Жарнама
Жаңалықтар

АЙҚЫН МАҚСАТ, АНЫҚ МЕЖЕ


Заманауи талапқа сай жұмыс жүруі қажет

«Үкіметтің ағымдағы жылғы басты міндеттері айқындалып, шешімдер қабылданды. Бұл — биылғы Жолдауда айтылған 2050-ге дейінгі бағдарлама. Біз осы бағытта отыз өркендеген елдің қатарынан көрінуіміз керек. Барлық өңірлерді менің тапсырмаммен Үкімет басшысы аралап шықты, әкімдермен кездесті. Бағдарламалар бекітілді, индустриялық жоспарлар бар. Дүниеде болып жатқан алмағайып заманда, оның ішінде ТМД елдерінде орын алған оқиғалар аясында біз де барлық мәселелерді сараптан өткізіп тұруға тиіспіз. Қазақстанға осындай оқиғалардың қиындығы тиеді, ол қай бағытта тиеді, оның алдын алу үшін не істеу керек? Ең негізгі мәселе – экономиканы өркендетуді жолға қоюымыз керек. Бүгін негізгі әңгіме осы жайында болады», — деп жиынды ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Премьердің қызметіне бір тоқсан толып отырғандығын айтып өтті.

Жиын барысында Елбасы әлемдік экономиканың бүгінгі жайы мен ТМД кеңістігіндегі жағдайларға тоқтала келе, олардың өңірлік қана емес, жаһандық сипатта екенін, оған Қазақстан да жіті назар аудару керектігіне тоқталды. «Әрбір басшы, мейлі ол жергілікті жерде болсын, мейлі орталық органда болсын, енді не істеу керектігін мұқият білуі керек. Ал, алдағы уақытта Үкіметтің экономикалық саясаты бүгінгі тап болған тәуекелдерді шешуге негізделуі тиіс», — деді Президент.

Мемлекеттік сатып алуды электронды форматта өткізу – бизнес жүргізудің тиімділігіне бастап, жемқорлықтың жолын кеседі. Осы ретте «бұл іс-шараларды толығымен электрондық форматта, интернет арқылы өткізуге тиіспіз» — деді Елбасы. Осыған орай, жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өткен Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов: «Бұдан бөлек, Жолдауда жүктелген міндеттерге сәйкес, біз жаңа заң жобасын әзірледік, ол бойынша мемлекеттік сатып алулар одан сайын жетілдіріледі. Заманауи стандарттарды да ең жоғары деңгейде пайдаланамыз, нәтижесінде бизнесті жүргізу мәселелері бұдан да жақсара түсуі шарт», — деді.

Бұл тұста Мемлекет басшысы көлеңкелі экономика мәселесіне де министрдің назарын аударып, заманауи талаптарға сай келетін жабық сауда орталықтарын салу керектігін жеткізді. Жабайы базарларда антисанитария жайлағанын атап өтіп: «Бізге жабық, өркениетті ұйымдастырылған сауда орталықтарын салу керек. Әкімдер бұған жер бөліп,  оларды салықтан босатып, арнайы экономикалық аймаққа қосулары қажет. Елімізде халық жапа шекпеуі үшін дұрыс ұйымдастырылмаған базарларды жабу керек», — деді Н.Назарбаев.

Индустрияландыруды дамыту – басты мақсат

Елімізде индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында жеті жүзден астам кәсіпорын іске қосылған. Осы нысандардың өз қуаттарында жұмыс істеуін бақылауға алуды әкімдерге тапсырған Нұрсұлтан Назарбаев: «Әр жерден шағын және орта бизнестен экономикаға пайдасын тигізетіндей жағдай жасалуы тиіс», — деді. Президент сондай-ақ, әлемдік экономикада тұрақсыздық орын алып отырғанын және оның біраз уақытқа сақталуы мүмкін екендігін де атап өтті. Бұл орайда «әр мекеме, шағын бизнес, жақында іске қосылған зауыт пен фабрикалар жұмыс істеулері қажет. Кейбіреулері елу пайызға, отыз пайызға дейінгі өзінің қуатына жеткен жоқ. Солардың әрқайсысы, әр облыста резервте тұруы керек», — деген Мемлекет басшысы ҚР бірінші вице-премьері Бақытжан Сағынтаевқа бюджет қаражатын тиімді пайдалануға тікелей жауапты екенін ескертті.

