Қаланы толық асфальттау үшін 100 миллиард теңге керек
Өткен жылы Ақсай ауылының – төрт, Ақжар ауылының бес көшесіне тас жол төсеу жұмыстары басталып, биыл жалғасын табуда.
Ал, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Ақсай ауылының балаларына арналып бір ойын алаңы салынса, үстіміздегі жылы Ақжар ауылынан екеуі бой көтермек. Биыл Б.Момышұлы атындағы мектепке баратын тас жол бойындағы он бағанаға күн батареясын да орнату жоспарланған. Бұл туралы ауылдық округінің әкімі Жұмахмет Досқалиев баяндады. Сондай-ақ, өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінде де кеңінен тоқталды. Кезекті округ әкімінің есеп беру жиынына Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов пен қалалық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары қатысты.
Жиында қаралған тақырыптың бірі – жол мәселесі. Қала бойынша 1800-ден аса көше болса, оның 800-ден астамына тас жол төселінген. Түгелдей шешу үшін 100 миллиард теңге көлемінде қаржы керек екен. Өткен жылы облыс орталығындағы 95 шақырым жолға тоғыз миллиард теңге қаржы жұмсалса, үстіміздегі жылы 311 көшеге жол салу үшін 25 миллиард теңге бөлінген.
Осы кезге дейін округте мәселе болып келген қоқыс жәшіктері қазір реттеліп, көшелерге отыз контейнер қойылды. Жалпы, қала бойынша 1500 қоқыс жәшігі орнатылса, биыл тағы 1000 жәшік орнату жоспарланған.
Ақсай ауылының тұрғыны Серік Тәжіғалиев 2004 жылы бөлінген жер телімін мораторий жариялануына байланысты әлі күнге дейін ала алмай жүргенін айтты. Тұрғынның сауалына орай қала әкімі Серік Жамбылұлы жер телімінің кезек бойынша берілетінін қаперге берді.
Он жыл бұрын газ баллоны жарылып, үйі өртеніп кеткен ауылдың тұрғыны Рима Кенееваның қазір үй жалдап жүргенін ауыл тұрғындары жақсы біледі. Жиында көмекке зәру зейнеткерге қолұшын беруді әкімдік шешсе деген тілектерін білдірді. Бұл ретте қала әкімі зейнеткерге қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Ал, «тұрғын үй мәселесі алдымен құжаттарды жинау арқылы шешімін табады» деді ол.
Нұргүл Ысмағұлова