Қаламгер құпиясы
(Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың шығармашылық лабораториясы)
Қолына қалам ұстаған жандардың қай-қайсысы да өзіндік жазу стилімен, машық-мәнерімен, ешкімге ұқсамайтын әдет-дағдысымен ерекшеленеді. Жазушының көркем шығармасымен табысып, рухани ләззатқа бөленетін былайғы оқырман бұл туындылардың қалай өмірге келгені, қанша уақыт жазылғаны, кейіпкерлердің қалай іріктелгені, оның түптұлғалары (прототип) кімдер екендігі, тағы басқа қалтарыстағы мәліметтері жөнінде біле бермейді. Тегінде, бұл – суреткердің жазған дүниелеріне ғана емес, оның шығармашылық лабораториясына үңілетін зерттеушілердің үлесіндегі шаруа.
Жалпы, әлемге танымал жазушылардың қай-қайсысының да шығармашылық лабораториясы жөнінде жан-жақты мәлімет жинақталған. Себебі, өркениетті елдердің ғибратты ғалымдары мен зиялы зерттеушілері текті тұлғаларының тіршілігіндегі әр сәтті назардан тыс қалдырмайды. Олардың өмірбаянын әбден ретке келтіріп болған соң, ұлыларының ұстаған жәдігерліктеріне, тұтынған заттарына сипаттама жазып, ғылыми айналымға енгізеді. Оны айтасың, сол марғасқалардың табаны тиген жердің топырағына, қолы тиген заттың қиқымына, түстеніп кеткен орнының көлеңкесіне дейін қағазға қаттап қояды. Ал, біз болсақ, жазу өнеріне тау-кен институтының студенті ретінде бір бүйірден келіп қосылып, әдебиет пен әдебиеттанудың тұғырлы тұлғасына айналған Зейнолла Қабдоловтың шығармашылық лабораториясын өз деңгейінде қарастыра алмай келе жатқанымыз рас.
Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың көркем шығармалары да, ғылыми зерттеулері де, сын мақалалары да, публицистік дүниелері де жеткілікті екенін бәріміз білеміз. Ал, осы туындыларының жазылу тарихы, қаламгердің жазу дағдысы, кейіпкерді таңдау тәсілі, суреткерлік шеберлігінің құпиясы жөніндегі байлам-байыптамалар Қабдоловтанудың өзгеше қырын аша түсер еді. Біз мәселенің осы жағына үңілгенді жөн көрдік. Сонымен, Қабдолов қалай жазды? Шығармаларын қалай туындатты? Оның жазу процесі қалай жүзеге асты? О баста ойға алған шығармашылық жоспарларын толық орындай алды ма? Қаламгерлік әдіс-тәсілі, әдет-машығы қалай болды? Бұл мақаламызда осы сауалдарға да жауап іздеп көрмекпіз.
Әйгілі Фридрих Шиллер кез келген шығармасын жазғанда шіріген алмадан шабыт алады екен. Бір күні оны үйіне іздеп барған досы Гете бөлменің ішін жайлаған жағымсыз иістен жүрегі айнып, қайта-қайта лоқсыпты. Ал, Черчильдің «Оның қылмыстан тапқан ақшасы тарихтағы ең атақты деген ұрының көл-көсір табысынан асып түседі» деген қалжыңына арқау болған, детектив жанрында 78 роман жазған Агата Кристи бүкіл сюжеттерін алма жеп отырып құрастырады екен. Үстелінің жанына бір жәшік шіріген алманы қойып, соның иісінен рахаттанып, өмірі шірімейтін шығармалар жазған Шиллер мен тәтті алма жемесе шабыты келмейтін Кристиге қарағанда Зекеңнің бабы, әрине, бөлектеу болды. Алайда, оның да дастарханынан әлемді тамсандырған Алматының апорты ешқашан үзілген жоқ. Қабдоловтың қызыл алмасы өзінің ғана емес, атақты Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына да әсер етті. Ғаламға белгілі қырғыз жазушысының «Қызыл алма» новелласы Зекеңнің түрткі болуымен өмірге келді. Ол бұл дүниесін Зейнолла Қабдоловқа арнағаны баршаға белгілі.
З.Қабдоловтың оңашалықты жаны сүйетін ағылшын жазушысы Роальд Даль секілді жып-жылы, әрі берекелі баспанасы тұрғанда үйінің маңындағы өмірі от жағылмайтын суық сарайға кіріп алып, бүрсең қағып, үстелді де пайдаланбастан, сарғыш блокнотын тізесіне қойып жаза беретін әдеті болған жоқ. Шаңырақ құрған әдепкі жылдарында көрген қиындығын есепке алмағанда, негізінен кең кабинетте, қолайлы үстелге жайғасып, жайлы орындықта отырып қалам сілтеді. Зиятты зайыбы, қадірлі қамқоршысы Сәуле апайдың арқасында оның әр заты өз орнында тұрды. Жазу бөлмесінде қашаннан қанына сіңген ұқыптылық пен тиянақтылық салтанат құрды. Бірақ, үнемі елдің ортасында, көпшіліктің арасында жүрген оның үстел басында сарылып ұзақ отыруға уақыты бола қоймады.
