Жарнама
Жаңалықтар

Әкем айтқан сыр…

Жаңа жоба: «Кие«

Күнделікті өмірде таңғажайып құбылыс, адам сенбес оқиғалар болып жатады. Оны көбінде кездейсоқ жағдай деп қабылдайтынымыз бар. Дегенмен ғылымның өзі адамзатты толық зерттеп бітпегенін ескерсек, дүниеде түсінуге сана, айтуға тіл жетпейтін жайлардың орын алуы ықтимал.

Ал, жаңа айдарды «Кие» деп атауымыз бекер емес. Өйткені аталарымыз әуелден киеге үлкен мән берген. Қоршаған ортасын, жануары мен құсын, тіпті жердегі жорғалаған құрт-құмырсқасын киелі деп санаған. Оларға орынсыз тиіспеген. Киесі ұрады деп қорыққан. Қасиет қонған адамдарды, олардың зираттарын да солай құрметтеген. Ендеше, жаңа айдар ерекше адамдардың басынан өткен таңғажайып оқиғалар туралы жазылған мақалаларды топтастырады.

…Мен үйде жалғыз бала болып өстім. Бұл ата-анамның қазіргі жас шаңырақ иелеріндей өздері қалағанынан емес, еріктерінен тыс, бала тұрмағанынан болған жағдай еді. Сол үшін де маған орыс есімін беріп, Алладан жалбарынып тілеп, түрлі ырымын жасапты. Жаратқанның қалауымен он баласынан қалған мені әке-шешем ерекшеаялап, аузыма барды тосып өсірді. Бірақ, бәрінің шегі болатынын кішкене кезімнен санама сіңіріп, салмақты, тәрбиелі болып өсуіме зор мән берді. Жасым жетіп, тұрмысқа шыққанымды, ана атанып, сәбилі болғанымды көрген ата-анам қуаныштан бастары айналды. «Балаларымыз баудай түсіп, бірінен соң бірі өле бергенде ұрпақсыз қаламыз ба?» деп қатты уайымдаушы едік. Құдайдың қолдауы шығар, бүгінде ата мен әже атандық. Шүкір, бұдан асқан бақыт бар ма?!» деп екеуі осы өмірлеріне разы екендерін жарыса айтып отырушы еді.

Өмірге әкелген он перзентінің тоғызын жер қойнына тапсырған анамның сарыуайымнан саулығы кеміді. Марқұм ентікпе, жүрек, қан қысымы дерттерінен қатты зардап шекті. Ол кісі өмірден өткен соң жалғыз қалған әкемді қолымызға алдық. …Бірде жұмыстан келсем, әкемнің көңілі босап отыр. Мен өмірлік қосағы – анам есіне түскен шығар деп ойлағанмын. Байқасам, әкемнің маған бұрын-соңды айтпаған сыры бар екен. Оны ол былайша жеткізді.

 – Балалық шақта ойнайтын ойынның түрі көп қой. Бірақ, неге екені белгісіз, біз ылғи ұлдар болып ауыл-аймақтағы ит-мысыққа күн бермейтінбіз. Кесектейміз, қуамыз, байлап қоямыз, арқанды мойнына салып сүйрелейміз – әйтеуір, ойымызға келгенді істейтінбіз. Сөйтіп жүргенде солардың көбі өліп те қалды…

i

Енді қартайған кезде сол ақыл тоқтатпаған тұстағы үй жануарларына жасаған қиянаттарымыз, қисынсыз ойындарымыз есіме түсіп отырғаны. Оларды да Алла жаратқандықтан киесі мен сұрауы бар ғой. Біз осыны ескермеппіз. Қазір ойлап отырсам, сол бірге ойнаған ұлдардың бәрі түрлі сынақтарға кезіккен екен. Бірі мүгедек болды, екіншісі тұлдыр жетім қалды, үшіншісі… менің балаларым тұрмады… — деген әкемнің жанары жасқа толып кетті…

Мұндай әңгімені күтпеген мен де алғашында тосылып қалдым. Артынша «тағдырдың маңдайға жазуы шығар, папа, сол бала күнгі ойыннан дейсің бе?!» деп, өзімше әкемді жұбатып жатырмын. Әкем «соның кесірі» дейді еңкілдеген күйі. Кете-кеткенше өзін «күшік пен мысықтың киесі ұрды. Содан тоғыз перзентімнің обалына қалдым» деп зар илеген әкем жүрегінің соғуы тоқтағанша «тіршілік иелеріне қиянат жасамаңдар – мейлі ол тал-терек, құмырсқа, бақа-шаян болсын!» деген-ді. Аруағың разы болсын, әке, қай нәрсенің де киесі болады деген аманатыңды осылайша кейінгі ұрпаққа жеткізуді жөн деп санадым.

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

2 Comments

  1. “Кие” атты жаңа айдардың өмірге келуі өте орынды Айдардың кейінгі жастарға берер тәлімі мол болатынына сенімдімін. “Кие”, “киесі ұрады” деп ата-әжеміз, ата-анамыз үнемі айтып отыратын. “Алла жаратқан барлық жанды, жансыз нәрсенің обалы бар. Оларға орынсыз тиіспеу керек, киесі ұрады”,-деп ескертіп отырушы еді. Тіпті көк шөпті де тапатпайтын еді. Жоғарыда айтылғандай мысалдарды келтіре отырып, киенің мағынасын санамызға сіңіруге тырысатын. Ұлтымыздың небір керемет қасиеттерін, тәлім-тәрбиесін кейінгі ұрпаққа насихаттап, санасына сіңіріп отыруда мұндай айдарлардың пайдасы мол боларына сенімдіміз. “Киенің” қадамы құтты болсын!

  2. «Кие», «киелі” деген сөздер қазір көп айтылмағанмен, біз оларды бала кезімізден құлағымызға сіңіріп өскенбіз. Әжеміз марқұм: “Алла жаратқан әр нәрсенің өзіндік қасиеті, киесі болады, ешнәрсені орынсыз бүлдірмеңдер, малды теппеңдер, киесі ұрады”,- деп отырушы еді. Кие туралы көп нәрселерді айтуға болады және оның жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге қосар үлесі де мол болары сөзсіз. Сондықтан “Кие” атты жаңа жобаның ашылуы өте орынды деп есептеймін. Қазіргі жастар бұл туралы білгені жөн. Жаңа айдардың ұрпаққа берер тәрбиесі мол болсын. Қадамы сәтті болсын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button