ТӨРТ аяғы ТЕҢ жорға
Atr.kz/28 қаңтар, 2019 жыл. Әдетте, ақынның артында қалған ұрпағынан бұрын алдымен мұрасын түгелдейтініміз баршаға белгілі. Себебі, жүректі жарып шыққан жырдың өзі – оның төл перзенті. Автордың бүкіл болмыс-бітімі, бетбейнесі, жан сыры өлеңінде тұрады. Ақынның шығармасы – кейінгі ғұмыры. Өлең шайырдың ғибратты ғұмырын жалғайды. Белгілі бір тұлғаның шығармашылығын қарастырғанда, алдымен өлеңін, содан соң өмірін қаузайтынымыз сондықтан.
ӘУЛЕТ пен ӘЛЕУЕТ
Жалпы, ақынның перзенттерінің бәрі бірдей ақын бола бермейді. Ақын бола қалғанның өзінде оның елді аузына қаратқан шайыр атануы екіталай. Сондықтан әдебиет зерттеушілері негізінен ақынның жыр бұлағының бастауына үңіледі, яғни оның рухани қайнар көзін қайдан алғанына ден қояды. Біз де сөйттік. Өзіміз зерттеген қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұрат Мөңкеұлының арғы аталарының не өлең, не көген ұстағанын анықтауға талпынған еңбегіміз онша жеміс бере қоймады.
Ақынның әкесі Қаратоқай Беріш Мөңке жөнінде (кейбір жазбаларда Меңке деп таңбаланған) қарапайым кедей шаруа болыпты немесе беделді би болыпты деген сипаттағы таласты тұжырымдар болмаса, ақын болыпты деген дерек жоқ еді. Біреулер оны ақырзамандық сарында ой толғаған кіші жүздегі Шекті Мөңке бимен шатастырады. Тіпті гуманитарлық сала ғалымдарының кейбір өкілдері де осы қисынсыз мәліметке табан тіреп отырып алатынын қайтерсің.
Ал Мұраттың шешесі – адайдың қызы Қырықжылқы әнші әрі ақын болған деседі. Қолжазба қорындағы мәліметтерге қарап осылай ой тұжырымдауға болады. Мөңкенің үлкен ұлы Матай өз тұсында жұртшылыққа белгілі ақын атаныпты. Кейін ол Мұраттың ақындық даңқының көлеңкесінде қалып қойған сияқты. Мәселен, Жылқышы ақынмен айтысқа алғаш Мұрат емес, Матай әзірленген. Есет бидің ұйғарымымен жыр сайысында Мұрат шығады.
«Халықтың Мұратты көп дәріптеп, Матайды ұмытып кеткені болмаса, өз дәуіріне сай жыр жүйрігі болған», – дейді ақын мұрасын жинаған жазушыдраматург Берік Қорқытов. Сол Берік ағамыздың қоржынынан алынған дерекке сүйенсек, «Матай бірде Қаратоқай Жапарберді батырдан киіз басу үшін ши сұрап келіпті. Сол уақытта сексен жас шамасындағы Жапарберді үй сыртында отырған көрінеді. «Матай, неге келдің?», – деп сұрайды батыр. Матай: «Киіз басатын ши сұрай келдім», – депті. Жапарберді «Ши сұрағандай бұлың бар ма?», – дейді. Матай былай деп жауап беріпті: Ер бапа, жас күніңде атқа міндің, Үстіңе тәуекелдің тонын кидің. Қаройдан Қайып-Құлкеш шабылғанда Қара атпен жалғыз жетіп шеттен тидің.
Қара атпен шеттен тидің жалғыз жетіп, Сол күнде қатарыңнан кеттің өтіп. Т ү р і к п е н н і ң к ө з г е шанышқан көкжалдарын Бөрідей бөріктірдің дөңгелетіп. О й л а с а м е р ш ы ғ а д ы е р сойынан, Сен шықтың жағаласып көп ойынан. Қабандай қарсы келсең қақ жарасың, Қара қан төгілгенде ат мой нынан. Қабандай қарсы келсе қақ жарған ер, Қайратын көріп дұшпан таңданған ер. Дұшпанмен қарсы келіп жанасқанда, Шаншылып айдаһардай шамданған ер. Сонда Жапарберді: «Матайым болайын деп тұр екен, керегің болса ала ғой», – депті (Орталық ғылыми кітапхана. 1303-бума. 2-дәптер. 5-6-беттер).
Бұл – Матайдың ақындығына қатысты жалғыз мәлімет. Басқа жерде Матайдың аты атала қоймайды. Мұрат мұрасын алғаш зерделей бастағанымызда-ақ, бізді «ақынның кіндігінен тараған ұрпақ бар ма екен?» деген сауал мазалаған. Қажым Жұмалиев 1943 жылы шыққан өзінің «Қазақ әдебиеті» атты оқулығында: «Мұрат отыз жа сына дейін сүр бойдақ боп, ел аралап, айтысқа түсіп, өлең ай тумен болады. Отыздан асқан кезде үйленеді. Бірақ, өлең шығару, ел аралап, айтысқа түсу әдетін үйленгеннен кейін де тастамайды… Мұраттан екі бала қалған. Оның бір баласы Гурьев облысы, Қызылқоға ауданында», – деп жазды.
Ал ұзақ жыл Ұлттық Ғылым академиясының құрамында болған Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорындағы де ректерде: «32 жасында Есен Беріш Иман дегеннің На уша деген қызына үйленеді. Мұраттан Дәулетқали, Сары, Сүндетқали деген үш ұл, Сәбила деген қыз туады» делінеді. М ұ р а т т ы ң ұ л ы Дәулетқалимен бірнеше рет жүздескен Берік Қорқытовтың айтуынша, ақынның екі ұлы болыпты. Біріншісінің аты Сары екен. Ақын оны үнемі жанынан тастамай ертіп жүрген.
Бір ғажабы, әкесі жыр нөсерін селдетіп отырғанда әлгі баланың іші кеуіп мазасыздана бастайтын көрінеді. Қолына домбыра ұстатса, ішінің кепкені қайтып, жаны жай табады. Үлкендер «Бұл тегін бала емес, әкесіне тартқан төкпе ақын болатын шығар», – деп таңдай қағысады. Сары он жасқа толар-толмастан көз тиіп, қайтыс болған. Мұраттың Сарыдан кейінгі ұлы Дәулетқали шамамен 1877-78 жылдары туып, 1960 жылдардың басында дүние салған. Өйткені Дәулетқалидың өзі «Әкем баяғы қоян жылғы жұтта М а ң ғ ы с т а у ғ а көшіп келіп, «Сарыарқаны» жырлайтын кезде емізулі бала екенмін», – дейтін көрінеді.
Осы тұста тағы бір айтарымыз, Мұрат мұрасына байланысты есепсіз дерек жинаған біздің алдымыздан Сары Дәулетқалидан кіші екен деген мәлімет те кездесті. Бұған бірақ Берік ағаның бұлтартпас уәжі бар. Ол кісіге Дәулетқалидың өзі «Әкемнің менен үлкен Сары деген баласы болған екен», – деп айқындап беріпті. «Мен көрген Дәулетқали қағілездеу адам еді», – дейді Бекең. Дәулетқали Мұратов бертін келе Атырау өңіріне белгілі ақын атанған.
