Алақанда жанған алау. Атыраулық оқушының Астанадағы көрмеге тартуы бар

 Алдымыздағы жылы Елордада ұйымдастырылатын EXPO көрмесінің тақырыбы – «Болашақтың энергиясы». Ол баламалы энергия көздерін кеңінен тұтынуға және жасыл технологияны дамытуға арналған. Бұл бағытта әлем жаңашылдары өздерінің тың туындыларын көпшілік талқысына ұсынуға асығуда. Атырау қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Мұстафа ОРАЗМҰХАМБЕТОВ те жұртшылық назарына ойынан шыққан жаңалықты ұсынып отыр.

  Оның айтуынша, лицей қабырғасында химия пәнін тереңдете оқыған. Әрі 9 сыныптан бастап бұл бағытта түрлі лабораториялық тәжірибелерді жүзеге асырған. Уақытының көбін зертханада өткізетін оқушыдан мұғалімдері де үлкен үміт күтеді екен. Сол сенім ақталып, шәкірт еңбегі зая кетпепті.

Сонымен, атыраулық оқушы тапқан жаңалық қандай?

– Қазір тұтынушылардың дені ыдыс жуу үшін көбіне «Fairy» сұйықтығын қолданатыны белгілі. Себебі, ол өте жақсы көпіреді. Мен соны қарапайым сумен араластырып, оған бутан газын араластырып көрдім. Сол кезде сұйықтық көп мөлшерде көпіршік бөле бастады. Оған оттық тигізгенімде, газ бен оттегі қосылып, ерекше реакцияға түсті. Нәтижесінде ерекше жалын пайда болды. Оны өзім «қолдағы от» деп атадым, – дейді Мұстафа. Сөзін дәлелдегісі келді ме, ол осы химиялық реакцияны көзімізше іске асырып көрді. Турасын айту керек, өте әдемі көрініс. Ең ғажабы – алаулаған жалын қолда жанып тұрғанымен, денені күйдірмеуі бізді таңқалдырды.

Сонымен, бұл жаңалықты қайда қолдануға болады?

  Біріншіден, жас дарынның айтуынша, оны декорациялық эффект ретінде кинематография саласында пайдалануға мүмкіндік бар. Қазір бұрынғыдай емес, түрлі сюжетті түсіру барысында компьютерлік графика, яғни, виртуалды бағдарламалар көп жүзеге асырылады. Өйткені, қазір кинофильмдер өмірден алынған оқиғалармен қатар ойдан шығарылған сюжет желісіне құрылып жатады. Ал, егер осы ретте химиялық реакцияны қолданар болсақ, фильм анағұрлым шынайы шығады. Екіншіден, химиялық жалынды театр сахнасында да пайдалануға әбден болады екен. Себебі, одан ешқандай түтін шықпайды, қолқаны қабар иіс те жоқ. Бұл спектакльді тамашалаушы көрерменге еш залал келтірмейді. Үшіншіден, бұл сиқыршылар үшін таптырмас тәсіл. Бірақ, әзірге ғылыми жаңалықтың патенті алына қойған жоқ. Қазір автор сол мәселемен айналысуда. Мұстафа сияқты ғылым көкжиегіне көтеріліп, тың идеяларымен көрініп жүрген жастар аз емес. Осы лицейдің тағы бір оқушысы Әли Далаш та қарапайым ақ түсті раушан гүлдерін арнайы ас бояғышының көмегімен өзге түстерге бояуға болатынын дәлелдеді. Қазір сол тақырып аясында ғылыми жобасын дайындап жатыр. Көрмеге ұсынатын ойы да жоқ емес.

– Раушан гүлдерін табиғи емес бояулардың көмегімен кез келген түске бояп, нарықта сұранысқа ие тауарға айналдыруға болады. Тек қаржылай қолдау керек, – дейді ол. Айта кетейік, қазақ-түрік лицейінің шәкірттері халықаралық ментальды арифметика олимпиадасына қатысып, тәжірибе алмасып отырады. Мәселен, Грузияның Тбилиси қаласында жас зерттеушілердің IYIPO халықаралық олимпиадасы дәстүрлі түрде өтеді. Атыраулық лицей оқушылары онда да талай рет топ жарды. Жуырда Оңтүстік Кореяның Дэджон қаласында дүниежүзілік «Жас ғалым» байқауы ұйымдастырылды. Ал, Бразилияның Ново-Амбургу қаласында өтетін халықаралық «MOSTRATEC» ғылыми жобалар конкурсы қатысушыларды жаңа жобаларға ынталандырады. Жас дарындар Мәскеу қаласындағы «Математика және жобалау», «Адам-Жер-Ғарыш» секілді халықаралық сайыстар мен ғылыми-зерттеу олимпиадаларынан да тыс қалмайды. Ө.Жолдасбеков атындағы ха-лықаралық математика және механикалық зерттеу, Байқоңыр қаласындағы «Ғылым әлемін ашамыз» және мектеп жасына дейінгі балалардың «Білім жолымен» дәстүрлі жобаларында да атыраулықтардың мерейі зор.

  Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев: – Өскелең ұрпақтың оқу-тәрбиесі – Елбасының жеке бақылауында. Қазір білім жетілдіру аясында түрлі инновациялық әдістер қолданылуда. Қай мектепке барсаңыз да, интерактивті тақта, биологиялық-химиялық құралдар, заманауи спорт залы мен асхана және тағы да басқа керек-жарақтың барлығымен қамтылған. Мектеп түлектері бір бағытпен ғана шектеліп қалмай, бәсекеге қабілетті маман атануға әрекеттенгені дұрыс. Бұған облыста барлық жағдай жасалған. Мен де алғашқы ұстазым Мәрия Жұманова бастаған небір білікті ұстаздардан білім алдым. «Оқу инемен құдық қазғандай» деп бекер айтылмаған ғой. Алғашқы сынақтан сәтті өтсеңіздер, алда биік белестер тұр. Бірақ, қандай қиындыққа да төзе біліңіздер, – деген-ді жастарға арнаған сөзінде. Сондықтан бүгінгі дарын иелері бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, болашаққа бейімделуі керек деп ойлаймыз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз