Алдағы күндері ауа райы қандай болады?
«Қазгидромет» РМК 24-26 шілдедегі ауа райы болжамын ұсынды.
Жексенбі күні Қазақстанның солтүстік және солтүстік-шығыс аудандарына мол жауын-шашын әкелген биіктік циклон Батыс Сібірдің оңтүстігіне қарай жылжи бастады. Дегенмен циклонның республиканың орталық, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс облыстарына ықпалы әлі де байқалады. Соған байланысты, Сібірден салқын әрі ылғалды ауа ағыны келеді. Сондықтан да алдағы үш күнде Қазақстанның шығыс жартысында қысқа мерзімді жаңбыр жауады, ол шығыс және солтүстік-шығыс облыстарда күшейіп, тіпті бұршақ жаууы да мүмкін. Жел күшейіп, ауа температурасы төмендейді.
Батыс және оңтүстік-батыс өңірлердегі аптап ыстық аз уақыт бәсеңдейді, артынша Ираннан ыстық ауа ағынының келуіне байланысты тағы да 40…43 градусқа дейін көтеріледі.