Алдағы жарты жылда ауа райы қалай өзгереді?
Atr.kz/ 10 сәуір, 2019 жыл. Синоптиктер алдағы жарты жылға болжам жасады.
«Қазгидромет» орталығының мамандары алдағы жарты жылға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Сәуір айында ауа райы құбылмалы болады. Айдың ортасына қарай орталық өңірлерде батыс және оңтүстік циклондардың ықпалы сезіледі, деп хабарлады «Қазгидромет» орталығының мамандары.
Еліміздің оңтүстік-шығысы мен шығысында найзағай, екпінді жел болып, бұршақ түседі деп күтіліп отыр. Ал солтүстікте қар аралас жаңбыр жауып, екпінді жел мен көктайғақ болуы мүмкін. Күндіз және түнде тұман болады.
«Сәуірде температура ауытқуы байқалады. Солтүстікте сынап бағанасы түнде 0,-5°С-тан +2+7°С дейін, күндіз +8+13°С-тан +12+20°С дейін көтеріледі. Ал оңтүстіктегі ауа температурасы түнде +5+13°С-тан +10+15°С дейін, күндіз +12+23°С-тан +18+26°С дейін жоғарылайтын болады. Ең суық күндер екінші және үшінші онкүндіктің ортасына келіп тұр»,- деді Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова.
Сәуір айында Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында су тасқыны қаупі сақталады. Түркістан, Жамбыл, Алматы өңірлерінде бір аптада 14-23 мм жауын-шашын түседі.
Гидрометорталық директоры Марина Шмидтің айтуынша, мамыр айындағы ауа температурасы нормадан 1°С-қа жоғары болады.
«Маусымда жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады. Батыс және солтүстік-батыс аймақтарда қалыпты температура сақталады. Шілде айында оңтүстік-батыс бөлікте ауа райы жылы болады деп болжам жасап отырмыз. Жауын-шашын мөлшері айтарлықтай көп емес», — деді Марина Шмидт.
Синоптиктер тамыз айы шуақты күндерімен қуантады деген болжам жасап отыр. Қыркүйек-қазан айлары да жылы болады. Жауын-шашын мөлшері нормадан аз. Алайда мамандар маусымдық болжамның дәлдігі небәрі 54 % екенін атап өтті. Сондықтан әр айға арналған болжам нақтыланып отырады.
Дереккөз: «Спутник Қазақстан»