АҚМЕШІТКЕ ҚАТЫНАС ЖЕҢІЛДЕДІ
Елбасының тапсырмасымен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру аясында жергілікті «Нефтестройсервис ЛТД» компаниясы Ақмешіттің 20 жыл бойғы шырақшысы Ислам қажы Мырзабекұлының мерейлі 70 жасқа толуына орайластырып қасиетті мекенге тіркемесі бар әмбебап «Беларус МТЗ 82.1» тракторын сыйға тартты.
«Қыста екі-үш ай бойы қар қалың жауған кездерде көліктер тұралап қалады да, еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған халық аудан орталығынан шалғай жатқан Ақмешітке жете алмай қиналады. Қытымыр аязда ауыз суды уақытылы тасымалдау тіптен қиынға соғады. Аудан басшыларына жағдайымызды айтып, қолғабыс етулерін өтінгенбіз, көмек көп күттірмеді. Бүгін «Нефтестройсервис» компаниясы басшысының орынбасары Омар Ақдірашев су жаңа трактордың кілтін ұстатты, дән ризамыз», — деп мерейтой иесі Ислам қажы Мырзабекұлы өзінің қуанышымен бөлісті.
Қуаттылығы 82 аттың күшіне тең, құны 10 млн. теңгені құрайтын соңғы шығарылымдағы «Беларус» әмбебап тракторы ауыл, орман, тұрғын үй-коммуналдық және қойма шаруашылықтарына, өнеркәсіп жұмыстарына арналған. Ортақ қуанышқа жиылған жылойлықтар «енді Ақмешіт басындағы шаруашылық өрге басатын болды» деп, қуана тарқасты.
Альбина АХМЕДЬЯРОВА.