Жарнама
Жаңалықтар

АЙМАҚТЫҢ ДАМУЫНА – АЙРЫҚША НАЗАР

 

Салтанатты шараға қатысқан ауданның еңбек ардагерлері Ерғазы Жоламанов, Хозедияс Маженов, дәрігер Жақсыберген Ізтілеуов Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік бағдарламаларынан бастау алған тапсырмалардың орындалысының көрінісі – жаңа нысандардың ашылуына қолдау көрсеткен аудан, облыс басшыларына тұрғындар атынан ризашылықтарын білдірді.

Өткен жылы басталған жол құрылысына облыстық бюджеттен 800 млн. теңге, ал, аудан орталығынан айналма жолмен 15 шақырым қашықтықта орналасқан Бәйгетөбе округі халқы үшін бой көтерген фельдшерлік пункттің құрылысына 69 млн. теңге қаражат жұмсалып отыр.

Бір күнде 50 адамға көмек көрсете алатын пунктте екпе салу, фельдшер, акушер мамандары қабылдайтын, тағы басқа тоғыз медициналық қызмет көрсету бөлмесі талапқа сай жабдықталған. Сонымен қатар, үш қызметкер округке қарасты 1100 адамды қамтамасыз ету қызметі жоспарланып отыр. 

Қоғамдық  қабылдау

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында  облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қоғамдық қабылдау өткізді .

Қабылдауға келген Мақат кенті тұрғыны Роза Сәрсенбаева мүгедектігіне байланысты сауықтыру орталығына емделудің және тегін санаторийлық жолдамамен қамту мәселесін шешіп беруді өтінді. Оған тамыз айында Ақтөбе облысы, Алға қаласындағы «Алғабас» санаториясына жолдама берілетін болды. Ал, өзіне тұрақты жұмыс сұрай келген Дариға Рзабаеваның өтінішіне қыркүйек айында №54 балабақшаға тәрбиешінің көмекшісі етіп тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіншілігін ұсынды.

Сонымен қатар, доссорлық Әлия Отарбаеваның отбасылық жағдайы ескеріліп, тұрғын үйінің шатырын жабуға көмек көрсету мәселесі де шешімін тауып, облыс басшысына ризашылығын білдірді.

Қабылдауға келген аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жан-жақты зерттеп, атқарушы билік тарапынан қолдау шараларын жүзеге асырып, қадағалауды облыс әкімі жергілікті басшыларға тапсырды.

 

Жаңа әкім тағайындалды

Бұдан соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активімен кездесті.

Алдымен Мақат аудандық мәслихаты депутаттарымен кездесіп, ауданның жаңа әкімі Сәрсенғалиев Берікқали Жоланұлымен таныстырды. Өз кезегінде халық қалаулылары, қоғамдық ұйым мүшелері, мәселені ортаға салып, өңір жетекшісінің ұсынысына бірауыздан қолдау білдірді. Соның негізінде Бақтықожа Салахатдинұлы депутаттардың алдында аудан басшысын тағайындау туралы өкімге қол қойды.

— Мақат – облыс экономикасын түзеп отырған ауданның бірі. Сондықтан да, аумақты басқару үлкен міндет, жоғары жауапкершілік жүктейді. Тағайындалып отырған әкім осы талаптың үдесінен шығады, адал қызмет етеді деп сенемін,-деді облыс әкімі.

Бұрынғы әкім Ерболат Болатжанұлы Омаров басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатуды өтінгенін атап өткен аймақ басшысы актив алдында оған алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

Облыс әкімі облыстың, ауданның бүгінгі экономикалық — әлеуметтік жағдайына тоқталды.

-2014 жылдың қорытындысы бойынша ауданның экономикалық көрсеткіштері төмендегені жасырын емес. Дегенмен, Елбасымыздың бастамасы бойынша жүзеге асып жатырған жұмыстар да аз болған жоқ.

Естеріңізде болса, менің ауданға алғашқы жұмыс сапарым кезінде Бәйгетөбенің жолы, ПМС ауылының газы туралы өздеріңіз өтініш еткен едіңіздер. Міне, сол халықтың ұсыныс-пікірлерінен туындаған игілікті шаралар жүзеге асып жатыр. ПМС-тің газы да таяу арада қосылуы тиіс. Жаңа ғана 272 тұрғын үйі бар Бәйге-төбе ауылына баратын 11 шақырымға жуық айналма жолдың тұсауын кестік. Осы жердегі фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріліп отыр. Бір пәтерлік он тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ол да пайдалануға берілгенін өздеріңіз білесіздер. Алдағы уақытта Доссор және Мақат кенттерінде 60 пәтерлік үй салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 100 орындық шипажай тектес балабақша құрылысы жалғасын тауып, аяқталып келеді. Жалпы, облыс бойынша инфрақұрылымды жақсарту мақсатында жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Осы мақсатта аудандарға да көңіл бөлініп, қаржы қаралып, іс-шаралар жүзеге асуда. Біз әрқашан да халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, негізгі проблемаларды шешуге жұмыстанып келеміз. Жаңа ғана болған аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу барысында ауыз суға мұқтаждық жөнінде мәселе көтерілді. Мәселе маған жақсы  таныс.

