Ақ Жайық туризмге сұранып тұр
Өткен бейсенбіде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Онда Ұлт жоспарында межеленген негізгі міндеттердің бірі – еліміздің туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының аймақта іске асырылу барысы сөз болды.
«Бүгінгі таңда облыста елуден астам елден келген 700-ден аса компания қызмет етеді. Бұл іскерлік туризмнің және қонақ үй шаруашылығының дамуына оң ықпал етуде. Әсіресе, ішкі туризм саласында келушілер санының көбеюі байқалады. Құрманғазы ауданында туризмнің спорттық-әуесқойлық бағыты – аң және балық аулау кеңінен дамуда. Сондай-ақ, этнографиялық және мәдени-танымдық туризм түрлерін жаңғыртудың бастамасы бар» деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Диас Жәнібеков.
Айта кету керек, аймақтың кең-байтақ даласы экстремалды туризмді дамытуға қолайлы. Бұл жерден негізінен Италия, Франция, Қытай, Ресей елдерінің автоэкспедициялары өтеді. Биыл жаз мезгілінен бастап Жайық өзенінде су маршруты бойынша кемемен экскурсиялық серуендеуге мүмкіндік туады. Бұдан басқа «ЕХРО-2017» көрмесіне келушілерді қабылдау үшін туристік маршруттар әзірленді.
Кеңейтілген отырысқа қатысушылар Сарайшық қалашығының Жайық бетіндегі жағасын бекіту, Жылыой ауданындағы «Ақ мешіт» рухани кешенін және Индер ауданында туризмді дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.
«Туризм саласы өздігінен дамымайды. Сондықтан, оның инфрақұрылымын жетілдіруге, жаңа жобаларды іске асыруға инвестиция тарту – басты мәселе. Олай болса, бұл іске көп болып жұмылу керек. Бүгінде Сарайшық қалашығы тұсындағы жағаны бекітудің кескіндік құжаттары дайын. Алдымызда қаржы мәселесін шешу міндеті тұр. Ал, «Ақ мешіт» рухани кешенін зерттеп, дамыту арнайы жұмыс тобын құруды қажет етеді» деп атап өтті кеңес төрағасы Сағындық Лұқпанов.
Қоғамдық кеңесте қаралған өзге де мәселелер бойынша жергілікті атқарушы билікке ұсыныстар берілетін болды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.