ҚАЛАНЫҢ «ҚАН ТАМЫРЫ» ЖАҢАРДЫ
Биылғы жыл басынан бері жоспарланған жұмыстар негізінен үш бағытта жүргізілген. Бірінші кезекте, су құбырлары мен кәріздік коллекторлардың тозығы жетіп, істен шыққан бөліктерін жаңартуға назар аударылған. Осы мақсатқа жалпы сомасы 17 млн. 386 мың теңге қаражат жұмсалынып, ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын апаттық жағдайдағы су құбырларының бөліктері ауыстырылған. Мұндай жұмыстармен қаланың көп қабатты үйлер орналасқан мөлтекаудандары және жеке тұрғын сектордың біраз бөлігі қамтылған.
Ескі құбырлар жаңартылып, құрылғылар ауыстырылды
Жоғарыда айтылып кеткендей, осы бірінші бағыт бойынша тұтастай алғандағы көлемі 11 млн. 134 мың теңге қаржы игерілген. Оған ұзындығы 400 метрлік апатты жағдайдағы коллекторлардың бөліктері алмастырылған. Нақтылай кетсек, Сәтбаев даңғылы, 48, 50 үйлердің тұсындағы арынды коллекторлардың апатты бөлігі, 1-КСС (көтергіш сорапты станса) маңындағы өздігінен ағатын коллектор, сондай-ақ 2-КСС пен Авангард-3 мөлтекауданындағы №18 көп қабатты тұрғын үйдің жанындағы отырып кеткен кәріз желілері ауыстырылып, жөнге келтірілген.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша жалпы сомасы 4 млн. 552 мың теңге қаражат қарастырылып, бұған тозығы жеткен, күнделікті қолданысқа керекті құрал-жабдықтарды жаңарту мен күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Осындай іс-шаралар шаһардың Махамбет, Серго, Типография, Уәлиханов, Гословский, Владимирский көшелері мен Азаттық даңғылының бойларында жүргізілген. Нәтижесінде, 13 сорғылау қондырғысы жаңартылып, алты су қысымын көтеруші сорғылау стансасында 2 сорғы агрегаты германдық үлгідегі «Грюндфос» маркалы энергияны үнемдегіш жабдықтармен алмастырылған.
Арнаулы автокөлік пен техника сатып алынды
Инвестициялық бағдарламаның үшінші бағытымен де айтарлықтай шаруалардың оңғарылғандығын аңғардық. Мұнда, алдыңғы екеуіндегі тәрізді кәсіпорынның активтерін (негізгі қорларын) жаңғыртуға қосымша материалдық-техникалық базасын жақсартып, арнаулы автокөліктер мен техника түрлері сатып алынған. Оған 26 млн.785 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалған.
Жоспарланған іс-шаралардың мерзімді жүзеге асырылып, қаралған қаражаттың мақсатты игерілуі түпкі нәтижеде кәсіпорын бойынша тұтынушыларды сумен жабдықтау мен канализация қызметінің сапасын, өндірістік көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік туғызған. Осылайша, негізгі және қосалқы құрал-жабдықтардың жұмыс сенімділігін арттырып, энергияны үнемдеуге, орын алған кемшіліктер мен апатты жағдалардың санын шектеуге, олардың туындау мүмкіндіктерін мейлінше азайтуға қол жеткізілген. Сөйтіп, өткен 2012 жылдың өзінде құбыр бойымен келетін ауыз су ысырабының көлемі 24,8-ден 23,8 пайызға дейін төмендетілген. Соның нәтижесінде, үстіміздегі жылға межеленген суды тарату желілеріндегі нормативтік-техникалық ысыраптардың мөлшерін сол деңгейде қалдыру көзделген.
Дәулетқали АРУЕВ.