«Қазақстанда тұтынылатын электр энергиясының  70 пайызы өнеркәсіп секторына тиесілі» деген ҚР Үкімет басшысының орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің сөзіне орай, Елбасы әрбір өнеркәсіп кәсіпорнымен өндірісті жаңғырту және электр энергиясын үнемдеуге бағытталған жұмыстарды жүргізу қажеттігін баса айтты. «Бізде электр энергиясы тарифтері тым арзан. Сондықтан да, өнеркәсіп кәсіпорындары үнемдеу туралы ойланбайды да», — деген Н.Назарбаев әлі күнге дейін ескі құрал-жабдықтармен жұмыс жасап отырған кәсіпорындардың электр қуатын үнемдемейтіндігін, сол себепті де өнімдерінің бәсекеге қабілетті еместігін сынады.

Қазіргі  күн  тәртібіндегі  жекешелендірудің екінші толқынына қатысты да пікір білдірген Мемлекет басшысы: «Әрбір нысанның сатылуы ашық, транспарентті түрде жүзеге асуы керек. Конкурстың қалай өткенін, кімнің нені иеленгенін, кім не жасаймын деп уәде еткенін халық білуі тиіс» деген ол бұл бағыттағы жұмыстардың қалай атқарылып жатқандығын сұрады.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жекешелендіру үдерісінің жариялылығы үшін арнайы вебпортал құрылып, сол  арқылы ашықтық толығымен қамтамасыз  етілетінін атап өтті. «Қателіктерге бой алдырмаңдар. Жекешелендірудің бірінші кезеңі қалай өткені белгілі, кімде билік болса, сол өзі таратып, өзі иеленіп кете берген. Қазір соның салдарынан заңсыз берілген жерді де, мүлікті де қайтарып алуға дейін барып жатырмыз. Бұл жағдай енді қайталанбауы керек. Бұл ретте біріншіден, мемлекет бизнестен кетеді, екіншіден, бұл нысандардың барлығы нарықтық ортаға өтіп, іскерлік ортаның белсенділігін арттырады. Жекешелендіру тиімді жүргізіліп, нысандар жақсы қолға өтсе, экономика да жеңілдеп, бюджетке де қаражат құйылады. Бұл – аса маңызды шара», — деп нақтылады Елбасы. Қаржы министрінің сөзіне сай, жекешелендірудің екінші толқынын жүзеге асырудың кешенді жоспарына сәйкес, 853 нысан жеке секторға өтеді. «Олардың ішінде биыл 295-і сатылады. Қазірдің өзінде 14 нысан 437 миллион теңгеге сатылды», — дейді Б. Сұлтанов.

Сонымен қатар, сырттағы отандастарымыздың келуіне жол ашып, олардың ел ішінде орналасуына жағдай жасауымыз керектігі де жиын барысында айтылды.

Экономикалық

өрлеуге – соны серпін

Мемлекеттік қазына өткен алты айда былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда он тоғыз пайызға артып, яғни, алты жүз екі миллиард теңгеге толыққан. Бұл өсім Ұлттық қордың трансферттерін арттырудан орын алып отыр. Сол секілді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың сөзіне жүгінсек, Ұлттық қордан бөлінген 100 млрд. теңге кәсіпкерлердің қолына тиюде. «Әлемдік экономиканың баяулауы және геосаяси тәуекелдердің тереңдеуі аясында 2014 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық саясаттың бірінші кезекті шараларының жол картасы қабылданды. Онда негізгі басымдық экономикалық өсімге жағдай жасауға бағытталды», — деді ол. Бірінші кезекте экономикалық өсімді қамтамасыз ететін және бизнесті қолдауға бағытталған шаралар қабылданды. Экономикалық өсімге Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Ұлттық қордан бөлінген 1 трлн. теңге тың серпін берді.

Кеңейтілген отырыста «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев: «Қорға қатысты республикалық бюджеттен қаржыландыру көрсеткіші жыл сайын төмендеп келеді. Егер 2010 жылы бұл 106 миллиард теңге болса, қазір 73 миллиард теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, аталған қаражат негізінен Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, тек экономиканың басым салаларына, сондай-ақ әлеуметтік бағдарға ие болған жобаларға бағытталады», — деді. Өз кезегінде Елбасы Үкіметке жыл соңына дейін Қызмет көрсету саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын қабылдауды тапсырып, экономикамыздың жаңа интеграциялық жағдайда дамуын қамтамасыз етуді жалғастыра беру қажет екендігін айтты.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндірістер қуаты 30% ғана жүктелгендігін атап өткен Мемлекет басшысы бұл мәселеде әкімдіктер жақсылап жұмыс істеуі керектігін тапсырды. Сондай-ақ, ол мемлекет субсидиялар көлемін жыл сайын арттырып келе жатқанын айта келіп, Үкіметке ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді субсидиялаудың тетіктерін өзгерту қажет екендігін тапсырды.

