АЙТ МЕЙРАМЫ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ
— Құрбан айт мерекесіндегі маңызды істің бірі – айт намазы. Қыркүйектің 24-і күні таңғы сағат 8:00-де оқылатын айт намазынан соң барша мұсылман құрбандық шалады. Құрбандыққа мал шалатын пенде ең алдымен мұсылман және балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, бостандықтағы азамат болуы шарт. Және құрбандыққа арнаған малдың ең алдымен түр-тұрпаты бүтін болуы керек, — деген Батыржан Берденұлы айтқа арналған мал түрлері мен оның сойылу әдістеріне дейін тоқталып өтті.
Оның айтуынша, халқымыздың ғасырлар бойына ұлықтап келе жатқан мейрамын облыс жұртшылығы бұл жолы да кең көлемде атап өтпекші. Мәселен, айт намазынан соң қаладағы алты мешіттің қызметкерлері арасында спорттық ойындардан сайыс басталады. Айттың алғашқы күні бір күн бойына құрбандыққа мал шалынып, айттың екінші күні әлеуметтік әлсіз топқа жататын мұқтаж жандарға сол құрбандыққа шалынған мал еті үлестіріледі. Бұл қайырымдылық шарасы облысқа қарасты жеті ауданда да ұйымдастырылады деп күтілуде. Сондай-ақ, орталық «Иманғали» мешіті маңында балаларға арналған ойын алаңдары жасақталатын болады.
«Халық арасында құрбандық малы саудаға салынбайды деген қате түсінік бар. Сіз құрбандыққа шалар малыңызды сатып алатын болсаңыз, бағасын саудаласуыңызға әбден болады. Және дәстүрге айналған «шектікті» құрбан айт мерекесінде берген дұрыс. Себебі, айт намазынан кейін сойылған малдың сауабы мол болады», — деді Б.Мансұров БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.