Оның бірсыпыра шығармалары О р т а л ы қ ғ ы л ы м и кітапхананың қолжазба қорында (1312-бума, 1-дәптер) сақтаулы тұр. Бұл топтаманы Ғазиз Әбілмәжінұлы 1947 жылы ел аузынан жинап, жазып алып, қорға тапсырған. Оның қолжазбалары сақталған арнайы бумадағы өмірбаян нұсқасында «1906 жылы Мұрат қайтыс болады. Сол жылы ол інісі Сарыны ертіп, Астраханға кетеді. Сонда барып батағада (балық кәсіпорны) жалданып, жұмыс істейді» делінеді. Бірақ Дәулетқалидың кейінгі естеліктерінен Сарының кіші емес, үлкен екені анық аңғарылып тұрады.
Оның үстіне бұл бумадағы өмірбаянның дерегіне сенсек, Дәулетқали 1885 жылы Маңғыстау аймағында қалың адайдың арасында туыпты. Қазақтың ғұлама ғалымы Халел Досмұхамедов Мұраттың «Сарыарқаны» жырлаған кезін 1880 жыл деп межелегенін ескерсек, ақынның ұлы бес жылдан кейін өмірге келген болып шығады. Ал Дәулетқалидың өзі ол тұста емшектегі баламын» деп отырған жоқ па?! Яғни, бұл – қисынсыздау нәрсе. Осы кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы ескі басылымдардан мүлде үйлесімсіз деректер де ұшырасты. Мәселен, «Мұраттан екі бала, бір қыз қалған.
Оның Дәулетқали деген баласы мен қызы бар. Оның ұлы да, қызы да – белгілі ақындар» деп көрсетілгенімен, «ақын қыздың» өзге мәліметі еш жерден шыға қоймайды. Сірә, жұрт Дәулетқалидың бертінге дейін өмір сүрген жалғыз қызын айтып жүрген сияқты. Осынша есепсіз көп дүниені саралай келе түйетін ойымыз, Мұрат ақын ел аралап, айтысқа түсіп, сән-салтанат құрып жүргенімен, тұрмыс жағдайы айтарлықтай болмаған.
Баласы Дәулетқали көп оқымаған, негізінен үй шаруасымен айналысқан. Бірақ жасынан өлең-жырға үйір болған. Әкесінің және басқа ақындардың шығармаларын жатқа айтуға машықтанған. Тұрмыстың тауқыметі Дәулетқалидың талабына мықтап тұсау салған. Сондықтан ол әкесінің көзі тірі кезінде Есбол ауданы (қазіргі Индер) Өрлік ауылында Пашка Жебепкин дегенге жалданып қой бағады.
Мөңке әулетіндегі ақындық дәстүр дегенде барша қазаққа танылған Мұраттың өзін, біздің заманымызға бір-екі өлеңінің үзіндісі ғана жеткен ағасы Матайды, аймақтық деңгейде мәлім болған ұлы Дәулетқалиды ойымызға аламыз. Қазақ поэзиясында айрықша із қалдырған бұл әулеттің өлең өрісіндегі әлеуеті дау тудырмайды. Әсіресе, әкесінің жолын жалғаған Дәулетқалидың жыр мұрасы назар аудартпай қоймайды.
ДЕРЕК пен ДӘЙЕК
1992 жылы «Жас алаш» газетінің батыс облыстардағы тілшісі Исатай Балмағамбетов екеуміз Мұрат ақынның ғұмыр кешкен жерлерін түгел шарлап шықтық. Сол кезеңде Дәулетқали түгілі Мұрат ақынды көрдім дейтін ақсақалдардың да көзі тірі еді. Сондықтан олардың қай-қайсысымен де кеңінен әңгімелесуге мүмкіндік туды. «Мұратты көріп едік» демекші, Индер ауданы Елтай ауылының тұрғыны Үмбет Тасқарин 1992 жылы «Аты рау» газетінің «Атамекен» қосымшасының бірінші санында жарық көрген «Дабылы дауылпаздай шарықтаған» деген мақаласында тағы бір деректің шетін шығарды.
Сонда мынадай жолдар бар: «Темірқожа деген кісінің біздің үйімізге, ауылымызға көп келіп, етік, т.б. аяқ киім тігіп жүретіні әлі есімде. Өзі сөзге шебер, әнші де сайқы адам болды. Домбы ра білмейді. Әнді қолына кішкене зерең алып, сонымен сүйемелдеуші еді. Бұл кісі де қаратоқайдың Мұрат шыққан атасынан. Өзі Мұратты көргендігін айтушы еді. 1982 жылы 96 жасында қайтыс болған Түсіп Есмұқашев деген қария 1902 жылы 16 жасын да Өрлік селосындағы бір тойда Мұратты көргендігін, оның әңгімесі мен жырын тыңдағанын айтып отыра тын».
Бізге бұл сапарымызда Үмбет Тасқаринмен сөйлесудің сәті түскен жоқ. Кейін де тілдесудің реті келмеді. Әйтпесе, кеңірек мәлімет алуға болар ма еді?! Қазір өмірден өтіп кеткен секілді. Баяғыда Мұрат жерленген жерге алғашқы белгі қойылатын кезде тілеулес болған Жарсуаттың партком хатшысы Сүндет Тасқариннің туған ағасы екен. Ол кісінің естелігінде Мұрат Мөңкеұлының айтыс үстінде қолданған тәсілдері және жыр айту дәстүрі жөнінде бірқатар деректер бар еді: «Түсіп қария «Сөзді мен бұрын бастамаймын, әуелі қарсыласымды тыңдап, оның барлық сырсипатын, сөз саптауын, ата-тегін, т.б. жағдайларын біліп алуым керек. Былайша айтқанда, барлау жүргізіп алып, айтыскер ақыныма содан кейін тиісетінмін» дегенді Мұраттың өз аузынан естіпті».
Сол жолы біз Мұратты көрдім деген тағы бір ақсақалмен жүздестік. Ол – Өрлік ауылының тұрғыны, тоқсаннан асқан қария Үмбетияр Есжанов. Ол ақынды «қолына домбыра ұстаған, мұрындылау қара кісі еді» деп сипаттайды. Оған «Дәулетқали әкесіне аздап ұқсайтын», – деп қосты. Осылайша Мұрат ақынмен жүздескендердің өзі ара-тұра табылып қалып жатқан тұста Дәулетқалимен тілдескен адамдар жетіп артылатын-ды. Атырау облысы, Индер ауданы, Кулагин селосына келгенімізде Құспан Есбосынов ақсақалға жолықтық. Ол кезде жасы сексеннен асқанды. Аудан көлемінде белді қызметтер атқарған Құсекең өте ширақ, әңгімешіл адам екен. Сөзді жүйесімен айтады. Ойланып сөйлейді, байыппен баяндайды.
«Дәулетқали мұрты бар, кішкене қара жігіт еді. Кедейліктен қажып, жүнжіңкіреп кеткені көрініп тұратын. 7-ауылда қайтыс болды. Соғыстан кейінгі жылдары Дәулетқали ел ішін аралап, өлең айтып жүретін, – деп еске алды ол, – 1944 жылы Жұмайтөбе деген жерде «Передовик» колхозының ақыны Дияр Жолаев пен «Жаңакүш» колхозының ақыны Құмар Жүсіпов айтысты. Көтеріңкі социалистік міндеттемелерін абыроймен орындаған шаруашылықтың өкілі Дияр жеңімпаз атанды. Сол айтысты Дәулетқали өлеңмен ашып, өлеңмен қорытындылап еді».