Алқалы жиында Президент Н.Назарбаев Үкіметке 2015 жылы Ұлттық қордан екінші транш бойынша бөлінетін 500 млрд. теңгеге қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді де тапсырды. «Келесі жылдың бірінші қаңтарынан Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енеді. Біз Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енетін қорытынды кезеңінде тұрмыз. Ағымдағы жылдың желтоқсанына дейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен ынтымақтастықтың мемлекетаралық бағдарламасы қабылданады. Сондықтан да, біздің экономикамыздың жаңа интеграциялық жағдайда жұмыс істеуіне қатысты шараларды тереңдетуге тиіспіз» деп атап өтіп, ресейлік және беларусьтік өңірлермен белсенді жұмыс істейтін уақыттың келгенін айтты. Бұл ретте мәселені жан-жақты қарастырып, елдер арасындағы сауда-саттық өкілдіктерін ашудың маңыздылығына да тоқталды.

Жаңа  құрам

жасақталды

Үкімет құрамында бес жаңа министрлік құрылады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында атқарушы биліктің жаңа құрылымына қатысты Президент Н.Назарбаев осылай мәлім етті. «Үкіметпен, Парламентпен ақылдаса келе, мынадай шешім қабылдадым: жаңа бес министрлік құрылады. Оның ішінде Ұлттық экономика министрлігі құрылмақ. Оған бүгінгі Экономика министрлігінің өкілеттігі, бюджеттік жоспарлау мен өңірлік даму қызметтері беріледі. Статистика жөніндегі агенттік пен табиғи монополияларды реттеу агенттіктері, тұтынушылар құқығын қорғау, бәсекелестікті дамыту агенттіктері де осыған кіреді. Премьер-министрдің ұсынуымен Ұлттық экономика министрі лауазымына Ерболат Досаевты тағайындаймын», — деді ол. Айта кетелік, енді Үкімет он екі министрлік пен отызға тарта комитеттен тұратын болады. «Мен 12 министрлік пен 30 комитет құру туралы шешім қабылдадым. Бүгінде 17 министрлік, 9 агенттік, 54 комитет, 272 департамент бар. Яғни, 12 министрлік, 30 комитет қалады, ал, барлық 9 агенттік жойылып, комитет түрінде министрлік қарамағына кіреді» деді Елбасы.

«Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірігіп, Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі деп аталады. Министр лауазымына кеңесе келе, Тамара Дүйсенова жетекшілік етеді деп шештік» — деді Н.Назарбаев. Сол секілді жаңадан құрылған Мәдениет және спорт министрлігін Арыстанбек Мұхамедиұлы, Инвестиция және даму министрлігін Әсет Исекешев, Энергетика министрлігін Владимир Школьник басқарады. «Энергетика министрлігі құрылады. Өйткені, бізде энергетика саласында тәртіпсіздік орын алып отыр.  Түсініксіз, мұнай мен газ бір жерде, қатты энергетика келесі жерде, электр энергиясы үшінші, атом энергетикасы төртінші  орында. Ештеңе де түсінбейсің», — деп атап өткен Мемлекет басшысы энергетика саласы  бір  орынға шоғырланатындығын баса айтты. ҚР Президентінің атап өтуінше, бұл министрлікке Мұнай және газ министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің энергетика саласына, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің қоршаған ортаны қорғау саласына қатысты қызметтері мен өкілеттіліктері беріледі. «Талқылап, ойлана келе, бұл саланы, энергетиканы түсінетін Владимир Школьникті Энергетика министрі қызметіне тағайындау шешімін қабылдадым», — деді Н.Назарбаев. Бұған дейін Мұнай және газ министрі болған Ұзақбай Қарабалин жаңа министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалғанын айтты. Сондай-ақ, Елбасы бұған дейін Көлік және коммуникация министрі болған Жеңіс Қасымбек Инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалғанын атап өтті. Бұған дейін Байланыс және ақпарат агенттігінің басшысы болған Асқар Жұмағалиев Әсет Исекешевтің орынбасары қызметіне кіріседі. Ал, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілеттілігі ІІМ-не беріледі. Басқа министрліктер өкілеттіліктері бірқатар өзгерістерімен сол күйінде сақталады.

