Жарнама
Жаңалықтар

Ақ Жайық бойындағы атакәсіп, оны жандандырудың жолдары қандай?

  Бүгінде «Бекіре – 2016» балық қорғау акциясы мәресіне жетті. Бағалы
су маржанын сақтауды, көбейтуді мақсат еткен науқанның нәтижесі де белгілі болып жатыр. Сондықтан, кеше облыстық әкімдікте аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиында акцияның қорытындысымен қатар, балық шаруашылығына қатысты келелі мәселелер, түйінді проблемалар да талқыға салынды.

     БРАКОНЬЕРЛЕР АЙЫЛЫН ЖИЯ БАСТАДЫ

   Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиевтің айтуынша, қазіргі күні заңсыз іспен айналысқандардың саны кәдімгідей азайды. Оған балық қорғаушылар мен өзге құзырлы орган өкілдерінің айдын бетін күні-түні қадағалап, заңсыздыққа жол бермеуі себепші болды. Акция кезінде табиғат қорғау заңнамасын бұзған 1217 дерек анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке 1035 адам тартылып, 162 қылмыстық іс қозғалды. Соның 64-і сотқа жолданып отыр.
— Балық қорын қорғау мақсатында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы прокуратура, ішкі істер, көліктік бақылау және шекара қызметі органдарымен бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізді. Инспекторларымыз күн сайын айдынның бетін сүзіп, жүздеген метр құрылған аулардан тазартты, — деді инспекция жетекшісі.
Табиғаттың байлығы көздің қарашығындай қорғалғанымен, ебін тауып, екі асайтындар да азаймай тұр. Қуатты шағын қайықтарға мінгескен олар өзенді қойып, теңізге шығып, ау салуды кәсіпке айналдырған. Сондықтан, биыл да қоршаған ортаны қорғаушылардың біраз маңдай терлетуіне тура келді. Осы тұста «балық барымташыларының» қулығын айтпай кетпеске болмайды. Бұлар қуғыншыдан құтылу үшін терең батпақ, қалың қамысқа барып жасырынады. Сондықтан да оларға құрық салу қиын болғаны рас, үлкен кемемен браконьерлер жасырынған жерге жету де мүмкін емес. Төбеден бақылайтын тікұшақтардың қажеттілігі осы тұста туындайды. Акция барысында құзырлы орган өкілдері әуе кемесімен үш рет айдынның бетін шолып шыққандарын баяндады. Инспекция жетекшісінің пікірінше, қаражаттың тапшылығынан өзге рейдтер ұйымдастыруға мүмкіндік болмаған. Өйткені, техниканы жалдаудың құны 1 сағатқа 600 мың теңгені құрайды екен. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың алғашқы сауалын тудырған да осы тұс болды.
— Балық шаруашылығын дамытуға бүгінде маңыз беріп отырмыз. Табиғат байлығын қорғауға тиісті біраз қаражат та бағытталуда. Сондықтан, мәселені тек қаржымен байланыстырудың реті келмейді. Ұйымдастыру жұмыстарының кемшілігі осы арада туындайды. Жалпы, әуе техникасымен төңіректі шолып шығу қаншалықты тиімді? — деді аймақ басшысы.
Байыптап қарасақ, тікұшақ арқылы әуеден бақылау бекіре тұқымдас балықтардың ғана емес, теңіздегі итбалықтардың да дамуын қадағалауға мүмкіндік береді. Соған қарамастан, қаражат қаралса да, ол жағдай кеңінен пайдаланылмай отыр. Сонымен қатар, облыс әкімінің балық «барымташылары» жиі қолданатын үш аяқты мотоциклдерді тіркеу, есепке алу туралы сұрағы да облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Асан Шалқаровты біраз тосылдырды.
Браконьерлік туралы сөз болғанда бұрын Жанбай, Забурын ауылдарындағы жағдай алдымен айтылатын. Балық қорғаушылардың әңгімесіне қарағанда, жергілікті тұрғындар талаптың тегеуірінді, тәртіптің қатая түскендігін анық ұға бастапты. Балық аулаушылардың дені қазір заңды түрде жұмысын жүргізіп жатқан құрылымдарда еңбек етуде. Айта кетейік, бүгінде теңіз үстінде ойына келгенін жасайтын шетелдік браконьерлер де азайыпты. Дегенмен, бұл көрініс сақшыларымыздың қырағылығын кемітпесе керек.
     ЛИМИТ НЕГЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?
  Жиында балық аулау лимитінің жеткіліксіздігі тағы да көтерілді. Бірінен соң бірі орындарынан тұрған балық аулаушы және өңдеуші шаруашылықтың басшылары аймақ жетекшісіне, ауыл шаруашылығы министрлігінің өкіліне шағымдарын айтты.
— Біз үшін лимит – проблеманың бастысы. Ол бүгінгі балық шаруашылығының дамуына басты кедергі десек те артық етпейді. Оның аз болуы жұмысымызға кері әсерін тигізуде. Жалпы, бір аймақта қатарласып аққан Жайық пен Қиғаш өзендеріндегі жағдайды екі түрлі бағалауға болады. Құрманғазы ауданында су көп келген кезде ол түрлі көлшіктерге құйылады (оның саны 40-тан асады), сол себепті үлкен балықтардың осында уылдырық шашуынан өзге амалы қалмайды. Бұрын осы мәселелермен айналысатын құрылым болған еді. Соны жаңғыртса қайтеді, — деді белгілі кәсіпкер Әбдібек Бисенов.
