Әлемге әйгілі «The Washington Times» басылымы Қазақстан туралы не жазды?
Аtr.kz/16 мамыр, 2019 жыл. «The Washington Times» басылымы Қазақстан экономикасының қарқынды өсіп жатқаны туралы мақала жариялады. Онда елімізде білім деңгейі мен сыртқы инвестиция көрсеткіші өте жоғары екені жазылған.
«Қазақстан АҚШ үшін Еуразия жүрегіндегі ең маңызды мемлекеттердің бірі. Қазақстан — ірі мұнай өндіруші мемлекет. Ресей мен Қытай арасында орналасқан Қазақстан теңізге тіке шыға алмайтын ең үлкен мемлекеттердің бірі. Сонымен қатар Қазақстанның аумағы мен экономикасы Орталық Азия мемлекеттерінің барлығын бірге алғаннан да үлкен. Қазақстан АҚШ, Қытай, Еуроодақ, Ресей мен Орталық Азия мемлекеттермен жақсы сауда қатынасын орнатқан», деп жазады басылым.
Сонымен қатар, мақалада тәуелсіздік алғаннан кейіні соңғы отыз жылда Қазақстан экономикасы бес есе өскені айтылады.
«2000-2010 жылдар аралығында мемлекет экономикасының өсімі өте жоғары болды. Ал алдағы бес жылда экономика 4 пайыз жылдамдықпен өсіп отырады деген болжам бар. Қазақстанның сыртқы қарызы Ішкі жалпы өнімнің он пайызынан төмен, ал алтын қоры 100 млрд доллардан асады. Қазақстанда тікелей шетел инвестициясы мен білім көрсеткіші, сонымен қатар жан басына шаққандағы табыс көрсеткіші өте жоғары деңгейде.
Сондай-ақ, Қазақстан Экономикалық тәуелсіз халықаралық индексінде топ 40 мемлекет қатарына кіреді. Яғни, бұл мемлекет жаһандық бәсекеге қабілеттілігі, бизнеске қолайлығы мен жаһандық кәсіпкерлік пен адам дамуына жақсы жағдай жасаған», — делінген мақалада.