Әлемдік қауымдастық «Жусан» гуманитарлық операциясын теңдессіз шара ретінде бағалады
Atr.kz/5 ақпан, 2020 жыл. Қазақстан өз азаматтарын Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар аймағынан елге қайтару және оларды қоғамға қайта бейімдеу тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» .
Сейсенбі күні Еуропа Парламентінде «Қазақстан тәжірибесі: Сириядағы содырлардың отбасыларын елге қайтару» атты тақырыпта конференция өтіп, онда еліміздің сарапшылары «Жусан» гуманитарлық операциясы туралы баяндады.
Франция еуропарламентінің өкілі Тьерри Марианидің қолдауымен ұйымдастырылған шараға Еуропа Парламентінің өкілдері, сарапшылар, Еурокомиссия қызметкерлері, дипломатиялық корпус пен үкіметтік емес ұйымдардың және журналистер қауымдастығының өкілдері қатысты. Сириядағы терроризммен күрестегі басты нәтиже осы елге шет мемлекеттерден барған содырлардың өз елдеріне қайтарылуы болып табылады.
«Магриб түрмелерінде (Мысырдан батысқа қарай орналасқан Солтүстік Африкадағы мемлекет) біздің көптеген азаматтарымыз жатыр. Біз Қазақстанның репатриация бағытындағы тәжірибесін үйренсек деп едік»,-деді Тьерри Мариани.
Еуропа Парламентінің депутаты бұл елде өз отандастарын Сирия мен Ирактан қайтару ісіне деген көзқарастары басқаша екенін айтты. «Бұл мәселеге қатысты Еуропаның әр мемлекетінің өз көзқарасы бар», — дейді ол.
«Франция да бұл проблемаға аса сақтықпен қарайды. Еуроодақтың көптеген мемлекеттері балаларды есептемегенде өз азаматтарын елге қайтару ісінде аса белсенді емес», — деді Мариани.
Өз кезегінде Қазақстанның Бельгиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Айгүл Құспан әлемдік қауымдастықтың «Жусан» гуманитарлық операциясын теңдессіз шара ретінде бағалағандығын айтты.
«Жақында ғана Қазақстанда сапармен болған АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Қазақстаның бұл бағытта көшбасшы болып отырғандығын айтып, оң бағасын берді.
БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде де біздің тәжірибемізді жақсы бағалады»,-деген пікірімен бөлісті қазақстандық дипломат.
Конференцияда сөз сөйлеген Антитеррористік орталық жетекшісінің орынбасары Сергей Швейкин Сирияның әскери қақтығыс болып жатқан аймақтарындағы қазақстандықтарды сәйкестендіру, эвакуациялау және бейімдеу шаралары туралы айтып берді.
Ол «Операцияның гуманитарлық мақсаты орындалды. Отандастырымыз елген оралған соң жаңа өмір бастау мүмкіндігін алды, ал олардың ұрпақтары бейбіт елде тіршілік етуде»,-деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтірді.
Оның сөзінше, өз отандастарын елге қайтару бойынша еліміздің тәжірибесі халықаралық терроризммен күрес практикасына қосылған елеулі үлес болып отыр.
«Бұл тәжірибе қазір проблемалық аспектілерімен бірге тиімді әдістеме дайындап, тәжірибе жинақтау үшін мұқият зерттелуде. Бұл жұмысқа мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар да тартылған»,-деп қосты ол.
«Терроризммен күресте күш біріктірудің маңызды екенін ескере отырып, біз бұдан әрі де тиімді тәжірибелермен алмасуға дайын екенімізді айтқым келеді»,-деді Швейкин еуропалықтарға қарата айтқан сөзінде.
Конференция барысында «Жусан» операциясы аясында елге оралған Сабинелла Аязбаева да сөз сөйледі. Қалың көпшілік оның бес баласымен бірген Сирияда өткізген күндері туралы әңгімесін ұйып тыңдады.
Террористердің әділетсіздігі, қаталдығы мен адами қасиеттерден жұрдай әрекеттері туралы әсерлі әңгімеден соң залда отырғандар мен Сабинелланың өзі де еріксізден көзіне жас алды. Спикерлердің сөздері жиналғандарды айтарлықтай қызықтырды десе болады. Аудиторияны әсіресе балалар мен әйелдерді бейімдеу, содырларды радикалсыздандыру, олардың кінәларын растайтын дәлелдер мен еліміздің интернеттегі заңсыз контентпен күрес бағытындағы тәжірибесі қызықтырды.
Конференцияның соңында жиынға қатысушылар қазақстандық тараптың кешенді оңалту жұмыстарын жоғары бағалады.
Қалың көпшілік әскери қақтығыстар аймағынан адамдарды эвакуациялау бойынша еліміздің тәжірибесін үйренудің пайдалы екендігін айтты.
Тимур ДҮЙСЕКЕЕВ