Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Қаламыздың қонағы шетелдік операторлар – Атырауда

Атырауға Ресей мен Қытайдан туроператорлар келді. Олардың сапары екі экскурсиялық бағытта жүзеге асырылды. Алдымен, Атырау қаласының  көрікті жерлерін тамашалап, Жайық өзенімен серуендеді. Содан соң,  «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешеніне ат басын тіреді. Тарихи орынға келген қонақтар аймағымыздағы агроөнеркәсіп саласының дамуымен де танысты. 

Ресейлік саяхатшы, блогер, «ОткрытиЯ project» жобасының жетекшісі Павел Шитик соңғы екі айда елімізге бес рет келген екен. Қазір «Қазақстан бойынша джип-турлар» жобасымен  жұмыс істеуде. Жер бетін көлікпен шарлап, биік шыңдар мен таулы өзендерге шығуды жақсы көретін саяхатшының Алматы облысы туралы айтқан естеліктері өте тартымды болды. Оған әсіресе  оңтүстік астанамыздың қатты ұнағаны байқалады. Жақында Ұлы дала елінің орталық бөлігіне барған, енді бізге келіп отыр. Павел саяхаттары туралы ақпараттарды өз арнасына орналастырады. Одан бөлек, пайдалы ақпараттар туралы сюжеттер түсіріп, арнайы  бағдарлама   жүргізеді.

Қытайдан келген қонағымыз – Аспан асты елінде туризмді дамытуға үлес қосып жүрген  қандасымыз  Әлинұр Жеңісқызы. Өткен жылы елінде туристік фирма ашып, кейін оның өкілдігін Астанада да орналастырған.

– Бірнеше қаланың ішінен мен мұнайлы мекенді таңдадым. Басында мұнда тек көмірсутегі шикізатын өндіретін кен орындары ғана бар деп ойлағанмын. Бірақ, Атырауда жеңіл және тағам өнеркәсібі, ойын-сауық және медициналық орталықтары жоғары деңгейде дамығанын байқап отырмын. Қытайлық инвесторлар тек қана туризмді дамыту үшін емес, басқа да салаларды өрістетуге көп мүмкіндігі бар өңірге қызығушылық білдіретініне сенімдімін. Әсіресе, келесі жылдың Қытай туризмінің Қазақстандағы жылы деп жарияланғанын ескерсек, солай деуге әбден болады, —  дейді Әлинұр.

Атырауда туроператорлар тобын тосын сый күтіп тұрды. Өзен үстімен серуендеу қонақтардың көңілінен шықты. Ал, көне Сарайшық өзінің тарихымен  таңқалдырды.

Сарайшық базасындағы кездесуде туроператорлар алдағы уақытта бірігіп жұмыс жасауға үмітті екенін және саяхаттан алған теңдессіз әсерлерімен бөлісіп, аймақ басшыларына алғыстарын білдірді.

Нұрислам ҒҰМАР.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button