Берік Қорқытов ағамыздың жазбасында «Төсек тартып қалған аурулығы себепті соғыс жылдарында өткен ақындар айтысына қатыса алмады. 1946 жылдан кейін не себепті екенін білмеймін, өлеңдері газетте көрінбей кетті» делінеді. Осыдан соң дереу сұрау салып көрсек, халық ақыны Дияр Жолаев Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында тұрады екен. Қарабау – Мұрат Мөңкеұлының туған жері. Оның өлең-толғауларында бұл ауылдың аты жиі аталады.
Салып ұрып Қарабауға келдік. Жасы ұлғайған Дияр ақсақал науқастан едәуір жүдеп, шөгіп қалыпты. Мандытып әңгіме айта қоймады. Мұрат өлеңдерінің бірқатарын ұмытыңқырап қалған. Бір кезде айтысқан адамын бет қаратпай жеңетін айтулы ақынның аянышты халін көріп, жанымыз ашыды. Дегенмен қарттың өз аузынан Мұрат және оның ұлы Дәулетқали жөнінде біраз мәлімет жазып алдық. «Мұрат – менің әкем Жолайдың нағашысы. Әкемнің шешесі Нәзира ақынның жақын қарындастарының бірі еді.
Ал Дәулетқали жауырыны қақпақтай ірілеу, бірақ артық еті жоқ, сыптай қара кісі болды, – дейді ол. – Домбыра тартқанда «Жанқалтамның жыртығы, ауызымның тыртығы, – деп қайыратын. Отызыншы жылдардың орта шенінде біз онымен көрші тұрдық. Өлең айтқанда тісі ақсиып кетеді. 7-ауылды мекен етті. 1946 жылы Қарабауға көшіп келді. Кішкене домаланған қызы бар еді. Ол қыздың жасы сол тұста 16-17 шамасында болатын».
Мұраттың тұяғы Дәулетқали Мәнет деген қызға үйленіп, одан Бәкиза деген перзент сүйген. Бәкиза тұрмысқа шықпаған. Жастайынан дертке шалдығып, жиі-жиі ауруханаға түскен. Біз ілгеріде Атырауға барған сапарымызда облыс орталығында тұратын жергілікті ақын Қабижан Сағиевпен тілдескенбіз. Қабижан ағаның науқастанып жүрген шағы, баяу сөйлейді, әр сөзін бөліп айтады.
«Дәулетқалидың әйелі Мәнет – менің әкемнің туған апасы, – деп еді сонда Қабижан аға, – Ол өте жұпыны күй кешті. Шешем «Дәулетқалиға үстімдегі көйлегімнен киім тігіп бердім» деп отыратын. 1924 жылы туған Бәкиза жүйке науқасының азабын көп тартты. Ауруханадан шығарып алып, бірер жыл қолымызға алып бақтық. Жетпісінші жылдардың басында қайтыс болды». Сөйтіп, бүгінде Мұраттан ұрпақ қалмаған. Құрылыс ауылының тұрғыны Жөкес Кенжеғалиев (Мұраттың басына белгі қойған Бердеш Есбосыновтың немере ағасы) айтқан тағы бір әңгіме жадымызда сақталып қалыпты. Дәулетқали өзінің шаңырағына құт-береке дарымай қойғанына қатты налиды екен.
Сол өңірге ұры Қосжан деген атпен белгілі қу тілді кісімен жақын жүрсе керек. Екеуі кәдімгідей дос болған. Қосжан Сарытау, Орал, Ақтөбе, Көкжар жағын түгел аралап, әр сапарынан үйірүйір жылқы айдап әкеледі. Олжасын үй басы сайын бөліп таратады. Дәулетқали: «Осы маған ұрлық жақпаушы еді», – деп басын алып қашса да, Қосжан тақымдап оны көндіретін көрінеді.. Сонда ақынның ұлы күңіреніп: «Менің қазаныма арам ас түспеп еді, Қосжанға ерем деп дастарханымды ластадым. Шаңырағыма құт дарымай қойғанын содан көрем», – дейді екен. «Міне, Кенжеш, менің есімнен кетпейтін нәрсе осы», – деп Жөкестің әкесі Кенжеғалиға талай рет мұң шағыпты.
Бірақ Қосжан мен Дәулетқали екеуі де елге белгілі сөз жүйрігі ретінде танылған. Өмірі бір-бірімен алысып-жұлысып, сөз қағысып, жарасымды тіршілік кешкен деседі. Арада ұзақ жыл өткенде Жөкес ағаның әңгімесін жазып алған алақандай диктофонымыздың таспасын қайта сүзгенімізде мынадай мәліметтер шықты. Қайран Жөкеңнің дауысы құлақ түбінде саңқылдап тұр: «Дәулетқали өмір бойы 8-ауылдағы Елтүзер Есеннің ішінде жүрді.
Осы жерде Ырсай Есен, Женет Есен, Елтүзер Есендер бар. Самай Есен Орда жағына ауып кеткен. Дәулетқалидың жерленген жері де Елтүзер Есеннің ортасы. Бейіті Шойтас ата бейітінің қасында. Басында жазуы бар. Дәулетқалиға белгі қойған Аққұлы Қаратоқай Жұмағұл деген кісі. Фамилиясы есімде жоқ. Дәулетқали өте кедей болды. Ол 1956 жылы қайтты-ау деймін. Үйге талай келді. Ұзын бойлы қара кісі еді. Әкесін «Кәке» деп атайтын».
Алғашқы сапарымызда Индерборда тұратын Төлеш Тілекқабылов деген елге белгілі азаматпен әңгімелескенбіз. Ол – Мұрат дүние салғанда жанында болған, Жайықтың бергі бетіне мүрдесін өткізіп, Шолақ бетінің жанына жерлеген Шалда шеркештің жиені. Бірнеше жыл мұғалім, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болған Төлеш аға ақынның ұлын былайша сипаттап беріп еді: «Дәулетқалиды кішкентай кезімде көрдім.
1942-43 жылдар шамасында Құмар Жүсіпов екеуі концерт қойып жүрді. Соғыс кезі ғой. Мұрат өлеңдерін, «ҚарасайҚазиды» айтатын. Ұзын бойлы, сәл еңкіштеу адам еді. Бетәлпеті сопақшалау, екі ұрты салыңқы, көзі шүңіректеу, көселеу кісі болды. Өлең айтқанда қарлығыңқы дауысы шырылдап, шеке тамыры шодырайып шығып кетеді. Әкесінің өлеңдерін шаршамай айтады. Бірақ өзі ағып тұрған жоқ. Меніңше, Дәулетқали Мұратқа тартпаған сияқты». Осындай ел аузында сақталған деректер мен мәліметтер Дәулетқали өмірбаянының көмескі тұстарын толықтыра түседі.
ТУЫС пен ТІЛЕУЛЕС
А т ы р а у ғ а т а ғ ы б і р келгенімізде Кулагин ауылында тұратын Осиға Құбашқызымен де әңгімелестік. Оның айтуынша, арғы атасы – Айтуған Мөңкемен бірге туған. Мөңкеден – Мұрат, Айтуғаннан – Құбаш. Ол кісіні іздеп баруыма «Индер» газетінде 1991 жылы 2 қарашада жарық көрген «Мұрат телпегін киген қыз» деген мақала себеп болды. Сол мақаланың авторы Мәжит Мұхтаров Осиға апамызға мынадай сауал қойыпты: «– Мұрат ақыннан Дәулетқали деген ұл қалыпты. Ол кісі де ақын болған дегенді естиміз. Сіз бұл жөнінде не айтасыз? – Иә, Дәулетқали – Мұрат көкемнің жалғыз баласы.
