Жарнама
Жаңалықтар

Аймақтағы ауылдардың жағдайы жақсарады

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп, үкіметтің қаулысы қабылданғанына екі айға жуықтады. Құжатта ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту, жайлы өмір сүру ортасын құру, халық табысының өсуін және ауылдық аумақтарды одан әрі дамытуды қамтамасыз етудің тетіктері, іске асыру туралы жоспарлар мен міндеттер қамтылған.

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Серік Нысанбаев баспасөз брифингінде тұжырымдама аясында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы жалғасын тауып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл жұмыстар облыс орталығына қарасты ауылдық округтерді дамытуға зор қолдау болып отыр.

– «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша қалада даму әлеуеті бар 12 ауылдық елді мекен анықталып, жұмыс басталып кетті. Атырау қаласы мен оған қарасты ауылдардағы автокөлік жолының жалпы ұзындығы – 1634,9 шақырым. Оның 1484,2 шақырымына тас жол төселген, қалған 150,7 шақырымына тас жол төсеу қажет. 2022 жылдың қорытындысымен қала және оған қарасты елді мекендерде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 89,1 пайыздан 90 пайызға дейін ұлғайды, — деді Серік Бағытжанұлы.

Биыл Атырау қаласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауылішілік көлік қозғалысын арттырып, жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау көзделген. Осы мақсатта қолданыстағы келісім-шарттарға сәйкес, Еркінқала-2, Еркінқала, Балауса, Ракуш, Томарлы, Талқайраң, Бірлік, Алмалы, Зарослый ауылдарындағы 163 көшеге жалпы ұзындығы 108,6 шақырым асфальт төсеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биылдан бастап Сарыөзек, Дамбы, Ақсай ауылдарының 21 көшесіне 7,6 шақырым жол төсеу көзделген.

Қала әкімінің орынбасары мұны толық аяқтап, қолданысқа беру үшін 13,6 миллиард теңге қаражат қажет екенін айтады. Қала маңындағы ауылдар мен қала арасына салынатын көлік жолдарының жағдайы жылданжылға нашарлап, көлік ағынын өткізу қабілеті төмендеп барады. Аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында Атырау облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, қаладағы Балықшы шағынауданы мен Зарослый елді мекені аралығындағы және Атырау-Индер трассасының (0-10 шақырым) жолын қайта жаңғырту жұмыстары басталған еді.

Биыл жалпы ұзындығы 5,7 шақырымдық Балықшы шағынауданы мен Зарослый елді мекені аралығындағы тас жол пайдалануға берілмек. Ал, Атырау-Индер (0-10 шақырым) трассасының қалған бөлігіндегі жұмыс жалғасады. Сондайақ, Жұмыскер, Балауса, Ракуша, Еркінқала ауылдарынан қалаға дейінгі көлік қатынасын жақсарту мақсатында Жастар көшесінен Еркінқала ауылына дейінгі 11,7 шақырым қос жолақты тас жолды төрт жолаққа кеңейту ойластырылған. Қайта жаңғырту санатына жататын бұл жұмысты биыл бастау жоспарланыпты. Қалаға қарасты елді мекендер ішінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында былтыр Дамбы, Атырау, Кеңөзек, Еркінқала, Ақсай, Қайыршақты ауылдық округтеріндегі 135 көшеге басталған жалпы ұзындығы 131,8 шақырымдық жаяу жүргінші жолын салу жыл соңына дейін аяқталады. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінген.

Тұжырымдама түгендей ала ма?

Бүгінде қалаға қарасты ауылдық округтерде 3 балабақша және 6 мектеп салынып жатыр екен. Оның төртеуінің құрылысы биыл, қалғаны келесі жылы аяқталмақшы. Тұжырымдама аясында Атырау қаласына қарасты ауылдық округтердің барлығында да мектеп, балабақша, мәдениет ошақтары мен спорт кешендері салынады. Сол үшін қазір жасалып жатқан жобалау жұмыстары жуырда аяқталады. Бұл жұмыстар бюджеттің мүмкіндігіне қарай, 2027 жылға дейін толықтай қамтамасыз етіледі.

– Тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында қала әкімі ауылдық округтердің тұрғындарымен ай сайын кездесу өткізіп келеді. Сол кездесулерде халықты толғандырған сұрақтары бойынша бюджет қалыптастырылады. Ауылдық округтердің бюджеті үлкен жобаларды жүзеге асыруға жеткіліксіз. Ауылдарға ойын, спорт және workout алаңдарын салуға көп көңіл бөлініп жатыр. Жуырда тұрғындар оның қорытындысын көреді. Егер жобаның құны 100 миллион теңгеден асса, республикалық деңгейдегі мемлекеттік тапсырыс байқауы өткізіледі. Ал, одан төмен болса, облыстық деңгейдегі конкурс жарияланады. Шағын жұмыстар ауылдық округ деңгейінде де жүзеге асады, — деді қала әкімінің орынбасары.

С.Нысанбаевтан білгеніміздей, Талқайраң ауылындағы 24 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, тапсырылады екен. Бірнеше жылға созылған баспананың құрылысы 70-80 пайызға аяқталып тұрғанымен, инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.

Алмас ҚАБДОЛОВ

фото: Магпар Куанов

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button