Жаңалықтар

Ақ Жайықты тел емген…Батыс Қазақстан облысының делегациясы Атырауда болды

 Кеше Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ Батыс Қазақстан облысы делегациясын қабылдады.

— Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық тауар өндірушілерді қолдау, өңіраралық ынтымақтастықты орнату, жергілікті қамтуды дамыту және ел экономикасын әртараптандыру жөнінде берген тапсырмасын орындау мақсатында Батыс Қазақстан облысы әкімі бастаған делегация Атырау облысына арнайы сапармен келіп отыр. Ел экономикасының локомотиві атанған Атырау жері – шикізатқа бай, өндірісі өркендеген өлке. Мақсатымыз – шикізатқа тәуелділіктен арылып, өнеркәсіп салаларын дамытуға қол жеткізу. Атырау облысының жер қойнауында мұнай мен газдан басқа да табиғи шикізаттар жетерлік. Аймақта гипс, әк тасы, құрылыс құмы, калий тұзы, кірпіш өнеркәсібі үшін саз және басқа да пайдалы қазбалар бар. Алға қойған міндеттердің бірі – өңір экономикасын әртараптандыру. Осы бағыттағы маңызды жұмыс өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталып отыр. Өлкеде бизнеспен айналысуға және жаңа өндірістер ашуға қолайлы жағдайлар жасалуда. Статистикалық мәліметтер бойынша 2014 жылы Атырау облысынан Батыс Қазақстан облысына құны 1,8 миллиард теңге өнеркәсіп өнімі жөнелтілген, ал бұл көрсеткіш БҚО-нан Атырау аймағына 20,8 миллиард теңгені құрайды. Тауар айналымының негізі – құрылыс материалдары мен ауыл шаруашылығы өнімдері. Бүгінгі кездесуіміз алдағы уақытта өңіраралық ынтымақтастыққа қолайлы нәтиже береді деп есептейміз, — деді жиналысты ашқан аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы. Батыс Қазақстан облысы делегациясын басқарып келген облыс әкімі Алтай Көлгінов те бұл сапардың екі өңір экономикасын дамытуға тигізер маңызы зор екенін айтты.

— Бүгінгі аса маңызды кездесу – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңіраралық ынтымақтастықты нығайту туралы тапсырмасын жүзеге асырудың нақты көрінісі. Ақ Жайықты тел емген екі аймақ бұрыннан да тарихи-мәдени байланыста екені баршаға мәлім. Өздеріңіз куә болып отырған сапарымыз осы дәстүрлі ынтымақтастық пен бірлікті одан әрі нығайта түсері кәміл. Батыс Қазақстан облысы да еліміздің экономикалық дамуында өзіндік орны бар өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қатар өркендеген ырысты өлке. ТМД кеңістігінде машина жасау ісімен әйгілі «Зенит» Орал зауыты» АҚ мен «НИИ «Гидроприбор» АҚ – өлкедегі өнеркәсіп локомотивтері. Бұл кәсіпорындарға Ресей, Түркия, Араб әмірліктерінен сұраныстар түсуінің өзі олардың өз ісінің шебері екендігінің айқын дәлелі. Облысымызда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, тамақ өнеркәсібі жақсы жолға қойылған. Мәселен, «Батыс Марқа Ламб» ЖШС өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Бұл кәсіпорынның техникалық базасы – заманауи технологияның озық үлгісі. Бұл салтанатты шара өңіраралық ынтымақтастықта жолбасшы болып, үлкен нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенеміз, — деді Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Сейдірұлы. Ежелден іргелес екі облыстың кәсіпорындарын тереңірек таныстырып, тәжірибелер мен қол жеткен жетістіктер туралы айтқан «ЗенитТехСервис» ЖШС (машина жасау) басшысы Көшербай Айғожаұлы, «Агропродукт LTD» ЖШС (тамақ өнімдері) басшысы Темірғали Ескендіров, «Батыс Продукт» ЖШС (кондитер өнімдері) басшысы Николай Голякович атыраулық кәсіпкерлермен көзбе-көз сөйлесті, сұрақтарға жауап берді. Кездесуде сөз алған «Орал-Вент» ЖШС басшысы Александр Кичапов су көліктерін жасап-жабдықтауды, қосалқы бөлшектерді өндіруді жүзеге асырып жатқаны жөнінде өз тәжірибелерін ортаға салды. Осы жерде Атырау облысы, Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметов Қиғаш өзені бойына орналасқан Жасталап-Көптоғай және Көптоғай-Шортанбай ауылдарының ішкі байланысын жүзеге асыру үшін паром керек екенін айтып, мәселені шешіп алды. Жиналыста «Зенит» Орал зауыты» АҚ Бас директорының орынбасары Богдан Хомко «Теңізшевройл» ЖШС-нің өндіріске қажетті құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді Ресейден алдыртатыны туралы кездейсоқ білгенін айтты. Ал, ол өнімдерді аталмыш кәсіпорын да шығарады екен. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев «Теңізшевройл» ЖШС менеджері Даниел Жолдыбаевты орнынан көтеріп, мәселенің анық-қанығын анықтауды өтінді. «Елбасы тапсырмасы – отандық өнімдерге тапсырыс беру және қолдау. Біз өңір экономикасын дамытуда осыны басшылыққа алуымыз керек. Жер қойнауын игеруші компаниялар да осы бағытта жұмыстануы тиіс», — деген аймақ басшысы алдағы уақытта тұтынушылар тек қана отандық өнімге сұраныс беруі қажеттігін қадап айтты. Отандық өнім шығарушылардың сапаға көңіл аударуын да ескертті. «Теңізшевройл» ЖШС-нің ет өнімдерін Ресейден алдыртатыны да анықталды. Бұл туралы өз пікірін білдірген облыс әкімі «Батыс Марқа Ламб» ЖШС-нің заманауи озық технологиямен жұмыс жасайтынын, бұл кәсіпорын өндірген ет өнімдерінің әлемдік стандартқа сай екенін атап өтті. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұдан кейін Атырау облысы және Батыс Қазақстан облысы кәсіпорындарының ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімі болды. Батыс Қазақстан облысының «Батыс Марқа Ламб» ЖШС атыраулық «Идеал Маркет», «Био Март» және «Дина» мекемелерімен өзара ынтымақтастық келісімін жасады. Кездесу соңында Нұрлан Асқарұлы батысқазақстандықтарға «Тойота хайс» автокөлігін сыйға тартты.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Суреттерді түсірген: Е.АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button