Сары деген ұлы ертерек дүние салыпты. Мен Төлеу деген Бегіс руының а з а м а т ы м е н тұрмыс құрдым да арамыз алыстап кетті. Кейін, 1935 жылы болуы керек, ол ағамды Дендер ауылына іздеп келгенбіз. Су жағасына таяу салған жер үйде тұрады екен. Сол жылдары ашаршылық қысқан қиын к е з е ң ғ о й . Ағам ұзын бойлы, ат жақты, о ж ы р а й ғ а н , ысқаяқтау қара кісі еді. Мұрты жоқ. Шашына ақ кірген. Бойы ж ү д е у л і к т е н ұзарыңқырап кетіпті. Мені ә з е р т а н ы п , құшақтап сүйді. «Тізе бүгіңдер» – деді. Үйде үш жан тұрады екен. Қызы пеш түбінде отыр. Үндемейді. Аға-жеңгем екеумізден бар жағдай сұрап-сұрап, құр ауыз аттандырып салды. Амалы құрып, «Құр ауыз кеттіңдерау, қарақтарым», – деп жылап қалды. Кейін қатыса алмадық».
Біз осы мақаланы оқыған соң Осиға апамыздың үйіне арнайы барғанымызда «Мені де іздеп келеді екенсіңдер-ау», – деп көзінің жасын сығымдап алды. Ол 1918 жылы Өрлік ауылының қыр жағында дүниеге келіпті. Кіндігін Мұрат ақынның әйелі – Науша деген ақ жаулығы басынан түспейтін кішкене ғана сары кемпірдің өзі кесіп, шарана күйінде етегіне орап алыпты. Бұлар ақынмен көрші тұрыпты. «Неге екенін қайдам, маған кіндік шешемнің көңілі қатты түседі. Өбектеп, айналыптолғанып, бесігімнің жанынан шықпайтын көрінеді, – дейді Осиға апамыз. – Тіпті әкеме осы қызды бала етіп асырап алсам қайтеді дегендей емеурін де танытыпты. Бірақ әкем ыңғай бермеген».
Жетпістен асқан кейуана осылайша там-тұмдап, біраз сыр ақтарды. Әйгілі қызыл телпектің жоғалу тарихын асықпай баяндады. Ынташ деген апасы туралы да айтты. Кейін Мұраттың тағы бір туысының дерегі шықты. «Дендер» газетінің арқалы ақынның 150 жылдығына арналған санынан мынадай мәліметті көзіміз шалды. Кулагин ауылының тұрғыны Шолпан Қабдешева: «Мөңкеден Мұрат, ал одан Дәулетқали туғанын бәрі біледі. Мөңкенің туған інісі – Айтуған. Одан Құбаш туады.
Енді Құбаштың үлкен қызы – Ынташ, ал екінші қызы, яғни анамның сіңлісі – Осиға. Мен сонда Мұратқа туған жиен боламын», – деп жазыпты. Демек, бұл Шолпан баяғыда тезек теруге кетіп, жалаңбас оралған Осиғаға «Басыңдағы телпегің қайда?», – деп сұрайтын Ынташтың қызы болғаны… Дәулетқалиды көргендер мұнымен де шектелмейді. 1993 жылы 3 қыркүйекте «Дендер» газетінде Ержан Дүйсенғалиев деген автордың «Ардақты ақынның ұрпағы» деген мақаласы басылды. Өзімізге қажет деректеріне бола бұл жарияланымға да назар аудардық.
«1942 жылдың сәуір айында бізге колхоз басқармасы Тайсойғанға көшуге бір түйе арба берді. Екінші түйе арбамен Мұраттың ұлы Дәулетқали, оның кемпірі Торғай және қызы Бәкиза бірге көшетін болды. Дәулетқали менің әкем Дүйсенғалимен құрдас еді. Әкем 1877 жылы туған. Дәулетқали да сол шамада болар», – деп жазады ол. Қой бағып жүрген жігіттердің жаппай майданға аттануына байланысты көрші ауылдың адамдары жұмысқа шақырылған.
Біздің оқып отырғанымыз – сол көшке ілескен он екі жастағы баланың есінде қалған жазбасы. 1930 жылы туған Ерекеңнің алпыстан асқан асқан шағында қалдырған естелігі шынында да біз үшін өте құнды еді. Әрі қарай зер салайық: «Екі түйе арбамен жүріп отырып, №7 ауылдың қырымен, Базарбай, Жорық деген жерлермен тартып, Қарабаудың бергі жағында Бөлекаяқ деген сорға келдік. Су тасып кеткен, өткел жоқ. Дәулетқали марқұм суға түсіп қарап, «өтуге болады екен» деп оралды. Өзінің жеккені бір сары атан еді, арбасын өткізіп алды. Біздің арба қалып қойды.
Енді біздің жеккеніміз бір нар түйе еді. Әлгі нар түйе суға табаны тиісімен жатып алып аунады. Ұрсақ та тұрмайды. Дәулетқали келіп, түйені туарып, өзінің атанын біздің арбаға жегіп өткізді. Нарды сабап жүріп айтқаны есімде. «Алшы нар деп, Тайсойғанға бар деп, Атасы үлек деп, Жексең жүред деп, берген көлігі ғой басқарманың», – деп еді. Тайсойғанға жеткенше бірнеше судан осындай мехнатпен өттік». Дәулетқалидың өмірінен де, өлеңінен де аз-кем мәлімет беретін бұл жазбаның маңыздылығын айрықша атап өткіміз келеді. Ірі қалалардағы мұрағаттардан табылмайтын деректер мен дәйектер кейде осындай жергілікті басылымдарда жарияланып жатады.
***
Сондықтан біз бұл мақаланы қиып алып, әлі күнге дейін мұқият сақтап келеміз. Ерекеңнің жазбасындағы тағы бір жаңалық мынау. Ол Дәулетқалимен бірге қой бағыпты. Ал, қойды бірге бағу деген сөз – емін-еркін әңгімеге жол ашу деген сөз. Алыс ауылда тұратын Ержан Дүйсенғалиевпен де тілдесіп, аталған деректердің жайжапсарын нақтылап алудың реті келе қоймады. Жұмыс… Тіршілік… Түрлі себеп… Әйтпесе, Ерекең бертінге дейін өмір сүргенге ұқсайды.
Сонымен, әлгі қойдың жайы… «Біз келгенде колхоздың қой фермасы Сұлтануәйіс деген әулие қорымының маңында екен. Дәулетқали Әжіғұлова Жамиғаның, менің әкем Самалихов Ерғали деген шопанның қойын бағады. Келген соң бір айдан кейін әкем Дүйсенғали ауырып қалып, қой бағу менің үлесіме тиді. …Қойды Дәулетқали екеуміз қатар жаямыз. Ол бізге өлең-жыр айтып, көңілдендіріп қояды. Мен Дәулетқалидан Мұрат пен Жантолының айтысын сол күйінде жаттап алып едім. Ол әкесінің өлеңін ғана емес, Бала Ораз бен Тыныштықтың да өлеңдерін білетін еді». Бұл енді өкінішті жайт…
Индерге сан барып жүргенде қалайша мән бермегенбіз. Осында қазына кеуделі қарттар күні кешеге дейін болды ғой. Дәулетқалидың өмірі мен шығармашылығына қатысты бірқатар мәліметтер осылайша туыстар мен тілеулестердің естелігі арқылы да жинақталды.
