АҚЫНЫН ІЗДЕГЕН АУДАН
Аудандық мәдениет үйінде оқырман қауымға жайсаң жыр жинақтарымен, бірнеше тартымды туындыларымен танылған ақынның жетпіс жасқа толған мерейлі шағына арналған «Өнердің құты қонған асыл өлкем» атты шығармашылық кеші өтті. Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын Қойшығұл Жылқышиев мерейгердің шығармашылығы туралы баяндама жасады.
Кеште облысқа танымал журналист Өтепберген Әлімгереев ақын ағасының қаламгерлік болмысы, ән-жырларының тақырып ауқымы туралы ой-толғаныстарын ортаға салды.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмажан Қадимов, аудан әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев ақынға ауданның Құрмет грамотасы мен аудан әкімінің құттықтау хатын табыстады. Ағайындары атынан Жәкеңді мерейлі жасымен құттықтаған Қабдығали Сұпығалиев арғымақ мінгізіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Кеште сөз алған ақын Ж.Аронов осы шараны мәнді ұйымдастыруға мұрындық болған аудан әкімдігі мен оның ішкі саясат, мәдениет бөлімдеріне, барша ауылдастарына ризашылығын білдірді. Ауылдың өнерлі жастары ақын жырларын оқыды, әндері мен күйлерін орындады.
Бақытжан ЖҰМАТ,
Исатай ауданы.