АҚЖАРМА АЛҒЫС ЖАУҒАН КҮН
— Аймақта соңғы жылдары денсаулық саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Халықтың өмір сүру жасы ұлғайып, табиғи өсім көрсеткіші артты, өлім азайды, тұрғындар арасында әлеуметтік маңызды ауруларға шалдығудың деңгейі төмендеп келеді. Сондай-ақ, облыстық балалар ауруханасының жаңа корпусы салынып, пайдалануға берілді. Облыстық ЖИТС (СПИД) орталығының құрылысы аяқталды.
Биыл Құлсары қаласындағы аудандық емхананың және Атырау қаласындағы көпфункционалды аурухананың құрылыстары аяқталады. Индербор және Геолог елді мекендерінде емханалардың құрылысы басталуда, — деген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен Еркінқала дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Светлана Ермұратованы марапаттап, еңбегімен құрметке бөленген облыстың бір топ денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хатын ұсынды. Ал, «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін Атырау қалалық №7 емханасының рентгенолог дәрігері Мұрат Сиражеденов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің бас маманы Кәкима Жұмағалидың өңіріне қадады.
Дәрігерлер атынан сөз алған Геолог емханасының бас дәрігері Әсия Нарынбаева қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін қызметке үлкен қолдау білдіріп отырған аймақ және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларына шексіз алғысын білдірді. Сала иелерін кәсіби мерекелерімен облыстық мәслихат депутаттары атынан Әлия Бекқожиева құттықтады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиев бір топ әріптестерін «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Олардың қатарында Шалқар Тасқалиев, Асқар Кенжеғалиев, Берік Ғапуров, Гүлзейнеп Дүсіпова, Мәди Қарағожиев, Тамара Избасова, Гүлфайруз Қоңырова және Гүлнар Қуанова бар.
Бұған қоса, басқарма басшысы Атырау медицина колледжінің директоры Муса Өтепқалиевты «Алтын дәрігер» Құрметті атағымен марапаттаса, Жасталап Ізбанов, Ғалия Ғабдуллина, Зина Өтепова, Айнұр Ғайсина министрліктің Құрмет грамотасына және Ажар Құрмашева, Ермек Қамышева, Қарлығаш Жұмағазиевалар министрліктің Алғыс хатына ие болды.
Денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы Нұртан Сәрсенова аталған салада ұзақ жылдар бойы қызмет еткен ардагерлерді құттықтап, медицина қызметкерлері арасында өткен облыстық спартакиаданың І орын иегері – Құрманғазы аудандық орталық ауруханасы командасына ауыспалы кубокты табыс етіп, түрлі-түсті теледидар сыйға тартты.