«Біріктірілген министрліктер, қысқарып жатқан министрлер бар, олардың жұмысында еш кінә жоқ. Үкімет менің тапсырмам бойынша оларды жұмысқа орналастырады. Ал, бұрын министр болып,  енді  орынбасарлыққа  тағайындалғандар өздері бұрын атқарып келген қызметтерінің бөлігін жалғастырады», —  деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Өңірлік даму министрі болған Болат Жәмішевті Қазақстанның Даму Банкіне басшылыққа тағайындады. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін Қайрат Қожамжаров басқарады. Қаржы полициясы өкілеттілігі Мемлекеттік  қызмет  істері  және  жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне беріледі де, экономикалық және қаржылық құқық бұзушылық мәселелері Қаржы министрлігіне беріледі.

Сондай-ақ, бұған дейін Қоршаған орта және су ресурстары министрі болған Нұрлан Қаппаровқа «Қазатомөнеркәсіп»  ұлттық компаниясының басшысы қызметін ұсынды. Айта кетерлігі, бұған дейін Елбасы Мұнай және газ министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің энергетика саласына, Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің қоршаған ортаны қорғау саласына қатысты қызметтері мен өкілеттіліктері беріле отырып, Энергетика министрлігі құрылғанын жария еткен еді.

Атқарушы биліктің жаңартылған құрамы айқындалуына орай, Президент Үкімет мүшелерінің алдағы жұмысына да тоқтала келе: «Егер бизнес-қалтаңды мемлекет жұмысымен шатастырсаң, ертесінде-ақ жұмыстан қуыласың. Бұл біреуіңе ғана емес, бәріңе де байланысты. Шындығында, бизнес сектордан тәжірибелі азаматтарды тартудың еш айыбы жоқ. Бұнда біз ондай кәсіби басшылардың істі басқаруға септігін тигізетінін есепке аламыз», деді Н.Назарбаев. 

Елбасы ҚР Премьер-министрінің екі орынбасары қалатындығын атап өтті. «Бірінші орынбасар болып Бақытжан Сағынтаев қала береді. Ал, адами даму мәселелері жөніндегі орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова болады», — дей келе, жаңартылған құрамның алдағы жұмысына сәттілік тіледі. «Тұрмысты шалықтатып, тіршілікті түзейтін тек – бейбіт өмір, адал еңбек. Жасампаз істер татулық пен тұрақтылық арқылы ғана жасалады. Барды бар ғып, құндылықты қадірлеу – әр азаматтың міндеті. Ел бірлігі – ең асыл қазына, ең асыл қасиет. Осы асыл қазынаны көздің қарашығындай сақтау –  тұтас Қазақ елінің алдындағы ұлы парыз», — деген Елбасы «Қазақстан-2050» бағытында айқындалған Мәңгілік Ел болу жолында халықтың бүгінгі  бағыты  жалғасатынын атап өтті. «Осында отырған баршамыз, сондай-ақ барлық қазақстандықтар елдің ертеңі үшін жұмыс істесек, сонда ғана мақсатымызға жетеміз. Бағдарламалар бекітілді, тапсырмалар айқын. Енді тек жұмыс істеу керек. Ендеше, сәттілік тілеймін» — деді Мемлекет басшысы.

Тұрақтылық – басты құндылығымыз

Сондай-ақ, Елбасы: «Тұрақтылық пен бейбітшілік, біздің ең басты құндылығымыз екенін мен тәуелсіздіктің  бірінші күнінен бастап айтып келемін. Біз бірлікті бағалай білген, татулықты тәу еткен халықпыз. Жаманнан жерініп, жақсыдан үйренген елміз. Соның нәтижесінде бүгінгі Қазақстан жаңа Қазақстан болып қалыптасып, дүние жүзінде үлкен дәрежеге ие болып отыр. Бірлікті елдің биігін өзгелер біздің жетістіктерімізге қарап біледі. Бірліксіз жұрттың жағдайын біз басқалардан көріп отырмыз. Тұрақтылықтың мәні мен маңызын Украинаның қазіргі ахуалынан байқауға әбден болады», — дей келе, соңғы жылдары бұл елде адамдар еңбек етуді ұмытып, жұрттың барлығы жаппай берекесіздікке бой ұрып, наразылық шеруі сәнге айналғанын  баса айтты. «Мемлекеттің дамуы, Украинаның дамуы ондаған жылға артқа қарай кетті. Қазынасы қаңырап, өндірістері тоқтап қалды. Жүздеген әлеуметтік нысан іске алғысыз болып, қиратылды. Тұралаған экономиканы қайта қалпына келтіруге ондаған жылдар керек», — деді Елбасы.

«Kazinform» агенттігінің ақпараттары негізінде дайындаған Г.ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button