СУРЕТ пен СТУДЕНТ
Алғаш зерттеуді бастаған жылдарымызда Берік Қорқытовтан «Дәулетқалидың суреті сақталған ба?», – деп сұрағанымызда ол кісі: «Бұл енді менің қатем, кездескен кезімде суретке түсіртіп алуым керек еді. Соған қарап отырып, Мұраттың бейнесін салдырар едік. Енді Дәулетқалидың бейнесінің өзін суретшілерге ауызша сипаттауға тура келеді», – деген-ді. Оның осы ой-пікірі баспасөзде жарық көрген соң белгілі педагог, зерделі мұратанушы, сұңғыла шежіреші Жанаш Нұрмұханов ақсақал Атыраудан үн қатты. Үн қатып қана қойған жоқ, «Дендер» газетінің 1993 жылғы 2 сәуірдегі санына «Ақын ұрпағының суреті» деген мақала жариялады. Дәулетқалидың бір топ кісінің ішінде отырған суретін бастырды. Суретте отыз төрт адамның бейнесі көрініс тапқан.
Дәулетқали шет жақта жалаңбас, қолына домбыра ұстап отыр. Жанаш Нұрмұханов бұл мақаласында мынадай түсініктеме береді: «Мұраттың ұлы Дәулетқалиды 1939 жылы көрдім. Өлеңдері 1938-1939 жылдары облыстық басылымда жарияланып жүрді. Сол 1939 жылы Қазақстан жазушыларының екінші съезі алдында об лыс әдебиетшілерінің слеті кезінде Гурьевте суретке түстік». Автор сонымен қатар бұл фотода өңірдің белгілі қаламгерлері Хамит Ерғалиев, Уәли Жайықов, Жәрдем Тілеков, Сағат Төлебаев, Құлмағамбет Бөріқұлақов, Ғ а б д ы А м а н ғ а л и е в , Сәттіғұл Жанғабылов, Сұраубай Үттібаев, Бисекеш Дүйсенғалиев, Далабай Жазықбаев, Қабижан Мәмбетов, Бисен Сариманов және басқалардың бар екенін айтады.
Сондай-ақ, Жанаш ағамыздың өзі де осында отыр. Бірақ сурет онша сапалы емес. Бір шеті жыртылған. Оның үстіне аудандық газеттердің тоқсаныншы жылдардағы технологиясының жайы белгілі емес пе?! Ешкімнің де бет-бейнесі таныла қоймайды. Бәрібір бұл Мұрат мұрасынан диссертация қорғаймыз деп алаөкпе болып жүрген біз үшін зор жаңалық еді. Ұлт мұрасының жанашыры Жанаш ағаға шексіз ризашылығымызды білдірдік те, таяқ тастам жердегі Хамит Ерғалиев ақсақалдың үйіне тарттық. Алматыда тұратын кезіміз. «Ойбай, аға, суреттің түпнұсқасы сізде көрінеді», – деп жетіп барсақ, ол сөзге келместен бірден бере қойса, Хамаң бола ма?
Сондықтан біз «сурет операциясына» ұзақ дайындалдық. Өр мінезді, бір қисайса қасарысып қатып қалатын қыңыр қарттың бүкіл шығармасын қайта бір шолып шықтық. Сол жылдарда жаңа шыға бастаған алақандай диктофонымызды әзірлеп, көлемді сұхбат алуға бел будық. Ол сұхбат кейін «Ана тілі» газетінде жарық көрді. Хамаң әңгімесін бітіріп, қолақпандай мұрыны әбден тершіген шақта, жайлап қана суреттің жайын айттық. Абырой болғанда, ұжымдық фотоның түпнұсқасы әйгілі ақынның алты атанға жүк болатын ауқымды архивінің арасынан оңай табылды.
Оны бірер сағатқа сұрап әкетіп, «Жас алаштың» фототілшісі Рахымбай Ханалыға көшіртіп алдық. Бүгін ұсынылып отырған сурет – сол Рахымбай ағамыздың әрлеп-әдіптеген нұсқасы. Сол жолы Хамаңнан Дәулетқалидың ақындығы туралы да сұрағанбыз. «1938-39 жылдары ол елудің шамасындағы жігіт ағасы еді. Ұзын бойлы, еңкіштеу кісі болатын. Онша назар аудармаппын. Дегенмен әкесіндей күшті емес-ті. Домбырамен жүретін», – деді Хамит аға.
Суреттің жайын айттық. Е н д і ә д е б и м ұ р а н ы түгелдеуге өлшеусіз үлес қосқан бір кездегі студенттер тақырыбына ойысайық. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының аяғында профессор Қажым Жұмалиев екі студентті Гурьев облысына ғылыми экспедицияға жіберіп, Мұрат өлеңдерін жинауды тапсырады. Біріншісі ҚазГУ-дің журналистика бөлімінің 1 курс студенті Берік Қорқытов болатын. Ал, екіншісі ҚазПИ-дің 2 курс студенті Айтым Әбдірахманов еді. Екеуі де осы сапарларында Дәулетқалиға жолығады. Оның аузынан Мұраттың өлең-жырларын жазып алып, қолжазба қорына әкеліп тапсырады.
Мұраттың жырларын жинаған екі студенттің де өмір жолы өнегелі болды. Берік Қорқытов жазушы-драматург атанды, ұзақ жыл бойы Жазушылар одағының Атыраудағы бөлімшесін басқарды. Ал филология ғылымдарының докторы Айтым Әбдірахманов А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтында қызмет істеді. Мен Мұрат мұрасын зерттеу барысында осы екі ақсақалдың да Дәулетқали туралы естеліктерін жазып алдым. Екеуімен де өмірден өтер-өткенше сыйласып тұрдым.
1947 жылы ұстазының тапсырмасымен Гурьевке келген Берік Қорқытов сол сапарында Мұрат Мөңкеұлының ұлы Дәулетқалимен көп әңгімелеседі. Оның айтуынша, Дәулетқали орта бойлы, шүңірек көзді қара кісі екен. Ән салғанда дауысы ащы, әрі қарлығыңқы шығатын көрінеді. Әкесінің өлең-жырларын жатқа соғады. Өзінің өлеңдері де баршылық. Берік тек бас алмастан жазғанды білді… Сол жолы Мұрат мұрасын молынан жинаған Берік Қорқытов естелігін былайша өрбітеді: «Әдебиетте де бағы ашылмайтын жандар болады. Солардың бірі – осы Дәулетқали. Ақындығында қапы жоқ, жазба ақын емес, сауаты жоқ төкпе ақын.
Сондықтан өлеңдері айтылған жерде қағазға түспей қала берген. Ел есінде қалғандары әлі күнге дейін аз да болса айтылып келеді. Жас кезінде айтысқа көп түскен, олар да ұмытылған. Құрдасы Қосжан Жұмалиевпен кездесіп қалғанда қысқа қайтаратын әзіл айтыстары ел аузында әлі айтылып жүр». Қажым Жұмалиевтің Берік Қорқытовты бірінші курстың студенті екенін қарамастан ғылыми экспедицияға жіберуі бекер емес-ті. Профессор сабақ үстінде шығарма жазуға тапсырма берсе, шәкірті ылғи Мұрат өлеңдерін мысалға келтіріпті.
