Аймақ басшысы Серік Шәпкенов ардагерлер кеңесінің ІІІ Пленум отырысына қатысты

imgl9901 Жаңалықтар

Бүгін облыстық ардагерлер кеңесінің ІІІ Пленум отырысы өтті. Оған облыс әкімі Серік Шәпкенов пен кеңестің 25 мүшесі, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, қоғам белсенділері қатысты.

Пленумның күн тәртібінде:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын облыс ардагерлер ұйымдарының міндеттері;

– Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің зейнеткерлерді әлеуметтік қорғау жөніндегі жұмыстары туралы мәселелер қаралды.

Алдымен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов баяндама жасады.

– 2023 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жерлестеріміз Қайырғали Смағұлов, Боран Нысанбаев, Александр Афанасьев, Ғизат Әліпов, Федор Канцевтардың теңдесі жоқ ерліктеріне 80 жыл толу құрметіне орай «Қос батыр» медалі шығарылып, марапаттау ережесі бекітілді. Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен 40 ардагер тәлімгерлік қозғалысқа белсене қатысып, өз іс-тәжірибелерін жас мемлекеттік қызметкерлерге үйретуде. Облыста «Дәнекер» пилоттық жобасы кеңінен қанат жайып 6 кәсіби, 54 қоғамдық ардагер медиаторлар бірлікті, татулықты нығайтуға белсене атсалысуда. Орталық кеңестің «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік» атты қайырымдылық акциясына байланысты облыста мыңға жуық қоғамдық іс-шаралар өтіп, оған 16 мыңдай зейнеткер тартылды. Айлық кезінде 12 470 зейнеткерге 157млн 757 мың теңгенің материалдық көмегі көрсетілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 20 млн 995 мың теңгеге артық. Демеушілердің көмегімен 2 мың ардагер әртүрлі газет -журналдарға тегін жаздырылды,- деді М.Өтешов.

Отырыста Жолдауда айтылған мәселелердің орындалу барысы, Мақат ауданының 100 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралар, Мақат ауданының әлеуметтік мәселелері, жастарды теріс ағым жетегіне еруден сақтау, олардың тәрбиесі, денсаулық жағдайы сынды мәселелер талқыланды.

Жиында Серік Шәпкенов пленумда көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдірді.

– Бүгінде өте маңызды мәселе – жастардың тәрбиесі. Қазіргі жас ұрпақ – ертеңгі қоғам. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің деген бар. Ұлт болам десек, болашағымызды алдын ала ойлайтын болсақ, қазірден бастап дұрыс тәрбие берілуі керек. Екіншіден, дін мәселесі. Әрине, балаларымыз бойын жаман әдеттен аулақ ұстағанына қуанамыз. Алайда, теріс ағымның жетегінде кеткендер де аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: Дәстүрлі ислам дінін ұстануымыз керек. Бұл жердегі рухани құндылықтарды жастардың бойына сіңіре білуіміз керек,- деді. Біз осы күнге дейін дінсіз болған жоқпыз. Әрқайсымыз құдіретті күштің бар екенін, Алланың жүрегімізде екенін білдік. Заман өзгеруіне байланысты неше түрлі діни ағымдар бар. Жастарымыз оған ермес үшін дұрыс орта, жақсы тәрбие берілгені дұрыс. Үшіншіден, еңбекке орналасу мәселесі. Қазір жастар ақшасы көп, жұмысы аз жерде қызмет еткісі келеді. Десе де, қазіргі заман – білімді, еңбекқор, іскер адамдардың заманы. Өмірде табысты болу үшін жастарға осы қасиеттерді бойға жинаудың маңызын түсіндіру қажет, – деді С.Шәпкенов.

Серік Шәпкенов ардагерлер ұйымдарының жұмысына белсене қатысып, жас ұрпақты отансүйгіштікке, ізгілікке тәрбиелеуге ерекше үлес қосқан бірқатар ардагерді марапаттады.

imgl9968

Серік Жұбанұлы Сапанов – «Атырау облысы алдындағы еңбегі үшін» медалімен;

Мұхамбетқали Қалиұлы Қалиев – «Атырау облысы алдындағы еңбегі үшін» медалімен;

Қосыбек Салтанатұлы Ырзағалиев – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен;

Жұмабай Орынғалиұлы Доспанов – «Қос батыр» медалімен;

Зұлпұхар Мақсотұлы Сүйнешов – «Ардақты ардагер» алтын медалімен;

Злиха Қадырбайқызы Дүйсекенова – «Тәлімгер» медалімен;

Түрікменбай Нұржігітұлы Нұржігітов – «Мейірімді жүрек» медалімен марапатталды.

Жиын соңында қайтыс болуына, қоныс аударуына, басқа жұмысқа ауысуына, денсаулық жағдайына байланысты облыстық ардагерлер кеңесінің 10 мүшесі қатардан шығарылды. Сонымен қатар, бұл орындар 15 ардагермен толықты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз