Жарнама
Жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР – ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ

Мақат ауданында да біраз шаруа тындырылды. Жақында осында болған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев сол атқарылған жұмыстармен танысты.
Бұған дейін Доссор мұнай-газ өндіру басқармасының қорында болған кейбір әлеуметтік нысандар бүгінде иесіздік күйін кешіп отыр. Аудандағы қос мұнайшылар мекемесі қосылып, «қара алтын» өндірушілер Мақатқа қоныс аударған соң бұларға қарайтын адам қалмаған тәрізді. Сондықтан, Ғұмар Исламұлы мұнайшылардан осы объектілердің мүлкін түгендеп, жөндеу жүргізу керектігін айтты.
Рас, талай мықты спортшыларды дайындаған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі жаттықтырушылардың күшімен тым-тәуір жұмыс жасауда. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев оларға сәттілік тіледі.
Өткен ғасырдың орта шенінде пайдалануға берілген Доссордағы О.Сарғұнанов атындағы орта мектеп әбден тозған. Оның орнына 300 орындық жаңа білім ордасын тұрғызу жоспарланған, оның жобалау-сметалық құжаттары да жасақталған. Алайда, құрылыс жұмыстары басталғанша мектеп ұжымы өз күшімен ескі ғимаратты кәдеге жаратып отыр. С.Шәріпов атындағы 350 орындық білім ошағының алдағы оқу жылы мен қысқа дайындығы да назардан тыс қалмады.
Мақатта жеке кәсіпкердің қаражатына салынған «Әсел» балабақшасы бар. Өткен жылғы маусымда есігін ашқан оған келушілер де көп. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған нысанның қазіргі жағдайы тіпті де жаман емес. Әр бүлдіршінге төленетін төлем де мемлекеттік балабақшалардағы белгіленген мөлшермен тең.
Бүгінде ауданда 1500 шамасында кәсіпкер бар. Халыққа қолжетімді бағамен тауарын ұсынып отырған «Инабат» сауда орны, он түрлі ұн өнімдерін шығаратын нан комбинаты жұртшылық сұранысын қамтып отыр.
Рас, осындағы балалардың саз мектебі біраз жылдан бері жөнделмеген. Арнайы сахналық киімдер де керек. Бұл да — облыс басшылығының араласуымен шешілетін шаруа. Қазір мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамтуда әр балаға 110 теңге есептелген болса, алдағы уақытта ол 300 теңгеге көтерілмек. Демек, шәкірттерді тамақтандыру мөлшері де, сапасы да артпақ.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың мұнайлы мекенге сапары барысында өзге де түйткілді проблемалар сөз болды.

Лена НҰРБАЕВА,
Мақат ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button