Шығармашылық шабыт шақырардан бұрын ара-тұра мәйітхананы аралап кететін Чарльз Диккенс әрбір елу жол жазғаннан кейін алдындағы ыстық судан бір жұтып, тамағын жібітіп қояды екен. Ал, Александр Пушкин өз туындыларын лимонад ішіп отырып жазыпты. Тіпті бұл сусынды шектен тыс жақсы көргені соншалық, өмірінің соңына дейін одан ажырамапты. Лицейде бірге оқыған досы, әрі секунданты Константин Данзастың естелігіне сүйенсек, Дантеспен дуэльге кетіп бара жатып, жолай кондитер дүкеніне соғып, бір стакан лимонадты сіміріп салыпты. Бабы мен бағы келіскен Зейнолла Қабдоловтың да үстелінің маңында қымызы мен шұбаты, шай мен суы даяр тұрды. Мұның бәрі қаламгердің алаңсыз жазуына, жүйелі жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Бірақ, соған қарамастан, зерттеушілер жіті байқағандай, «туа біткен әдебиетші З.Қабдолов бұрқыратып жаза бермеді, жазуға келгенде кіді» болды.
Орыстың ұлы жазушысы Антон Чехов пен Зейнолла Қабдоловтың шығармашылық әдет-дағдыларының арасында бірқатар ұқсастық байқалады. Зерттеушілер Чеховтың жұмыс бөлмесінің тап-таза тұратыны, ал, өзінің аса ұқыпты, әрі жинақы, үсті-басы мұнтаздай болып жүретіні, түр-әлпеті, киім-киісі, жан-дүниесі, ой-танымы өзара керемет үйлесімді екені туралы жазды. Бұл сипаттама жазушы З.Қабдоловтың да шығармашылық табиғатын ашады. Тек ол Чехов секілді көпшіліктің ортасына шығатын костюмін киіп алып, шарт түйініп жазуға отыратын қатаң қағиданы ұстанған жоқ. Өзіне ыңғайлы киіммен, ыңғайлы режіммен жұмыс істеді.
Зейнолла Қабдолов ағылшын жазушысы Вирджиния Вулф сияқты түрлі түсті сияның бес-алтауын бірдей пайдаланбаса да, қара және көк сиямен жазды. Ілгеріде табылған күнделіктері мен хаттарына қанық көк сия қолданылған. Сондай-ақ, америкалық жазушы Генри Миллер секілді бір шығарманы бітіргенше, өзгесіне қол созбайтын қағидатқа да бағына қоймапты. Керісінше, бір туындыны бастап қойып, жедел жазылатын басқа дүниелерге кірісіп кететін қаламгерлік дағды Зекеңе де жат емес. Ұзақ жазылған «Менің Әуезовім» роман эссесі мен сол аралықтағы мақалалары мен ой-толғаныстары бұған нақты дәлел бола алады. Осы Миллер жарықтықтың «жазушылық – алғы кезектегі нәрсе, қалғанының бәрі – кейін, бірақ, адам болып қалу керек, жұртпен сөйлес, ел арала, құлқың соқса – көңіліңді көтер» деген ұстанымы Қабдоловтың болмыс-бітімінен алыс кетпейді. Ол да үнемі жолдың үстінде, жұрттың жүрегінде, елдің алақанында жүрді.
Болашақта кейіпкерлеріңе айналатын ел адамдарымен етене араласу да – шығармашылықтың құрамдас бөлігі. Бұл тұрғыда Зейнолла Қабдоловтың табиғаты – Федор Достоевскийдің қаламгерлік әдет-дағдыларына жақындау. Адамдарға деген ықылас Достоевскийдің ең басты қасиеті болғанға ұқсайды. Ол жаңа адамдармен танысуды, кездейсоқ жолыққан кісілермен әңгімелескенді жақсы көреді екен. Емен-жарқын тілдескен адамның көзіне тура қарап, болашақ кітаптарына материал жинап, кейіпкерлерінің образын қалыптастырған деседі. Қалың қазақтың аялы алақанында жүрген Зейнолла Қабдолов та мұндай шығармашылық машықтан кенде болған жоқ. Ұзақ сапарлардан жаңа шығарманың кілтін тауып оралды, түрлі басқосулардан кейіпкерлерін ұшырастырды, жиын-тойларда ел аузында жатталған қанатты сөздерін қалдырды.