Иә, жасыратыны жоқ, Атырауда, аудандарда су құбырлары ескіріп, су тазарту жүйелері тозығы жеткен. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру керек. Қазіргі заманғы технологияны пайдалана отырып, заманауи қондырғылар, химиялық реагенттер алыну қажеттілігін туындатуда. Аталмыш мәселе мемлекеттің «Ақ бұлақ» бағдарламасы негізінде жүзеге асып жатыр. Десек те, халықтың өздеріне тиесілі өтемақыны уақытымен төлемеуі туындаған мәселені одан әрі күрделендіріп отыр. Облысымызда су тарифі көтерілген кезде қарсылық білдірген жандар болды. Бірақ, жан-жақты жағдайды саралай келе, тарифтің өзге облыстардан жоғары еместігі түсіндірілді. Тәртіп – баршаға ортақ. Оны орындауымыз қажет — деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Ауданда, жалпы бүгінгі күні аймаққа тән ортақ басты мәселелер қатарында тұрғын үйге сұраныс артып отыр. Сондай-ақ, кент ішіндегі асфальт жолдар да түгел салынып болған жоқ. Көп қабатты үйлердің көбі ескірген. Жөндеу көрмеген. Олардың бәрі жекешелендірілген. Тұрғындардың өзі әлі күнге мемлекеттің терможаңғырту бағдарламасына мойынсұнбай отыр. Үй төбесінен су ағып, төлелері суға толса немесе құбырлар жүйесі ескірген болса, терможаңғырту бағдарламасы арқылы бәрін де жөндеп алуға мүмкіндік барлығын халық жете ұғынбай келеді. Сондықтан, қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдалану арқылы көп қабатты үй тұрғындарының мұң-мұқтажын орындауға болады. Мәселеге сергек көзқараспен қарап, жүзеге асыруға жұмыстануды активке қатысушылардың баршасына жүктеген облыс әкімі үстіміздегі жылы облыста үш елді мекенге арнайы көңіл бөлінгенін қайталап өтті. Олар: Доссор және Индербор кенттері мен Жанбай ауылы.

Атап айтқанда, Доссор кентінде: үш қатарлы 60 пәтерлік 1 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын бастауға, көше жарығын жүргізу жұмыстарының, кентішілік автокөлік және жаяу жүргіншілер жолының жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға; «Болашақ» ықшам ауданына су құбырын тарту және кенттің үш учаскесіне су тарату стансасын, су жинау қазанын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға; 280 орындық балабақшаның жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға; «Болашақ», «Құрылысшы» ықшам аудандарына газ, электр желілері құрылысын жүргізуге; кәріз сорғы станса құрылысын, жоғары қысымды коллектор құрылысын және жай арынды кәріз жүйесінің жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға қаражат қарастырылды. О.Сарғұнанов мектебінің құрылысы келер жылы аяқталуы тиіс.

Келесі кезекте Ерболат Омаров сөз алып, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке, аудан халқына сенім артып, бірге жұмыс жасағаны үшін алғысын білдірсе, Берікқали Сәрсенғалиев артылған сенім мен жүктелген тапсырмаларды орындауға уәде етті.

Аудан активімен болған жиналысты қорытқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов аудан әкіміне бірнеше тапсырманы жүктеді.

 

Тағайындау

Атырау облысы әкімінің өкімімен Сәрсенғалиев Берікқали Жоланұлы Атырау облысы Мақат ауданының әкімі болып тағайындалды.

* * *

Сәрсенғалиев Берікқали Жоланұлы 1961 жылы туған. Гурьев ауыл шаруашылығы техникумын мал дәрігері  және Гурьев педагогикалық институтын тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1977 жылы Қызылқоға ауданы, Миялы селосындағы «Казсельтехника» бірлестігінде ағаш ұстасының көмекшісі болып бастаған. Ол ұзақ жылдар бойы Қызылқоға аудандық комсомол, партия ұйымдарында, білім беру саласында жұмыс істеді.

2006-2009 жылдары Атырау облыстық мәслихатының аппарат жетекшісі, 2009-2012 жылдары Қызылқоға ауданының әкімі, 2012-2013 жылдары  Индер ауданының әкімі.

2013 жылдың маусым айынан бері Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы.

***

Хроника

Атырау облысы әкімінің өкімімен Омаров Ерболат Болатжанұлы өз еркімен берген өтінішіне сәйкес  Мақат ауданының  қызметінен босатылды.

Г.САЛИКОВА, Л.НҰРБАЕВА, Мақат ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button