Алашордадағы бөкейліктер
Қазақ – өзінің «қазақ» деп аталуына сай ежелден ен далада еркін өсіп, ат мініп, ит жүгіртіп, еркіндік, теңдік аңсаған арқайым бөлек халық. Қазақ үшін бос жатқан жер жоқ, бәрінің де иесі, киесі бар. Бірақ, сырт жұрт олай деп ұқты ма? Аз ғана халық жүгірсе – атының тұяғы, ұшса – құсының қияғы талатын қыстауынан жайлауы, түздеуінен көктеуі бөлек кең даласын «бос жатқан жер» деп, ал, «бос жатқан жер жау шақырады» деп түмен қолын шұбыртып, сәске тұстан сар желіп моңғолы бір, құбасы екі, тағысын-тағы найзасы шошаңдап, шоқпары сүйретілген талайлар іргемізге от қойды, төбемізден әңгіртаяқ ойнатты.
Сөйтіп, тарихшылар айтатындай, анау ғұн ба, сақ па, одан бергі қазақ заманынан ата-бабамыз бес жүз бе, әлде үш жүз бе, әйтеуір дәл санаған ешкім жоқ, азаттық көтерілісі деп атқа қонып, ел қорғап, жерімізді сақтап, үйір жылқыдан ала тайымызды алдырмай, алға басқан аяғымызды шалдырмай аман-есен жүріп жатыппыз. Шіркін, ата-бабамыздың аңсағаны азаттық, көксегені көк аспан еді ғой.
Күн шығысты жүгендеп, мал-жанымызды түгендеп, қалмақтан құтылып отырғанда арқадан аждаһа, аузы түкті кәуірлерге тұтылдық. Күн астына көтерілген шегірткедей алға жылжыған Ресейдің қара топырақты жерінің қара шаруасы біртіндеп жерімізді еншілеп, қонысымызды тарылтты. Шұрайлы аймақ уыстан шығып, құмайтты байтақ бізге тиді. Хандарымыз қалың халықты емес, қара басын билеуден қалды. Билік біреудің қолында, айдағанға көніп, ысқырғанда жүрген ел мемлекет тұтастығы, ел бірлігін ойлады. ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының қалың тобы қалыптасты. Бұл – алаш аңсаған азаттықты қайткенде жақындатамыз деген терең ой, мың толғаныстың ақырғы түйіні. Алаштың партия ретінде тарих сахнасына шығуы мемлекет құрылымы болып ұйымдасуы, оқыған зиялы қауымның бас біріктіруі еді. Бірақ, Алаш саяси партия ретінде қалыптасып үлгермеді, бар-жоғы жалпыұлттық саяси ұйым көлемінде қалып қойды. Тұтас мемлекеттік, жеке үкіметтікті аңсаған Алашорда 1917 жылдың желтоқсанында ресми түрде құрылып, Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқанд, Бөкей Ордасын барлығы тоғыз аймақтың бес миллионнан астам халқын бір тудың астына біріктіруді ойлады. Әйтсе де, 578 күн ғана өмір сүрген Алашорда өз құндағында тұншықты. Дегенмен, ол бүгінгі көк туы көгінде желбіреген Қазақстан Тәуелсіздігінің ізашар бастауы еді ғой.
Бөкей Ордасының жайы 1917 жылдың қазан төңкерісіне дейін Астрахан губерниясына қарауына орай көбіне-көп сол жаққа мойын бұрып, Оралға тек төңкерістен кейін ғана араласты. Оған дейін уақытша кеңес құрылып, «ханско-ставочный комитет» деп аталатын жұмысшы-солдаттар кеңесі өмір сүрді. Оның өзі халықтың еркімен санаспайтын биліктің әскери тәртібіне негізделген орталық болып есептелді. Осы кезде Орда зиялылары Ресейде үкімет басына келген Кадет партиясының бағдарламасына сүйеніп, бөкейлік қазақтардың тәуелсіздігін талап етті. Елді оларға қарсы күреске шақырды. Тіпті, осы кезде қанды күрес, ұлы шайқас болды. Ол жайлы «Астраханский листок» газеті «Ордадағы хан ставкасы қараңғыдан жарыққа шыққан қара ниетті адамдардың сұмдық қаталдығын басынан кешірді. Ешқандай кінәсі жоқ адамдар тұтқынға алынды. Саудагерлерге заңсыз салықтар мен айыптар салынды. Нәтижесінде сауда жұмысы тоқтап, халық күнделікті қажеттіліктеріне зәру болып қалды. Тұрғындарға келген хаттар мен жеделхаттар бақылаудан өтті. Орда қаласының сыртындағы жол тораптарының бәріне солдаттар қарауылдары қойылды. Мұндай басыну мен қорлыққа қарсы шыққан халыққа солдаттар қару жұмсауға дейін барды» деп жазды (С.Сүйінов, «Бөкей Ордасы», А. «Өлке», 2000, 142-б.).
Бұдан әрі партия үкіметінің Ордадағы тірегі Уақытша кеңес төрағасы генерал Подгарский «тағынан» алынды, оның орнына сол кезде қуғында жүрген халық қалаулысы Бақтыгерей Құлмановты қою туралы ұсыныс болды. Мұның өзі елде осы кезде өте қиын жағдайлар қалыптасқанын дәлелдейді. Ақтөбе жерінде бас сауғалап жүрген Б.Құлманов Ордаға келіп, зиялылардың басын қосты.