Содан ол Берікті үйіне шақырып, асықпай әңгімелеседі. Ақын жырларын қайта-қайта оқытқан. Түбінде осы зерделі баладан бірдеңе шығатынын сезген сияқты. Ақыры, Атырауға жұмсаған. Жеке шаруасына емес. Әйгілі ақынның өлең-жырларын жинауға. Шикіөкпе бозбала деп қарамаған, болашақ маман деп зор сенім артқан. Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы қорындағы Мұрат Мөңкеұлы мұрасының дені сол сапарда жасақталды. Бұл жөнінде біз «Жас алаштың» 1994 жылғы сәуір айындағы екі нөміріне «Екі студенттің еңбегі» деген мақала жариялағанбыз.
Сөйтіп, Берік Қорқытов Мұрат шығармаларымен де, оның баласы Дәулетқалидың өлеңдерімен де оқуға түспей тұрып-ақ таныс болған. Бұған оның өңірге танымал шежіреші әкесі Ыбыраш себеп болған тәрізді. Ыбыраш ақсақалдың өмір бойы жазған дәптерлерінде Атырау аймағына қатысты аңыз әңгімелер, өлеңжырлар, белгілі тұлғалар туралы мәліметтер молынан жинақталған. Сол дәптерлер кейін Берік ағаға да, өзгелерге де талай жыл азық болды.
Осының бәрін зердесіне тоқып өскен қаламгер былай дейді: «Дәулетқали есімін алғаш рет бала кезімде, 1938 жылы естідім. Бірде әкем «Социалистік құрылыс» газетін оқып отырып, «Мынау – Мұрат ақынның баласы Дәулетқалидың өлеңі», – деп бір өлең оқыды. Сол өлеңнің: Сөйлемейін мен неге, Төрт аяғым тең жорға, Мен Мұрат ақын баласы, – деген жолдары ғана есімде қалыпты.
Мұрат есімін де сол кезде естідім. Кейін орта мек тепте қазақ әдебиеті пәнінен Мұрат Мөңкеұлы туралы оқыдық. Ол кезде әдебиет оқулығында Мұраттың «Үш қиян» дастанының үзіндісі және «Шәлгез» деген жыры оқытылатын. Бертінде оған «зар заман әдебиетінің жар шысы» деген атақ тағылып, шығармалары орта мектеп оқулықтарының алынып та сталды. Университетте де сол ұғымда, теріс бағытта оқыдық». Алайда естіген бір бөлек те, көзбен көрген бір басқа. Ақыры 1940 жылы әкесі Дәулетқалиды үйге ертіп келеді. Ол кезде Ыбыраш Қорқытов Гурьевте тұрады екен.
Мұраттың ақын ұлы біраз жырлайды. Негізінен әйгілі әкесінің өлеңдерін айтады. Бұл сәтте он екі жастағы Берік Дәулетқалиды ықыласпен тыңдап отырады. «Бірақ ол кезде өлеңге мән беріп, түсіне қоятын кезім емес еді», – дейді өзі. Ал 1947 жылдың жазында Гурьев қаласында ақынның ұлымен екі жұмадай бірге болады. Оңаша отырып, емін-еркін сырласады. Мұраттың барлық айтыстарын, өлеңдерін, «Сарыарқа», «Үш қиян» дастандарын Дәулетқалидың өз аузынан жазып алады. Ол бұл өлең-жырлардың бірқатарын ұмытып қалғанын айтады.
Берік Қорқытов Мұраттың ақын ұлының кейінгі өмірінен де мол хабардар болып отырды. Ол Дәулетқалидың баспасөз бетін көрген өлеңдерін жинастыру үшін 1930-47 жылдар арасындағы газет тігінділерін ақтару керектігін айтады. Жазушы-драматург Дәулетқали Мұратұлы туралы арнайы мақала жазды. Оның шығармаларын Мұратпен бірге насихаттады. Жыр қонған әулеттің дәстүр сабақтастығын к ө р с е т у г е т ы р ы с т ы .
Сондықтан кейіпкеріміздің а д а м и б о л м ы с ы м е н ақындық тұлғасы жөнінде сөз болғанда Қорқытовтың қазыналы қоржынын елеусіз қалдырмайтынымыз анық. Сонымен, Берік ағамыз Мұраттың ақын перзентінің өмірбаянын былайша нақтылайды: «Дәулетқалидың мекен еткен жері – қазіргі Махамбет ауданының «Ақжайық» совхозы. Өлеңдері 1930 жылдардан бастап жариялана бастаған. Дәулетқали – әдейі хат жазып сұратпаса, өздігінен редакцияға өлең жолдамаған адам.
Ұлы Отан соғысы кезінде редакцияда істеп жүргенімде Бақсай, осы күнгі Махамбет ауданының жігіттеріне тапсырып, төртбес өлеңдерін алдырып жарияладық. 1946 жылы Жамбылдың жүз жылдық мерейтойы өтті. Сонда жазды рып алған «Ақындардың басы едің» деген өлеңі сол жылы 19 маусымда газетте басылды. Әкесі Мұраттың оқулықтан алынып, «қара таңба» басылғаны Дәулетқалиға да әсерін тигізбей қоймады. Кезінде оның өлеңдерінен қашқақтағандар да болды. 1960 жылдары қайтыс бо лыпты деген хабарын естідім. Бейіті сол Ақжайық ауылын да». Б ұ л е с т е л і к т е р д е н Дәулетқалидың өзінің ақындығынан гөрі әкесінің мұрасын сақтаумен және таратумен көбірек айналысқанын көреміз. Ол осы қызметіне адал болған.
Алыстан Мұрат өлеңдерін іздеп келгендердің бәрін құшақ жайып қарсы алған. Жас демей, жасамыс демей, ықылас танытқанның бәріне әкесінің шығармаларын тоқтаусыз айтқан. Сол себепті біз Дәулетқалиды Атырау өңіріне белгілі жыр жүйрігі ғана емес, Мұрат мұрасының білгірі, белсенді насихатшысы ретінде де танытуымыз керек. Осы ойымызды шежіреші Жөкес Кенжеғалиевтің «Индер» газетінің 1991 жыл 26 наурыздағы санында жарияланған «Әке аманаты» деген бір мақаласындағы: «Дәулетқали – 1950 жылға дейін әкесі Мұраттың өлеңдерін халық арасына таратуда бір бөлек еңбек еткен адам», – деген пікірі қуаттай түседі.
Сол Жөкес ағамыз «Оның мүрдесі №7 ауылда. Елтүзер – Есен қауымында жатыр, оны жергілікті көнекөз қарттарды ертіп апарып тауып алдым», – деп естелік қалдырыпты. Ендеше, бұл деректер Мұратты ғана емес Дәулетқалиды да жақсының көзі, асылдың сынығы ретінде ұлықтауға жол ашпақ. Егер оның ақындығы туралы зерттеу жүргізуге ниеттенген жастар табыла қалса, көмек көрсетуге, кеңес беруге дайынбыз.
АМАНАТ пен АДАЛДЫҚ
Енді сонау жылдары Алматыдан Гурьевке аттанған екінші студентті ұмыт қалдырмайық. Ол Берік Қорқытовтың сапарынан кейін екі жыл өткен соң жолға шығады. Нақтырақ айтсақ, 1949 жылы ҚазПИ-дің 2 курсында оқып жүрген студент Айтым Әбдірахмановты институт профессорлары Қажым Жұмалиев пен Сәрсен Аманжолов Гурьев облысына фольклорлық және диалектологиялық экспедицияға жібереді. Оған арнап арнайы қаражат бөлгізеді. Айтым Гурьевке келген соң Жайықтың сол жағын, оның Хаммат Иматов деген курстасы өзеннің оң жағын жағалап жол тартады.
