АЛАШ ЖҰРТЫНЫҢ МАҚТАНЫШЫ
Еске сала кетейік, 2 қыркүйек күні «Союз-ФГ» зымыран ұшырғышы Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышқа ұшып шықты. Оның экипажында қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, ресейлік Сергей Волков және Еуропа ғарыш агенттігінің астронавы Андреас Могенсен болды. «Союз ТМА-18М» кемесі 4 қыркүйекте Халықаралық ғарыш стансасымен түйісті. Ғарыштағы сапары сәтті болған жерлесіміз Айдын Айымбетов өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, Жер орбитасына ұшу барысында Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың ғарыштық ғылыми бағдарламаларын жалғастырды.
Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы үшін Қазақстан Республикасының ғарышкері Айдын Айымбетовке Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» медалі мен «Отан» ордені тапсырылды.
Аймақтарды аралау, халықпен жүздесуді кеше Айдын Ақанұлы Атырау облысынан бастады. Мұнайлы өңірге сапары барысында қазақстандық ғарышкер облыс активімен кездесті.
Жиынды жүргізген облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев ғарышкерге Атырау өлкесіне «қош келдіңізін» айтты.
— 1961 жылы Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа ұшқанына биыл 54 жыл толып отыр. Содан бері 34 мемлекеттен 545 адам ғарышты бағындырған екен. Біздің Айдын – сол 545-інші ғарышкер, — деді Ғұмар Ислямұлы.
Ғарышқа ұшқан Алаштың үшінші ұлы Айдын Ақанұлы өз сөзінде Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен 1998 жылдан бастап ғарышқа ұшуға дайындалғанын айтты.
— 2003 жылдан бастап 2009 жыл аралығында негізгі дайындықтан өтіп, кәсіби ғарышкер біліктілігін алдым. Соңғы алты жылда Қазақстанның ғарыштық жүйесінде еңбек еттім. Ғарышқа ұшар алдында Елбасының қабылдауында болып, Мемлекет басшысы менің дайындығымды тексерді. Барлық емтихандардан өтіп, ғарышта «Союз ТМА-18М» зымыранының борт-инженері қызметін атқардым. «Қазғарыштың» ғылыми бағдарламасы бойынша Арал және Каспий теңіздеріне мониторинг жүргізілді. Микрогравитация барысында микробөлшектердің физикалық ерекшеліктеріне зерттеулер жасалды. Аталған шаралар отандық ғалымдардың термоядролық энергетика, медицина, нанотехнология және тамақ өнеркәсібі салаларындағы зерттеулерінде кәдеге жарайтын болады. Бұл – менің жетістігім емес, халқымның қол жеткізген жеңісі. Қазақстан мемлекетінің дамуына кішкене болса да үлес қосқаным үшін өзімді бақытты санаймын, — деді Халық Қаһарманы.
«Қазақта бір жақсы мақал бар: алты жасар бала алыс жолдан келгенде алпыс жастағы қария орнынан тұрып сәлем береді», — деп соғыс және еңбек ардагері Айдын Айбаров ғарышкерге барып сәлемдесті.
-Айналайын, сен ауызбен айтып қана қоятын батылдық жасаған жоқсың. Қазақтың Көк туын ғарышта желбіреттің. Еліңе жасаған азаматтығың, ерлігің – кейінгі ұрпаққа үлгі. Қазақ – әуелден-ақ батыл, жігерлі, шыдамды халық. Сен осыны тағы бір мәрте дәлелдеп, елдің абыройын арттырып, мақтанышына айналдың. Ата ретінде үлкен алғысымды білдіремін, — деп, ақсақал ақ батасын берді.
Юрий Гагарин ғарышқа ұшқанда қазақтың абыз ақсақалы Олжас Сүлейменов «Адамға табын, Жер, енді» деген поэмасы арқылы өзінің шығармашылықтағы жолын ашқан болатын. Атыраудағы алқалы жиын барысында жергілікті ақын Әлия Дәулетбаева «Айбыныңды, Айдыныңды сүй, қазақ!» атты өлеңін «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордендерінің иегеріне арнады. Сонымен қатар, Атырау қаласындағы №34 мектеп-гимназиясының бүлдіршіндері ғарышкерге арнаған ыстық лебіздерін өлең шумақтары арқылы жеткізді.
— Ғарышта тәртіп өте қатаң. Бірақ, мен бір рет тәртіпті бұздым. Командир «старт» командасын беріп, ғарыш кемесі жерден көтеріле бастағанда мен ішкі жан тебіренісімді ұстап тұра алмай, «Алға, Қазақстан» деп айқайлап жібердім. Халықаралық ғарыш стансасына жеткенде мен адамның мүмкіндігі шектеусіз екенін түсіндім. Қазақстанда да көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Экипаж құрамында бес мемлекеттен, атап айтсақ, Ресей, Америка, Жапония, Дания және Қазақстаннан тоғыз ғарышкер болды. Бір қуантарлығы сол, халықаралық экипаждың барлық мүшелері Қазақстан туралы жақсы пікірлерін білдірумен болды. Олар: «Қазақстан — киелі жер, өйткені, осы жерден біз аспанға көтерілдік» деп айтатын. Ғарышта техникалық ауамен тыныстанамыз. Ал, жерге қонғанда қазақтың дархан даласының саф ауасын терең жұтып, байтақ жеріміздің құдіреттілігін экипаж мүшелері толық аңғарды, — деп еске алды ғарышкер.
Жиын соңында жергілікті суретші Әділхайыр Жантасов ғарышкерге облыс халқы атынан «Домбыра-аңыз» атты майлы бояумен салған суретін сыйлыққа тарту етті. Ал, Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры Нұрлы Айтиева, облыстық мәслихат депутаты Юрий Кустадинчев және тағы басқалары ел абыройын көкте асырған Айдын Айымбетовке алғыстарын білдірді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.