Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Қала мен ауыл баласының айырмашылығы жер мен көктей

Жаз айларында қала баласы бұрынғыдай ауылға қарай ағылмайды. Ата-анасының мүмкіндігі барлары ғана жекеменшік лагерьлерге (көбісі жекешелендірілген) немесе өзге қалаларға қыдырады. Одан өзгесі қаладағы аптап ыстықта есік алдына да шыға алмай үйге қамалады. Арамызда осылайша, айдалада асыр салып көрмеген, еркіндіктің не екенін білмейтін, телефон мен теледидарға үңілген  «үйкүшік» балалар өсіп жатыр.

ҚАЛАДАҒЫ БАЛА – ҚАМАУДАҒЫ БАЛА

«Қаладағы бала – қамаудағы бала». Ауылдағы Гүлайым әпкенің осы бір сөзі ойымнан  кетпей қойды. Ол бұлай деп ауылдың топ балаларымен қосылып ойнап кете алмай жүрген қалалық балаға қатысты айтқан болатын. Қара топырақ үстінде жалаң аяқ, бір-бірімен алысып жүрген ауыл балалары еш нәрсеге алаңдамайды. Оларға «үйге қайт, үстіңді бүлдіресің, жалаң аяқ жүрме» деп айтып жатқан ешкім жоқ. Ал, қалалық бала үстіне бір шаң тисе қаққыштап, аяқ киімді шешуді ұят санап, тура бір «джунглиге» түскендей өзін ыңғайсыз сезінді де жүрді. Иә, қала мен ауыл алшақтығы байқалып-ақ тұрады. Біз бала тәрбиесіне жетік көңіл аударып жүрміз бе? Балаға не керек, ол үшін не қауіпсіз?

Бала күнімізде біз шырқаған «Жазда атамның ауылына, Барып едім қыдырып…» деп басталатын әннің де уақыты өтті ме деймін. Себебі, мұны қазіргі балалар айтпайды. Өйткені, олар ауылға бармайды, ауылда туысқандары да қалмаған. Яғни, ауылда жұмыс орындарының жоқтығынан көпшілігі қалаға қоныс аударған. Сондай-ақ, қалалықтар ауылда зейнетақы мен азын-аулақ малға қарап отырған ағайындарын әбігерге салғысы келмейді. Және ел арасындағы түрлі оқиғаларды естіп, қауіпсіздікті ойлайды. Соңында баланың төрт қабырғаға телміре қарап отыруына тура келеді.

Ал, психолог мамандар болса, баланың бойында энергия көп болатындықтан, оны тиімді жұмсау маңызды екендігін айтып дабыл қағуда. Көп қабатты үйге қамалған балада энергия қалай жұмсалсын? Бар ойы ғаламторда, әлеуметтік желіде болып, одан өзге ермек таба алмайды. Себебі, балалар бой жазатын ойын орталықтары мен спорттық үйірмелер аз немесе ақылы. Оған үнемі апаруға кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді.

Берсең, балаға бер!

Қаладағы Қ.Сәтбаев даңғылы бойынан тұңғыш рет тегін ойын алаңқайының ашылуы істің беті бері қарай бастағанын көрсетсе керек. Бүгінде мұнда келіп жатқан балалардың санында шек жоқ. Ақы төлейміз деп қиналмайды, қаланың әр шетінен келген балалар қалауынша ойнап жүр. Бұрын тегін алаңқайларды көрмеген ата-аналар мұны ашқан азаматтарға шын көңілдерімен алғыстарын айтып, «аттракциондар паркін қаланың өзге де ықшамаудандарында орнатса» деген өтініштерін білдіруде. Себебі, бір алаңқай барлық балаға жетпейді, көзі қызықса да ойнай алмай кері қайтып жатқандар да көп.

Ойын алаңдарынан бөлек,  қаламызда балаларға арналған қандай спорттық үйірмелер бар? Олар кімдер үшін қолжетімді? Бұл сауалдардың жауабын білу үшін қалалық спорт және денешынықтыру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Ахмедьяровқа хабарласып көргенбіз. Оның айтуынша, «Мұнайшы» спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында 139 жаттықтырушы балалар мен жасөспірімдерге спорттың 22 түрінен тегін жаттығу жүргізеді.

– «Мұнайшы» спорт клубы» КМК теңгеріміне 33 жаттығу алаңын алуды жоспарлап отырмыз. Қалалық білім беру бөлімі жанынан балалар мен жасөспірімдердің  дайындығы бойынша «Ұлан», «Барыс» атты клубтар жұмыс жасайды. Бұл жерлерде бүгінде 810 бала спортпен айналысуда. Ақылы қызмет көрсететін спорттың 43 түрінен қоғамдық бірлестік түрінде жұмыс жасайтын федерацияларда көп балалы, аз қамтылған отбасы балалары мен жетім және жартылай жетім балалар тегін шұғылданады. Сондай-ақ, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт шеберлігі мектебі мен Нұрсая ықшамауданындағы «Олимпиадалық резервті дайындау орталығы», бұдан бөлек 8 спорттық клуб қызмет етеді. Бүгінде олар жақсы нәтижелерге қол жеткізуде, —  дейді ол.

Құмар ойынның құлы болма, құлыншақ!

Қолы бос баланың бәрі бірдей  пайдалы іспен айналыспайды. Сондықтан,  көше кезіп, түрлі қылмыстың орын алуына «үлестерін» қосып кетуі әбден мүмкін. Әсіресе, түн ауа жасөспірімдердің  интернет клубтарға қарай жорта бастайтыны жасырын емес. Оқушылардың түрлі қылмыстарға ұрынбауын қадағалау да бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Алайда, жасөспірімдерге қатысты қылмыс санының артуы балалармен жұмыстың әлі де болса жүйелі түрде жолға қойылмағанын көрсетсе керек.

P.S. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға тек ата-аналар ғана жауапты болмай, бұл іске білім беру ұйымдары да араласып, компаниялар қолдау көрсетсе дейміз. Бала тәрбиесі ана жатырынан басталады. Десек те, есейгенге дейін ортасы берер тәрбиенің де орны бөлек. Сондықтан, бала болашағы үшін бәріміз жауаптымыз!   
ҚАЛАДАҒЫ БАЛА – ҚАМАУДАҒЫ БАЛА-2

Анар САПАРОВА,

ата-ана:

– Біз балаларымызды «жылыжайда» өсіріп жатырмыз. Олай дейтінім – үйден шығармай, тамағын тауып, киімдерін кигізіп, баптаймыз (әрине, ол ата-ананың міндеті). Олар ауыл балалары секілді қара жұмыс жасамайды. Ауылға қыдырып бармайды. Ауыл дейміз-ау, қаладағы ағайынның үйлеріне де бара алмайды. Өйткені, қазақтың қонақжайлық қасиеті жоғалып барады. Бүгін біз туған бауырларымыздың үйіне де жібере алмайтын күйге жеттік. Себебі, балалар сәл нәрсеге бір-бірімен шекісіп қалатындықтан, жақтырмай қарайды. Бұл – ащы да болса, шындық. Мені өзіміздің ұлтымызға тән рухани құндылығымыздан гөрі, материалдық құндылыққа басымдық беріп отырғанымыз және соның тұңғиығына бойлап бара жатқанымыз алаңдатады. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сенсек, елімізде былтыр жасөспірімдер жасаған қылмыс

11 пайызға артқан. Жылына 100 мың жеткіншек полициялық бөлімшеге кіріп шығады екен. Ал, 2015-2016 жылы жасөспірімдер 3800 қылмыс жасаған.

«Бизнес-Көмек» әлеуметтік жобаларды қолдау жөніндегі мемлекеттік қорының демеушілігімен Атырау, Ақсай ауылдық округтерінде салынған спорт кешені №2, №4 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне берілді. Әрбір спорт кешенінде бес  топтан ашылып, 300-350 балаға дейін қабылдау жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылынан бастап Геолог ауылындағы №4 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінен жеңіл атлетика, велоспорт, садақ ату спортынан топтар ашылмақ. Нәтижесінде спорт мектептеріндегі секциялардың саны 25-ке өседі деп күтілуде. 

Мәлике МӘЛІК.

Related Articles

One Comment

  1. Әлбетте, бәріміз ауылдан шықтық. Бал күнімізді аңсайтынымыз анық. Дегенмен, қаладағы балаларды ауылға апарып, оларды небір қызық ойынмен қызықтырып отырса, жылда ата-әжесіне баратыны анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button