Жазып бітірген дүниесін немесе оның аяқталған белгілі бір бөлігін жан-жарына оқып беру – қазақтың көптеген жазушыларына тән қасиет. Қаламгерлер арасында қалыптасқан, тіпті әбден жауыр болған «Менің алғашқы редакторым – зайыбым» деген сөз бар. Зекеңнің де барлық туындыларының алғашқы оқырманы – зайыбы Сәуле Қабдолова болғаны баршаға аян. Алдымен баспасөзде жарияланып, кейін кітапқа айналған С.Қабдолованың күнделігіндегі: «Б.Майлинді аяқтап, компьютерге берді. Енді Мағжанмен отыр. Бұлар – оқулық. Алғашқы екі томдықтың біріншісін қарап, баспаға дайындап, тапсырды. Енді екіншісін алып келді. Оны да қыздармен қарауым керек. Зекең түзетеді», «Жазира екеуіміз «Жалынды» оқыдық. Бітіруге жақындай түстік» немесе «Зекең баяндамасын бітірді, бастырды. «Қаһарман ақынның тағдыры мен тағылымы» деп атап, екеуіміз отырып, тағы қарадық» деген жолдар бұл пікірімізге дәлел болмақ.
Ал, әлемдік деңгейдегі танымал жазушылардың алғашқы оқырмандары әр түрлі кісілер болып келеді. Бірінде – зайыбы, екіншісінде – досы, үшіншісінде – перзенті, төртіншісінде – тілеулесі, бесіншісінде – көңілдесі… Тіпті, ағылшын ақыны Уильям Вордсворт жаңа жазылған сиясы кеппеген өлеңдерін есігінің алдында жататын төбет итіне оқып беріпті. Егер бір тұсына келгенде ит арс ете қалса, сол жерін лезде қайта жазуға отыратын көрінеді.Табиғат аясына шығып, тау-тасқа, тал-терекке, өзен-көлге өлеңдерін оқыған ақындар да болған.
Бақ-берекесі келіскен сырбаз Зекең – шығармашылық серігі жағынан жолы болған адам. Оның әрі көмекшісі, әрі редакторы, әрі кітапханашысы, әрі мұрағатшысы міндетін атқарған Сәуле Қабдолова қаламгер туындыларының өміршеңдігіне бір кісідей үлес қосты.
Зейнолла Қабдолов қарапайым нәрсенің өзінен көркемдік көре алды. Оның ілгеріде қойын дәптеріне түсірген жазбаларында бүгінгі қаламгерлерге үлгі болатын шеберлік сабақтарының мысалдары жиі кездеседі. Ойлы образдар мен бедерлі бейнелерді жазбас бұрын алдымен басында пісіреді, миында қорытады. Мәселен, жазушының 1958 жылғы күнделігіндегі: «17.ІV. Үлкен үйде құс өсірушілер мәжілісі өтіп жатты. Мұнда сөйленіп жатқан сөздердің бәрі құстар жайлы екен. Мен араларында он-ақ минут болдым. Сөзді тыңдағаным жоқ, сөйлеушіге қарап ұйлығыса қалған тыңдаушыларды шолдым да отырдым: ғажап-ау, құсқа ұқсамайтын біреуі болсайшы, айдары желбіреген әтеш, шүрегей үйрек, мамырлаған қаз, тұмсығы имек қарақұс, кеңірдегі сорайған көкқұтан, қалбағай мен қара қарға, сауысқан мен шіл… бәрі, бәрі көз алдыма елестемесі бар ма?» деген толғамы образды түрде ойлай білетіндігінің көрінісі.
Жазушының жеке мұрағатындағы жазбаларда болашақта атқармақ істері, шығармашылық жоспарлары да баяндалған. Әсіресе, жауапты қызмет істеп, биліктің буындарында жүрген кезінде қаламгерлік кәсіпке аңсары көбірек ауған. Қым-қуыт кеңсе жұмысында уақыттың бағасын біліп, шығармашылықтың қадірін түсінген Зейнолла Қабдолов өзінің алдына қыруар міндет қояды. «Түбінде ұзақ уақыт қайнаған ел өміріне араласпай, келелі еңбек туғызу мүмкін емес» деп тұжырым жасайды, «17.ІV. Әңгіме тақырыптары: Ақжар. Жарыпшыққан. «Қыр суреттері» цикліне. Бекжұма Досжанов. Мен қалай түңілдім? Мылжың. Түсік (урод). Сатиралық әңгімелер цикліне. 17.ІV. Май өтісімен елге, егіс даласына шығу керек. Сталин атындағы колхоз – үлкен тақырып» деп жаны қалаған жанрларын тізбелейді, «21.ІV. Бүгінгі таңдағы бірінші борыш – миллиард! Миллиардқа қолдан келген үлесті қосу керек. Жазу керек: әңгіме, очерк, публицистика!.. Арала, көр, сезін, ойла, толған да жаз! Жазу керек, жазу керек!» деп өзін қамшылаған үстіне қамшылай түседі.