Олар Бақсай, Есбол аудандарын түгел аралайды. Айтекең Индерборға келіп, сол маңдағы ауылдардың бірінен Мұраттың баласы Дәулетқалиды іздеп табады. Өйткені, Қажекең жұқалтаң студентке «қайтсең де оған жолық» деп тапсырма беріпті. Дәулетқалидың жетпістен асқан кезі екен. Азын-аулақ малы, жер кепе үйі бар көрінеді. «Дәулетқали ақсақал ол кезде домбыра тартуды, өлеңжыр айтуды қойған кезі екен, – дейді Айтым аға, – Соғыстан кейінгі ауыр жылдар ғой. Қаладағы біздер ол кезде жарты кило қара нанмен жүретінбіз. Елдегілер де аздаған малына салынған салыққа (бір сиырға он кило май) шыдамай, көтерем болып жүрген тұс. Дәукең қалжырап, шүйкедей ғана шал болып қалыпты.
Содан соң мен Гурьев облаткомының Есбол ауаткомына «жәрдем көрсетіңдер» деп жазған хатқағазын табыс еттім. Бұдан соң ауатком бір қой, бір қапшық ұн, күніне он литр қымыз, бес-алты кило май, біраз көлемде балық бөлді». Бұл сапарда Айтым жергілікті ауыл мұғалімдерінің үйінде жатады. Олар Дәукеңді төрт-бес күн бойы етке, қымызға, бауырсаққа тойғызып, қоңдандырып, жыр айтуға дайындайды. Содан соң төрт мұғалім және Айтымның өзі, барлығы бес адам Дәулетқалидың аузынан жыр жазып алуға кіріседі. Дәулетқали көне домбырасын қолға ұстап, қоңыр дауысымен жырлай жөнеледі. Жазып алуға арналған құралдан жұрдай заман.
Сондықтан мұғалімдер мынадай тәсіл қолданады. Өлеңнің төрт жолын төрт адам кезектесіп үлгеріп жазып отырады. Бесінші адам бұл кезде темекісін тартып, дамылдап алады. Сәлден соң ол шаршаған адамды ауыстырады. Әлгі кісінің орнына отыра қалып, жазуды жалғастыра береді. «Дәулетқалиды жыр айтып отырғанда тоқтатуға бол майды, – дейді Айтекең өз естелігінде, – Тоқтатсаң, жырдың келесі және өткен жолдарын ұмытып қалады. Ал тоқтамай жырласа, бәрі де маржандай болып ай тылып, қағазға түседі. Біз осылайша он күн ішінде Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын түгел жазып алдық.
Оның үстіне Дәукеңнің өзі шығарған өлеңдерін де түгел қағазға түсірдік. Өзінің өлеңдерінің мазмұнынан есімде қалғаны: оның бай ларды сынаған өлеңдері, колхоздастыру кезіндегі шолақ белсенділердің со дырлы қылықтарын сына уы, қасқыр мен әкімнің ай тысы, т.б. тақырыптар еді. Мұндай қылықтары үшін Дәулетқалиды 20-30 жылдар да қуғынға да ұшыратқан. Түрмеге де қамалған. Бірақ өлеңдері кеңес құрылысына қарсы болмағандықтан, же келеген әкімдерді сынға алғандықтан, бұғаудан аманесен құтылып отырған». Айтекең бұдан соң Дәулетқалиға Қырымның қырық батырын жырлатады.
Бірақ Дәулетқали ақсақал енді қызынып келе жатқанда бұлардың он күндік мерзімі бітіп қалады. Оның үстіне әлгі мұғалімдердің бұдан артық отыруға мүмкіндігі болмай, үйді-үйіне тарасып кетеді. Соның өзінде студент Айтым Алматыға мол байлықпен оралады. Келе сала жазғанының бәрін таза дәптерге көшіреді. Соның бәрін асықпай оқып шыққан Қажым аға: «Кейбір жекелеген тіркестердің қосылғаны болмаса, Мұрат Мөңкеұлының бұрынғы жиналған шығармаларынан аса көп айырмашылығы жоқ екен», – депті. Бұл ақын мұрасының біршама қалыптасып қалғанын айғақтайтын тұжырым еді. Оған қоса студент Дәулетқали Мұратұлының өз өлеңдерін де жазып әкелген-ді.
Қажым Жұмалиев пен Есмағамбет Смайыловтың тапсырмасы бойынша студент өз қолжазбаларын аспирант Мүсілім Базарбаевтың берген рецензиясының арқасында Тіл және әдебиет институтының қорына өткізіп, едәуір қаражат табады. Сол жолы тапқан-таянғаны костюм-шалбар мен пальто алуға молынан жетеді. Мұрат пен Дәулетқали өлеңдерінің арқасында қарын тойғызып, киімін бүтіндеген ашқұрсақ студент 1950 жылы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетінің үйірмесінде «Дәулетқали Мұратұлының өмірі мен шығармашылығы» деген тақырыпта баяндама жасайды.
Өз тұсында едәуір орны болғанымен, кейін көп елене қоймаған Дәулетқали туралы алғашқы да, соңғы да ғылыми баяндама сірә, осы шығар. Ол баяндамаға сол тұстағы өндірдей жастар, кейінгі әйгілі ғалымдар Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Телқожа Жанұзақов, Шәмшиябану Сәтбаева, Рәбиға Сыздықовалар куә болады. Үйірме жетекшісі Қайнекей Жармағамбетов «Сен Дәулетқалиды қазақ поэзиясының классигі етіп жіберіпсің ғой», – деп студентті келемеж етеді. Дәулетқалидың өлеңдері түгілі, Мұрат Мөңкеұлының өз шығармаларына да зауал жақындаған жылдарда мұндай ой-пікірлердің болуы заңды еді. Әрине, ол әкеден аса туған ақын атанбады, бірақ өлеңінің кестесі жағынан ешкімнен сорлы емес еді.
Табан астында суырып салатын тапқырлығы мен ұтқырлығына ешкім дау айта қоймас. Осы тұста студент Айтым Әбдірахмановтың Мұрат пен Дәулетқалидың мұрасын жинауға адалдық танытқанын айтуға тиіспіз. Ол бұл іске шын ықыласымен кіріседі. Ұстаздарының іліп-шалғанына қарамастан Дәулетқали өлеңдерін қатарластары арасында насихаттай береді. Кейін Мұрат ақынның шығармалары бұғаудан босаған кезде қырық жылғы бұрынғы сапарының әр сәтін есіне түсіріп, жұртшылыққа баға жетпес мәлімет ұсынды. Тағы бір айтарымыз, ол Берік ағамыз сияқты Атыраудың өз перзенті емес, Ақмола өңірінің тумасы еді. Солтүстіктің топырағынан шыққан ғалым батыс аймағының әдеби мұрасын тірнектеп жинауға зор үлес қосты.
Оның шын ниеті, ынта-ықыласы айрықша бағалауға лайық еді. Бұл тұрғыдан алғанда «Мұрат Мөңкеұлының қазақ әдебиетінде алатын орны зор екені кімге болса да белгілі. Алайда оның бел баласы Дәулетқалидың да тәуір ақын екені анық. Оның да әкесімен қоса аталғаны жөн шығар. Осы Дәулетқалидың шығармашылығы арнайы зерттелсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда Мөңке әулетінің әдеби мұрасы түгелденер еді», – деген Айтым Әбдірахмановтың аманат сөзі әлі күнге дейін құлақ түбінде жаңғырып тұр. Ұзақ жыл жиған-тергенімізді қайта ақтарып, қолға қалам алуымыздың бір себебі де сол.
