлар жасау шараларын қабылдады. Бірінші кезекте, бұл баланың тууына байланысты біржолғы, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты, аз қамтылған отбасылардағы он сегіз жасқа дейінгі балаларға үш есе және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдарға жәрдемақы тағайындау болып табылады. Мәселен, бала тууына байланысты жәрдемақы алғаш енгізілген кездегімен салыстырғанда орта есеппен бес, бала күтімі жөніндегі жәрдемақы үш есе артты. Ал, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілген кезден бастап 330,5 млрд. астам теңге әлеуметтік сақтандырудың қатысушыларына, яғни, еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан, жұмысынан айырылғанына, жүктілігіне, босануына және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерге бағытталды.

Бұлардың бәрі соңғы жылдары туған балалар санының тұрақты өсу тенденциясын тудырғаны байқалады. Мысалға, он жыл бұрын республика бойынша 250 мыңнан астам бала туса, 2009 жылы 360 мыңдай, ал, 2013 жылы туған нәрестелердің саны 400 мыңнан асты. Екі мыңнан астам отбасы төрт және одан да көп бала асырайды.

Қараарна, Жем, Қосшағыл, Ақкиізтоғай ауылдық округтерінде және Жаңа Қаратон кентінде өткен кездесулерде тұрғындар «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының  үш бағытын ықылас қоя тыңдады. Бұны аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Қайрат Омаров түсіндірді. Бірінші бағыты – инфрақұрылымдарды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту;  екінші бағыты – кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру; үшінші бағыты – жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналастыру. Ол, сондай-ақ, өздерінде бизнес жоспары барын, келіп, кеңес алуға болатындығын қаперге берді.

Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі директорының өндірістік оқу жөніндегі орынбасары Гүлнар Әділованың сөзі, әсіресе, жоғарғы сынып шәкірттерінің қызығушылығын тудырды. Оқу орнында 307 студент алты мамандық бойынша дәріс алу үстінде. Биылғы оқу жылына 80 оқушы қабылданған екен. Шетелдік және жергілікті мекемелермен келісім-шартқа отырған бұл оқу орнында өзі қалаған  мамандығын алған түлектерді жұмысқа орналастыруға да мол мүмкіндік бар екен. Оқу тегін, шәкіртақы айына – 12 мың теңге. Оқуға алдымен жетім, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, ата-анасы мүгедек оқушылар қабылданатыны да назар аударады. Жетім студенттерге шәкіртақыны қоса есептегенде тиесілі теңге – 34 мың.

Керуенбасы Қойшығұл Өмірұлы әрбір елді мекенде болған кездерінде су, газ, жол, спорт кешені тақырыптарына және жас ұрпақ тәрбиесіне жиі әңгіме қозғап отырды.  Мәселен, Шоқпартоғайда спорт кешені және келіп-кетіп емделетін емхана (амбулатория) құрылысы салынып жатқаны мерейлендірсе, мал дәрігерінің жоқтығы және математика пәні мұғаліміне зәрулік ойландырып-ақ тастады. Осы село және Ақкиізтоғайдың қалаға қатынайтын жолдарының сын көтергісіз жағдайлары, Майкөмгенге спорт залының аса қажеттігі айтылды. Майкөмгендік зейнеткерлер Кеңес Басжанов мал терісі мен жүні рәсуа болып жатқанын, Үбіш Әбдірахман «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру кешеуілдегенін, мектеп директоры Рита Рақымжанқызы үш жүз орындық білім ордасын салу ұсынысын алға тартты.

Сонымен қатар Қосшағыл, Жаңа Қаратон тұрғындарымен кездесулерде сөйлегендер кешегі аға буын мұнайшылардың ұрпақтарының бірқатары жұмыссыздар қатарында екендігін, Теңіз кенішіндегі компанияларға қызметке тұруға құзырлы орындар мүмкіндіктер қарастырса, ықпал етсе деген өтініш -тілектерін жиі қозғады.

Қаржау Оразбаев,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған