Жарнама
Жаңалықтар

Әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссия отырысы өтті

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен жиынға комиссия мүшелері, басқарма басшылары, «Теңізшевройл» ЖШС өкілі және қала,аудан әкімдері селекторлық режимде қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Күн тәртібінде:

-Міндетті әлеуметтік төлемдер, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне тіркеу және білім саласында ұстаздарға жәрдемақы төлеу;

-«Теңізшевройл» ЖШС-нің мердігер компанияларынан қызметкерлердің босатылуы және оларды жұмысқа орналастыру;

-Энергетика саласындағы еңбек заңнамасында, келісімдер мен ұжымдық шарттарда белгіленген талаптардың сақталуы туралы туралы;

-Индер аудандық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссияның жұмыстары туралы мәселелер қаралды.

Алдымен облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров баяндама жасады. Оның айтуынша облыс бойынша  еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу деңгейі  82,4 % құрайды.

— Бүгінгі таңда, Министрліктің мәліметіне сәйкес, Атырау қаласында 455 мекемеде 28998 еңбек шарты, Жылыой ауданында 25 мекеме 3869 еңбек шарты, Индер ауданында 18 мекеме 213 еңбек шарты, Исатай ауданында 17 мекеме 276 еңбек шарты, Мақат ауданында 15 мекеме 117 еңбек шарты, Махамбет ауданында 12 мекеме 358 еңбек шарты, Қызылқоға ауданында 11 мекеме 75 еңбек шарты, Құрманғазы ауданында 11 мекемедегі 478 еңбек шарты бірыңғай жүйеге тіркелмеген. Атап өткендей 2022 жыл қорытындысымен 85 % жету үшін басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері үкімет тапсырмасын жеке бақылауға алып, көрсеткішті орындау мақсатында барлық салалық басқарма мен бөлім басшыларына тиісті тапсырма беру қажет,-деді И.Әубәкіров.

Ал күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Теңізшевройл» ЖШС-нің Күрделі жобалар жөніндегі бас менеджердің орынбасары Ербол Жұмағазиев баяндама жасады. Оның мәліметіне сүйенсек, ККЖ-ҰЕҚБЖ қызметкерлерін жоспарлы босату жұмыс көлемінің аяқталуына қарай жүзеге асырылады. 2022 жылғы қараша-желтоқсан айларына жасалған болжамда 6 159 адам жұмыстан босатылып, 753 адам басқа жұмысқа ауыстырылады.

— 2022 жылғы тамыз айында жобадан босатылатын қызметкерлерге қолдау көрсету жөніндегі Атырау облысы әкімдігінің сұранысы бойынша қысқа мерзімді арнайы оқыту курстары іске қосылып, ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасынан босатылған 81 адам қысқа мерзімді арнайы оқыту курстарын тәмамдады. Бүгінгі таңда, базалық деңгей бойынша оқытудың алғашқы кезеңін аяқтаған түлектердің ішінен 64-і жұмысқа орналасты,-деді Е.Жұмағазиев.

«Атырау облысы кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Еділ Ұзақбай энергетика саласындағы қызметкерлердің жалақысын арттыру туралы баяндама жасады.

— Электрмен жабдықтау қызметтеріне баға белгілеу ҚР монополияға қарсы заңнамасымен реттелетіні белгілі. Жалақыны мен тарифті көтеруге мәселесі бойынша ҚР Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 31 қазандағы № 78 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, «Атырау Жарық» ЖШС тарифтерді көтеруге өтінімді 2023 жылы бере алады. Осыдан кейін ғана жалақыны көтеру мәселесін шешуге болады,-деді Е.Ұзақбай

Сондай-ақ үш жақты комиссия отырысында облысқа қарасты бір ауданның мәселесі де зерделенеді. Бұл жолы Индер ауданының әлеуметтік-экономикалық даму проблемасы қаралды. Жиында баяндама жасаған Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, «Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты мекемелерден аудан бойынша 10 айда 480 азамат босатылып, жұмыссыздар есебіне 284-і тіркелген.

— Оның ішінде күні бүгінге 103-і тұрақты, 1 адам «Жастар практикасымен» жұмысқа орналасты. Қайта даярлау курстарына 12 адам жіберіліп, 168 адам әлеуметтік төлемге өтініш тастады. 196 адам жалақысы жоғары жұмыс көзін іздеп жатқаны жөнінде хабар айтты. Алайда бөлім қызметкерлері осы хабарласпаған 196 адамның резюмелерін облыстан түскен бос жұмыс орындарына жеткізуде,-деді Д.Шамұратов.

Серік Шәпкенов өз кезегінде мемлекеттік мекемелердегі еңбек келісімшартын жүйелеуді, қызметкерлерге әлеуметтік аударымды уақытылы жүргізу қажеттігін айтты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button