«Ресейде Ақпан төңкерісінің нәтижесінде жеңіске жеткен, билікті қолына алған Керенский уақытша үкіметтің және оның саяси тірегі болып табылатын, өзі соның мүшесі болып есептелетін Кадет партиясының ел басқаруда ұстанып отырған бағыты Алашорда партиясының бағдарламасына негізінен қайшы емес. Минскіден қазақ облыстарына жолдаған жеделхатында Ә.Бөкейханов та төңкеріске осылай қарап, барлық облыстар мен уездерде қазақ комитеттерін құру қажеттігін атап көрсеткен. Ал, біз уақытша үкіметтің саясатын қолдап отырған Астрахан губерниясының комиссары мен атқару комитеттеріне арқа сүйеп, комитет қана емес, Бөкейлік қазақтардың өкілетті үкіметі – Орталық атқару комитетін құрып, Орданың өз алдына дербес комиссарын сайлауымыз керек» дегенді айтты.
Бұдан әрі аталған съезге байланысты елде түсінік жұмыстары жүріп, орыс шенеуніктерінің илеуінде емес, автономиялы ел болу жайында әңгіме өрбіді. 1917 жылдың 27 сәуірінде Бөкей ордасы қазақтарының (жалпы қазақ) съезіне Орданың барлық округтері мен қисымдары болыстарының өкілдері қатынасты. Оны Орданың уақытша комиссары Батырхайыр Ниязов ашып, төралқа мүшелігіне заңгер Уәлитхан Танашев, дәрігер Мәжит Шумбалов, Шапхат Бекмұхамбетов, мұғалімдер Ишанғали Меңдіханов, Сейітқали Меңдешев, Ғабдулғазиз Мұсағалиевтер сайланды. Сайып келгенде, бұлардың дені кейін Алаштың арын арлап, жоғын жоқтаған және Алаш үкіметінің нағыз белсенді ұйымдастырушылары болды.
Аталған съезд Алашорда қозғалысының тарихында ерекше орын алды. Өйткені, ол осы кезеңде Торғай, Орал, Семей, Ақмола өңірінде өткен съездерде талқыланған мәселелер ауқымы жағынан анағұрлым мәнді және маңызды еді. Себебі, өзге облыстар съезі Керенскийдің уақытша үкіметі дайындаған өкілдер қатысымен уездік атқару комитетіне тәуелді, М.Қойгелдиевтің сөзімен айтсақ, орыс жұрты өкілдерінің шылауында өткен еді. Сондай-ақ, оның тағы бір ерекшелігі, басқа жерлерде облыс билігінің тізгіні қолдарында болмағандықтан, көтерілген мәселелер бойынша қабылданған шараларын іске асыруға мүмкіндіктері жоқ болатын. Сондықтан, Алашорда қозғалысының алдына қойған мақсаты Қазақ облыстарының ұлттық автономиясын жариялап, халықтың өзін-өзі басқаруы үшін жалпыға бірдей тең, жабық дауыс беру арқылы төменнен жоғарыға дейін басқару органдарын сайлауға, өздерінің жасақтарын (милиция, әскер) құру сияқты мәселелерді талқылады. Ал, мұның өзі жүзеге асуы қиын, күрделі мәселелер еді. Бірақ, Бөкей Ордасына мән беріңкіремей, бөкейлік ұлттық автономия құру, өз билігі өзіндегі аймаққа айналу ниетінде болды. Тіпті, соған сайып Астрахандағы бұқаралық ақпарат құралдары 17-жылдың екінші жартысында «Бөкей губерниясы» губерниялық комиссар Құлманов деген атаулар мен қызметтер жазылып жүрді. Осы кезеңде, яғни, 1917 жылдың 5 желтоқсанында жалпы қазақтың Орынборда ІІ съезі өтіп, оған Батырхайыр Ниязов, Ғабдолла Мұқашев, Маути Жұмалиев, Ихжан Көшеков, Ибрагим Малқашев, Сейдахан Әжігереев делегат болып қатысса, Б.Құлманов съездің төралқа жетекшісі болып, жиынды сегіз күн бойы басқарды.
Бөкейлік алашордашылар туралы айтқанда, Міржақып Дулатовтың орны қандай жоғары тұрса, Батыс Алашордада министр Уәлитхан Танашевтың орны дәл сондай. Ол Алашорда өкіметі өмір сүрген тұста қыруар жұмыс істеді. Әрине, ол туралы жеке әңгімелеп, жан-жақты ашып көрсеткен дұрыс. Сондай-ақ, кейін қазақтың кеңес дәуірі кезінде алғашқы прокуроры болған Шапхат Бекмұхамбетовтің де Алаш ісіне қосқан үлесі айтарлықтай. М.Тұңғышинді қалай атап өтпеске?! Бірақ, бір өкініштісі, бөкейлік алашордашылар жайлы әлі де жан-жақты, тұшымды ғылыми еңбек жазылмаған. Мына жүз жылдық мерейтой аясында осы олқылықтың орнын толтыру – міндетті парыз.