65964423 845441829171635 7113157739932549120 n 1

Атыраулық тұрғындар неге ренжулі?

Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/12 қараша, 2019 жыл. Аймақта жолаушылар тасымалы сан мәрте сынға түскенмен, тұрғындар реніші азаяр емес. Аялдамаларда автобусты сағаттап күту, жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы, қызмет көрсету мәдениетінің төмендігі секілді мәселелердің түйіні әлі тарқатылған жоқ.

Қала тұрғындарын мезі еткен автотұрақтар мен паркингтер жүйесін дамыту жайы шешімін таппай отыр. Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында осы және өзге де қордаланған проблемалардың шешу жолдары қарастырылды. мәселелер

ТАКСИГЕ АРНАЛҒАН ТҰРАҚ ҚАЙДА?

Облыс әкімі аппаратының басшысы Дәурен Бектұрғановтың баяндауынша, аймақта екі қала, жеті аудан, 67 округ орталығы, жалпы саны 155 елді мекен болғанымен, олардағы такси көліктері тұрағына белгіленген орындар саны – 61.

Индербор кентінде «Талап» базары тұсынан жер беріліп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қызылқоға ауданының орталығынан такси тұрағын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Ол өңірдегі барлық аудан орталықтарында арнайы такси тұрағын салуды ұсынды.

– Такси қызметінің диспетчерлік орталығы Қызылқоға ауданының орталығы – Миялыда, Жылой ауданының орталығы – Құлсарыда, Махамбет, Мақат аудандарында ғана жолға қойылған. Басқаларында бұл тапсырма орындалмай отыр. Ұлттық стандартқа сай сервистік нысандар салу шешімін таппаған. Аймақ басшысының тапсырмасынан кейін Мақатта бір сервистік нысан ашылған, – деді Д.Бектұрғанов.

Ал, өңірдегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының желісін дамыту, күтіп ұстау, жөндеу және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтың айтуынша, Атырауда тұрақты жолаушы тасымалымен 15 мекеме айналысады. Қордаланған мәселелер кезегімен шешіліп, жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.

Алайда, қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешев автобустардың жүру кестесінің мүлде сақталмайтыны, жөндеуге байланысты бір сәтте қаланың бірнеше жолы жабылып қалатыны ащы шындық екенін атап айтты. Мұндай мәселелер аудандарда да жоқ емес. Кондукторлардың дөрекілігін айтпағанның өзінде электронды билеттердің де «жыры» таусылмай отыр.

ЖОЛ ЖИЕГІНДЕ ЗИРАТ ТҰР

– Жол бойындағы қалташалар, кеңейтілген жолдардың екінші, не үшінші жолағы қозғалысты реттеу орнына көлік тұрағы болып шыға келді. Ықшамаудандардағы үйлер арасынан жаяу жүргінші өтетін жер жоқ. Барлық бос алаңдар мен жүргіншілер жолағы қысыжазы автокөлікке толып тұрады. Қаладағы базарлардың иелері көп сатылы паркингтер салу мәселесіне құлақ аспай келеді. «Телеграмм» чатында жол қозғалысы, тәртіпсіздік, автобустардағы тазалық жайы жазылып жатыр. Халықтың наразылығында шек жоқ, – деді М. Өтешев.

– Махамбет, Исатай, Индер, Жылыой, Құрманғазы, Мақат аудандарындағы ауыл зираттарының республикалық, облыстық
маңызы бар Атырау – Астрахан – Орал – Ақтау – Ақтөбе – Индер жолдардың жиегіне тақалу қаупі бар. Жолдар жиегі апаттан қайтыс болғандарға қойылған темір, тас белгілерге толы. Индер, Астрахан, Құлсары бағытындағы жол бойында ондай белгілер жүздеп саналады, – деген қоғамдық кеңес төрағасы М. Өтешев есепсіз жатқан жерлердің жоқ екендігін жұртшылыққа түсіндіруді имамдар да қолға алса деген тілегін жеткізді.

ЗАҢСЫЗ БИЗНЕСКЕ ТОСҚАУЫЛ БОЛА МА?

Заңсыз пәтер жалдау да әлі күнге дейін маңызды проблеманың бірі болып отыр. Көлеңкелі экономиканың «қанатын жаюына» да «септігін тигізіп отырған» – мүліктерді заңсыз жалға беру. Бұл «кәсіпке» атыраулықтардың дағдыланып алғаны соншалық, салықтан жалтарудың түрлі айла-тәсілдерін ойлап тапқан. – Қаладағы Сарыарқа, Алмагүл, Нұрсая және басқа мөлтекаудандағы үйлердің бір бөлмелі пәтерлері түгелімен осы бизнеске бағытталған.

Бір ғана мысал, тұрғындар жаңа тұрғын үй кешеніндегі 40 пәтерді (!) бір әйелдің жалға беріп отырғанын пәтер иелері кооперативі де, учаскелік полиция өкілдері де жақсы білетінін айтып жүр, – деген Мұрат Сақтайұлы бұл мәселе бойынша айтылған шаралар қағаз бетінен әрі аспай, заңсыздық әрекеттер жалғасып жатқанын жасырмады.

Ал, Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Сағнаевтың хабарлауынша, тұрғын үйді жалға беру бойынша 3881 жеке тұлға кәсіпкер ретінде тіркелген.

Түйін

Кеңейтілген отырыста пошта және банк қызметі, мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру бойынша шешімін күткен проблемалар талқыға түсті. Рас, атқарылған іс жоқ емес. Алайда, кейбір тапсырмалар уақыт құрсауында қалып, тұрғындардың ренішін туғызып отырған жайы бар. Сол себептен әрбір жауапты тұлға істің тиянақты орындалуына жауапкершілік танытуы тиіс. Қоғамдық кеңес қойған басты талап – осы!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған