Алғыс айту күні айрықша аталып өтті
Бүгін «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нде Алғыс айту күніне орай «Алғыс – елдің ажары» деген атаумен шара ұйымдастырылды. Онда зейнеткерлік жасқа шығып отырған ардагер журналистер – Айтқали Нұрғалиев, Асқар Ғұмаров, Наталья Оразғалиева және Светлана Муньянова ерекше құрметке бөленді.
Медиахолдинг директоры Ерболат Қаменов саналы ғұмырларын осы салаға арнаған зейнеткерлерге алғыс білдіріп, ақпарат саласындағы ұзақ жылғы қызмет жылдарынан жинақталған фото-альбомды естелікке сыйға тартты.
Сондай-ақ, серіктестік директорының орынбасары Өтеген Нәукиев, «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелов, облыстық «Прикаспийская коммуна» газеті бас редакторының орынбасары Зәмзәгүл Нұрғалиева, жарнама бөлімінің жетекшісі Ағиба Қатешова зейнеткерлерді құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Исатай Балмағамбетов әріптестерді зейнет жастарымен құттықтап, «Алғыс хат» табыстады.
— Зейнеткерлікке шығу – уақыттың ісі. Бүгінгі Алғыс айту күнінде құрметті демалысқа шыққалы отырған ардагерлерді серіктестік ұжымының атынан шын жүректен құттықтаймын. Алдымызға жол көрсетіп келе жатқан аға буын өкілдеріне қашан да алғысымыз зор. Ал, алғыс көп айтылған жерден елдің жақсылығын, ұжымның оң бағытта келе жатқандығын байқауға болады, — деді «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Ерболат Қаменов.
Шара барысында ардагер Айтқали Нұрғалиев ақпарат саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген қызметкерлердің қадамына сәттілік тілеп, серіктестік директорының атынан бірқатар қызметкерлерге «Алғыс хат» ұсынды. Кеш қонақтарына арнап Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әртістері ән шырқады. Атап өтетін жайт, мұндай тағылымды шара ұжымда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.