АЙМАҚ ДАМУЫ – ЕЛБАСЫНЫҢ НАЗАРЫНДА
— Ел халқының тең жарымына жуығы ауылдық жерде тұрады. Сол себепті де біз агроөндірісті табысты өркендету үшін бұл салаға айрықша көңіл бөлуге тиіспіз,-деген болатын Президент сол сапарында. — Білемін, жалпы республикамызда, соның ішінде, осы Атырау облысында аграрлық секторды дамытуға, инновациялық жобаларды қаржыландыруға жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді. Шынымды айтсам, Қазақстаннан басқа елдерде ауыл шаруашылығына осыншалықты қомақты қаражаттың жұмсалғандығын естімеппін. Әрине, мемлекет тарапынан жасалған мұндай қолдаудың қайтарымы болатыны да даусыз. Тек соңғы екі жылда елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі екі есеге көбейді. Бұл үрдісте сіздердің де лайықты үлестеріңіздің барлығына күмәнім жоқ. Және де Атырау облысында осы саланы одан әрі өркендетуге мүмкіндіктің мол екендігіне де кәміл сенімдімін.
Шынымен де солай. Тек өткен жылдың өзінде облыста «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен жалпы құны 7,43 млрд. теңгені құрайтын тоғыз серпінді жоба қаржыландырылған. Соның ішінде, 3,154 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған.
Айтпақшы, бұл жолы жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өндірген өнімдерінің көрмесі де Мемлекет басшысының назарына ұсынылды. Олардың арасында «Бірінші мамыр» серіктестігіне қарасты 500 басқа арналған асыл тұқымды мүйізді ірі қара фермасында сауылған сиыр сүті мен одан дайындалған өнім түрлерінің, «Сарайшық» ЖШС-нің еншісіндегі ешкі түлігін өсіруге мамандандырылған кешенде шығарылатын дайын өнімдердің сапасы мен дәмін Нұрсұлтан Әбішұлы жоғары бағалады.
Сол сияқты, Индер, Жылыой аудандарындағы «Алға-1» шаруа қожалығы, «Атырау-Сауда» ЖШС, Атырау қаласы аумағындағы бірқатар шаруашылық құрылымдарының тыныс-тіршілігінен хабардар болған Елбасы бүгінгі қол жеткенді меже тұтпай, қарқынды әлі де болса арттырып, ширақ қимыл таныта түсу керектігін қаперледі. Бағындырылған биіктік, қол жеткен табыс, іске қосылған жоба мүмкіндіктің соңы еместігін ескертіп, атқарылатын шаруаларды тиянақтады. 2015 жылы жүзеге асырылуы жоспарланған жобалармен де жете танысты. Бұл ретте жылдың алғашқы жартысында бірінші кезегін пайдалануға беру көзделген мал жүнін өңдеу фабрикасы, жылына 25 мың дана банкідегі консервіленген өнім мен 530 тоннадай салат дайындалатын өндіріс орны, заманауи үлгідегі, барлық қажетті жабдықтармен жарақтандырылған коммуналдық базар, Құрманғазы ауданының «Ақжонас» ЖШС базасында асыл тұқымды қой малын өсіру, Қызылқоға ауданындағы «Жарылқасын» шаруа қожалығында ет павильонын ашу, т.с.с. жобаларды да Президент толығымен мақұлдап, қызу қолдап, қуаттады. Таяу келешекте елдің игілігіне айналатындығына сенімін білдірді.
«Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, тұтастай алғанда, аграрлық секторда жасалып жатқан серпінді қадамдар мен толайым табыстарға оң бағасын берген Елбасы жұмыла еңбек етсе, алынбайтын қамал жоқтығын меңзеді. Атыраулықтардың сол үрдістен шығатынына сенім мол.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.