Зейнолла Қабдолов – қайда жүрсе де, қандай көңіл-күйде болса да, үнемі шығармашылықпен тыныстаған адам. Ол қуанышта да, қайғыда да айтар сөзін көркем кестелей білді. Өйткені, қаламгер туындыгерліктің табиғатынан, суреткерліктің сауытынан, авторлықтың аурасынан ешқашан аулақтаған емес. 1958 жылы Мәскеу, Харьков, Ялта, Евпаторияға сапары кезінде де жол-жөнекей алған әсерлерін қағаз-бетіне түсіріп отырған. Сол күнделіктегі: «Менің болашақ романымда бір егде тартқан адам болу керек. Оның денесі еңгезердей, екі иығына екі кісі мінгендей алып, ал, бет-пішіні 15 жасар баладай қалып қойған (Моргун). Және бір адам бар. Ол әзір тұрған характер. Бүкіл мінез-қылығы, іс әрекеті ап-айқын: Ж.Ж.» деп шығармашылықтың жұмбақ әлемінен сыр ашады.
Әдепкіде әдебиетке өлеңмен келген қаламгер поэзияның бірқатар жанрларында бақ сынады. Өлең де, толғау да, поэма да жазып, шығармашылық ортаның көзіне түсті. Бірнеше ән мәтіндерін жазды. Бұл туындылары жақсы бағаланып, Қасым Аманжоловтың назарына іліккен З.Қабдолов Хамит Ерғалиевтің ескертпесінен соң өлеңді біржола қойып, прозаға бет бұрады. Бозбала күнінде ақындар айтысына қатысқаны жөнінде жазушының өз мақаласында айтылды. «Мен өзімді шынымен өлеңші екенмін деп қалып, баяғы Мөңкенің Мұратынша Доссордағы Тәжібай жыршы Текеевпен, Сағыздағы Түрекеш жырау Түйешиевпен соқтығысып, іздеп жүріп айтысқаным бар емес пе?» деп жазды ол. Осылайша түрлі жанрларда талаптанып көрген қаламгер шығармашылық лабораториясын мейлінше жетілдіргенінің арқасында парасатты прозашыға, әлеуетті әдебиетшіге, ғибратты ғалымға, шынайы шеберге айналды.
Академик-қаламгер өмір бойы адам табиғатына үңіліп, қайталанбас тұлғаларды кейіптеді. Сондықтан оның кейіпкерлері ұлттық мінезді бойына дарытқан алуан түрлі жандар бейнесінде жұрт жадында сақталды. Талай прототиптерден көркем образ жасаған Зекеңнің өзі де Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» романына прототип болды. Адамтануды жете меңгерген Зейнолла Қабдоловтың тұжырымына сүйенсек, «Әр адам – зерттелмеген кен. Оны зерттеу керек. Зерттеп қана қоймай, оның көзін ашу керек».
Талғам таразысы мен талап деңгейі жоғарылығының арқасында шеберлік биігіне көтерілген З.Қабдолов әріптестерінен де, оқырмандарынан да лайықты бағасын алды. Әсіресе, оның жазу мәнерінің мінсіздігі, шығармаларының эстетикалық әсері жалпыхалықтық дәрежеде мойындалды деуге болады. «Қабдоловтың қаламгерлік қабілеті» деген ұғым нағыз шеберліктің баламасы секілді жұртшылық санасында берік қалыптасты. Сондықтан ақын Сағынғали Сейітовтің:
Өзің сынды сөзің асыл өтімді,
Ірілікке жастай бұрдың бетіңді.
Сөз зергері, тау тұрпатты тұлғасың,
Сөзстанның президенті секілді,-деген өлеңін елдің парасатты перзентіне, ұлағатты ұлына деген ыстық ықыласының белгісі деп қабылдауға болар. Оның шығармашылық әлемі, жазушылық жан дүниесі, қаламгерлік құпиясы үнемі зерттеліп, зерделене бермек.
«Махамбеттің әр сөзі – құйылған құрыш, қорытылған қорғасын. Оны өңдеп-жөндеймін деп жасытпау керек. Махамбет пен Абайға редакция жүрмейді» деп жазушының өзі айтқандай, Зейнолла Қабдоловқа да редакция жүрмейді. Оның да әр сөзі, әр сөйлемі шығармашылық лабораториясында «құйылып, қорытылып» шыққан баға жетпес жәдігерлер десек, қателесе қоймаспыз.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор