Жарнама
Жаңалықтар

АЙЫРБАСТЫҢ НАҚТЫ ШЕГІ

 

Әлемдік экономикадағы күрделі жағдай, теріс өзгерістер бүгінде шұғыл шаралар алуды қажет етіп отыр. Елімізде осы мақсатта экономикалық өсім мен баға тұрақтылығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету үшін жаңа ақша-несие саясаты қолға алынуда.

— Осыған орай, ҚР Ұлттық банкі мен Үкіметі 2015 жылдың 20 тамызынан бастап инфляциялық таргеттеу режиміне, валюталық дәлізді алып тастауға және айырбас бағамын еркіндікке жіберуге көшуге негізделген жаңа ақша-несие саясатын жүзеге асыруға кірісу шешімін қабылдады, — деді ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов.

Үкімет басшысының атап өтуінше, теңгенің айырбас бағамы нарық сұранысы негізінде және іргелі ішкі, сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере отырып қалыптастырылатын болады. Дегенмен, теңге бағамының еркіндікке жіберілуіне байланысты бағаның негізсіз көтерілуіне жол берілмеуі тиіс. «Өңір әкімдері штабтарға басшылық жасап, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмектерінің деңгейін арттыру арқылы халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына қолдау шараларын қабылдауы тиіс. Сонымен қатар, бағаның, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер мен қызметтердің  негізсіз өсіміне жол бермеу бойынша ұйымдастырушылық шараларын қабылдауды тапсырамын», — деді Үкімет басшысы.

Ал, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов әзірге теңгенің тұрақты бағамына қатысты болжам жасау ерте екенін айтты. Бұл ретте банкир төл валютаның айырбас бағамы бойынша орнықты жағдай 5-7 күннің ішінде қалыптасады деп есептейді. Қ.Келімбетовтің айтуынша, ендігі кезекте теңге бағамы қаржы нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгеріміне байланысты қалыптасып отырады. Бұл ретте ол еркін айырбас бағамына шығарылған ұлттық валютаның долларға шаққандағы алғашқы құнын да хабарлады. 

— Бүгінгі таңғы сессия қорытындысы бойынша, орташа бағам 255 теңге 26 тиынды құрады. Сауда көлемі 115 миллион долларға жуықтады. Бұл – теңге бағамының еркін айналымға жіберілгеннен кейінгі алғашқы көрсеткіш. Ерекше  тоқталары,  бұл  бұрынғыдай бекітілген бағам емес. Бұрындары теңге әлсіреп, біз бағамды бір деңгейден бір деңгейге көтеруге мәжбүр болатынбыз. Оны девальвация деп атайтын. Ал, ендігісі – еркін айырбас. Ол нарыққа қатысушылардың сұранысы мен ұсынысының теңгеріміне байланысты өзгеріп отырады, — дедіҰлттық банктің төрағасы.

Брифингте Премьер-министр әлемдік экономикалық ахуалдың өзгергендігіне көпшіліктің назарын аударды. Қазақстан дөңгеленген дүниенің бір бөлшегі десек, бұл дүбірлі кезең бізді де айналып өтпейді. Сондықтан, отандастарымыз мұнайдың бағасы барреліне 30-40-50 доллар болған жағдайдағы өзге экономикалық ахуалда өмір сүруге үйренуі тиіс. «Біз мұнай, металл бағасының тұрақты өсіміне үйреніп алдық. Өкінішке орай, бұл кезең аяқталды. Енді кемінде таяу 5-7 жыл, мүмкін мұнан да ұзақ мерзімде өзге экономикалық жағдайда өмір сүретін боламыз. Қазақстанда бар металл және басқа да шикізаттың бағалары барынша төмен деңгейде болады. Сондықтан, бұл жағдайларда мемлекет пен Үкімет сәйкесінше үлгіде әрекет етіп, өзінің экономикалық саясатын қабылдауы тиіс» деген Кәрім Қажымханұлы еліміз алдағы экономикалық дамуы жолында Австралия мен Канада үлгісін ұстану керектігін атап айтты .

Сындарлы сәтте Үкімет қызметін жаңаша ұйымдастырып, заман талабына жауап беретін экономикалық саясатты қызу қолға алуда. Премьер-министр оларды тұжырымдап журналистерге айтып берді. Соның бірі, енді Үкімет экспорттық кеден салығын мұнай бағасына қосу туралы шешім қабылдайды. К.Мәсімов өз сөзінде мұнайға экспорттық кеден салығын алып тастау мұнайлы өлкелер үшін маңызды мәселе екендігін әрі компаниялар мен облыс басшылығы тарапынан бұл бірнеше мәрте көтеріліп, талқыға салынғанын атап өтті.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев теңге еркін айырбасқа жіберілген сәттеел Үкіметі мұнай өндіру көлемдерін төмендетуге жол бермейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Үкімет Kazenergy қауымдастығымен бірлесе отырып, мұнай-газ өндіретін 57 компанияға терең талдау жүргізген, оның қорытындылары бойынша тиімділігі төмен 39 компания іріктеліпті.

Басқосуда маңызды мәселенің бірі – зейнетақы қорына байланысты сауал қойылды. Соған орай Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов «зейнетақы салымдары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «шатыры» астына біріктіріліп, Ұлттық банк басқаруына берілген. Жоғары кірістілік бар. Кірістіліктің инфляцияға қатысы да маңызды. 1 тамыздағы инфляция – 3,9 пайыз. Сондықтан да, Ұлттық банк инвестициялық стратегияларға сәйкес инвестициялайды. Негізінен, Қаржы министрлігінің негізгі құнды қағаздары, оның ішінде шетелдік құнды қағаздар мақұлданған. Біз 1,5 жылдық басқару кезінде БЖЗҚ кірістілігі жақсарды және жақсарта түсетін боламыз» деп жауап берді.

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов болса, бүгінгі кезеңде барлық әлеуметтік төлемдерді, бюджеттік инвестициялық жобаларды қаржыландыру жұмысы тұрақты болатынына тоқталды. Брифингте, сондай-ақ, Үкіметтің Ұлттық қордан қосымша қаржы алмайтындығы, атқарушы биліктің ақпараттық саясатына өзгерту енгізілетіндігі, Қазақстанда кәсіпорындарды сауықтыру мен оңалтудың американдық әдісіне көшу жоспарланып отырғандығы да айтылды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button