— Мен балық шаруашылығында біраздан бері еңбек етіп келемін. Шаруашылығымыз бүгінде 15-20 балық өнімінің түрін шығарады. Дегенмен, біз үшін де балық аулау лимитінің жеткіліксіздігі – айтпай кетпейтін мәселе. Бұған дейін жыл сайын көктемгі балық аулау науқаны кезінде 1000 тоннаға жуық лимит алып келгенбіз. Биыл «Қазақбалықшаруашылығы» балықшылардың қоғамдық бірлестігі 800 тонна лимит бөлді. Сол себепті, ауланған балықтың түрлері аз болды. Лимит бөлу кезінде шаруашылықтардың рейтингісін, мүмкіндіктерін ескерген жөн деп санаймын. Өйткені, күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, лимитті 28 пайызға ғана орындаған құрылымдар да бар. Осы жағдайдың ескерілуін сұраймын, — деді «Інжу-маржан» ЖШС директоры Гүлфара Ысмағұлова.
— 70 жылдардан бері балықпен айналысып келе жатқандықтан саланың жәй-жапсарын біраз білеміз. Лимитті бөлгенде алдымен жиналып, балық шаруашылықтары басшыларымен ақылдасып алған жөн деп санаймын. Өйткені, әр жердің табиғатына сәйкес өзіндік ерекшеліктері болады. Мәселен, бұрын Жайықта құты (карась) деген балық өмірде болмаған. Қазір қарасаңыз, ол ауға жиі түседі. Лимитті бөлу кезінде шортан 25 тонна аулануы керек дейді. Ал, шортанды біз қайдан аламыз? Ол Қиғашта болғанымен, бізде жоқ. Тағы бір проблема, көктемгі балық аулау маусымы наурыз айының ортасында басталады да ұзаққа созылмайды. Салыстыру үшін Ресейді алсақ, мұндағы тартым мұз еріген бойда қызу қарқынмен жүреді. Науқан да бізбен салыстырғанда ұзағырақ созылады. Мұны неге ескермейміз, — деді Құрманғазы шаруашылығының басшысы Салауат Тілепбергенов.
    ҮЛГІ АЛАР ТҰС КӨП
 Облыс әкімінің тапсырмасына орай жақында аймақ басшысының орынбасары Сәлімжан Нақпаев бастаған делегация Астрахан облысына барып қайтқан болатын. Алқалы жиында сапардың қорытындысы айтылды, көршілес мемлекеттің озық тәжірибелері ортаға салынды.
— Астрахан облысында балық шаруашылығымен 28 ұжым айналысады екен. Соның 20-сы жұмысын жақсы жолға қойған. Құрылымдар жылына 17-18 тонна қара уылдырық шығарып, табысты еңбек етуде, — деді Сәлімжан Жұмашұлы.
Атыраулықтар балық шаруашылығымен айналысатын жергілікті өндіріс орындарын аралап көріпті. Сондағы байқағандары – балықты аулауға ғана емес, оның өнімін өндіруге маңыз берілетіндігінде. «Бір ғана мысал, Володар ауданында шап-шағын шаруашылық балық өнімдерін шығарып жатыр. Ал, оның тауары Мәскеудегі супермаркеттерде саудаға түсуде» деді облыс әкімінің орынбасары.
Өндіріске бет бұрған балық шаруашылығында жаңа технологиялар қолға алынуда. Оны бізге де өмірге енгізу қажеттілігі туып тұр. Өйткені, жергілікті құрылымдар балықты аулап, оны көбіне өзгелерге сол күйінде сатып жіберуге ұмтылып тұрады. Бәсекелестікке төтеп береміз, дастарханымызды молайтамыз десек, мәселеге осылай жеңіл көзқараспен қарауға болмайды.
Тағы бір өзекті мәселе – Жайық өзені «тамағының» бітелуі болып тұр. Ол уақытында аршылмағандықтан, бағалы балықтардың көбеюіне кедергі келтіруде. Ал, ресейліктерде Еділ өзенінің салаларын тазалауға 4 млрд. рубль, теңгеге шаққанда 20 млрд. теңге шамасында қаржы тұрақты бөлінуде. Соның нәтижесінде теңізде жүзген балықтың барлық түрі уылдырық шашу үшін Еділге шығатын көрінеді.
Жиынға қатынасқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Нариман Жүнісов күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жұмыстар жүріп жат-қанын баяндады. Өзеннің «тамағын» аршу, жергілікті балық зауыттарының өндірістік қуаттарын арттыру мақсатында Азиялық, тағы басқа банктермен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын айтты.
Балық шаруашылығының бүгінгі проблемалары, оны шешу жолдары, браконьерлікпен күрес мәселелері қаралған отырысты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қорытындылады. Нақты шешімдер алу үшін өзінің орынбасарлары мен бас-қарма басшыларына тапсырмалар берді.

                    Азамат БАЗАРБАЕВ.

«БЕКІРЕ-2016»:
   деректер мен дәйектер

• Балық қорғау акциясы кезінде браконьерлерден 31 тоннадан астам балық тәркіленді. Оның 2 тоннасы бекіре тұқымдас балық. 3,5 келі қара уылдырық алынды.
• 146 суда жүзу, 3 көлік құралы тәркіленді.
• Бекіре тұқымдас балықтың санын көбейту мақсатында 192 су маржаны ауланды. Олар жергілікті бекіре балығын өсіру зауыттарына тапсырылды.
• Табиғат қорғау заңдылығын бұзған 1217 дерек анықталды. Оның 196-ы өрескел түрдегі заң-бұзушылық болып табылады.
Акция ауқымындағы тегеуірінді шаралар нәтижесін көрсете бастады. Бүгінде бекіре Махамбет, Индер аудандарының аумағына дейін жетіп отыр. Ол су қойнауларын тексеру кезінде белгілі болды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button