АҚЫН мен АУЫЛНАЙ
Е н д і Д ә у л е т қ а л и Мұратұлының Ғылым академиясының қолжазбалар қорында сақталған өлеңжырларына зер салайық. М ұ н д а ж и н а қ т а л ғ а н ш ы ғ а р м а л а р д ы ң әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Соның бірі – «Иманғали Мертеновке» деген ұзақ өлеңі. Иманғали Мертенов деген кім еді өзі? Ол патша өкіметі тұсында писарь болған, кейін ауылнайлық қызмет атқарған адам екен. Өлеңнің жазылуына мынадай оқиға себеп болыпты. 1917 жылы Дәулетқали Астраханнан еліне, Бақсай ауданына қайтып келеді.
Сөйтіп жүргенде 1920 жылы ұсталып, 17 күн түрмеде жатады. Түрмеге түскен себебі мынау: Сол жылы Есбол ауданы Өрлік ауылында тұратын Дәулетқалидың туыстарын бандалар қырып кетеді. Солардан алты қара, бір киіз үй қалыпты. Бұл дүниенің мұрагері қазақы дәстүр бойынша да, заң бойынша да Дәулетқали екен. Бірақ әйгілі ауылнай аталған мал-мүлікті ақынға бермей, бұларға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шеркеш Жанұзақ дейтін біреудің қолына ұстатады. Өйткені одан пара алған көрінеді.
***
Ауылнай Дәулетқалиға ұрлық қылды деп жала жауып, абақтыға жаптырады. Сот істі қарап, ақынды жазықсыз деп тауып, босатып қоя береді. Ал Дәулетқали осыған орай әйгілі өлеңін жазып, ел ішіне таратып жіберген. Соңғы кезде жиі айтылып жүрген «түрме жырлары» деген жанрға Дәулетқали Мұратұлы да айрықша үлес қосқан.
Ол бұл өлеңінде абақтыдағы ауыр халін былайша баяндайды: Протоколды көрген соң, Апарып салды түрмеге. Қадірін кімнің біледі, Солдат жүр бағып іргеде. Аз ғана күн жан болдым, Қалды ма менен бірдеңе. Бұл үзіндіден ақынның тұтқындалу тарихының деректері де айқын көрініп тұр. Былай қарасаңыз, тек фактілерге құрылған баянат секілді дүние. Бірақ бұл өлең Дәулетқали өмірінің кейбір белгісіздеу сәттерін сипаттағанымен құнды.
Сонымен қатар, сол кезеңдегі биліктің болмысын дәл танытқандығын байқаймыз. Ауылнайлар мен оларға жақын жүретін пысықайлардың бейнесі жалғыз Дәулетқали өлеңіне ғана арқау болған жоқ. Ең бастысы, олардан зардап шегетін қара халықтың ахуалы өз дәуіріндегі бүкіл шайырдың шығармаларында көрініс тапты. Бейімбет Майлин жеріне жеткізе суреттеген ауылнайдың образы көркем прозада ғана емес, қазақ поэзиясынан да айрықша орын алды.
Қазақ әдебиетіндегі ауылнай мен ауыл адамдарының тартысы жиырма бірінші ғасырдың басында және одан кейін де таусылмас тақырып болды. Тек Дәулетқалидың мысалында ақынның өз басынан өткен жағдай жан-жақты баяндалады. Қаралап мені ұстатқан, Иманғали Мертенов. Жанұзаққа жалданып, Бір пар өгіз пара алып. Тәңір ақыл берген соң, Он жеті күн жол жүріп, Елге келдім айналып. Дәулетқали бұл өлеңінде ауылнайға деген өкпесі пен базынасын, ашуы мен ызасын жеткізу үшін терме жанрының дәстүрі үлгілерін пайдаланады.
Бұл – сол тұстағы ақындардың бәріне ортақ тәсіл. Өз әкесі Мұрат Мөңкеұлының термелерін еске салатын түйдек-түйдек тіркестер ойындағысын айтуға қолайлы болған тәрізді («Аяқты малдың асылы, Арғымақ ат пен нар болар. Кеңесті би кең болар, Жоқ та болса, бар болар, Жаманның алды тар болар»).
Осылай термелетіп алып, негізгі нысанасына көшеді: «Менің айтқан бұл сөзім, Алдыңа қазулы ор болар. Параға алған пар өгіз, Аяғыңа тар болар». Ол астамсыған ауылнайдың бұл әрекеті неге апарып соқтыратынын ескертеді: «Тайөгізге жалданып, Өне бойы дау қума, Басыңа үлкен сор болар»), билік адамының ақынмен айтысып абырой таппайтынын баса айтады («Меніменен айтысып, Жығылсаң да жықсаң да, Бәрібір басың қор болар»), халық даналығына сүйеніп, өзінің де осал емес екенін (Жалғасы. Басы №4, №5 сандарда) аңғартады («Арғымақ аттың баласы, Мойнынан жал кетсе де, Бір шабарға мол болар»).
«Арғымақ аттың баласы» – күнделікті қолданылып жүрген «тұлпардың тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы» дегеннен гөрі әсерлі әрі образды тіркес. Әрине, бұл Махамбет жырында бар үлгі («Арғымақтың баласы, Аз оттар да көп жусар» немесе «Арғымақтың баласы, Арығанын білдірмес») екені баршаға белгілі.
Махамбет өлеңдерін кейінгі ұрпаққа жеткізген Мұраттың ақын перзенті бұл тіркесті сөз орайына қарай сәл түрлендіріп қолданып жатқанына таң қалуға болмас. Мәселе, оның сол тіркес арқылы өзінің тектінің тұқымы, ұлының ұрпағы екенін дәріптегендігінде. Дәулетқали Мұраттай ақиық ақынның тұяғы екенін әркез мақтан тұтқан. Ол аталған өлеңін былай түйіндейді: Еділ, Жайық екі су, Мұнар шалған ағашы. Ат шабарға жақсы едің, Арқаның сары даласы. Ортасынан Есболдың.
Арестан болып айдалып, Алдарыңа келіп тұр. Алаштан озып бәйге алған Мұратыңның баласы. «Алаштан озып, бәйге алған» – Мұрат Мөңкеұлының «Байтақтан озып бәйге алған» деген әйгілі өлең жолын ойға оралтады. Халық арасында кең тараған сөзді туынды тіркес деудің жөні бола қоймас, дегенмен мұны әкесін айту үшін оның сөз үлгісін қолданғаны деп білеміз. «Мұратыңның баласы» деп атақты ақынды халыққа телуінен де мақтаныш пен ризашылық сезімін айқын аңғарамыз.
Сонымен қатар Дәулетқалидың өлеңінен әкесі сияқты адымын кең аша алмағанына қиналатыны, тұрмыс тауқыметін көп көргеніне ашынатыны, соған қарамастан өз-өзіне көңілі толатыны байқалады. «Мойнынан жал кетсе де, Бір шабарға мол болар» – осының айқын дәлелі. Дәулетқалидың «Жастар тойын көргенде» деген өлеңіндегі өзін таныстыруына назар аударайық: Білесің, әкем аты Мұрат ақын, Телмеңдеп жас жетпіске келді жақын. Мінерге ат, киер киім болмаған соң, Келіспес ер жігіттің салта наты.
Дәулетқали Мұратұлының маңдайына осындай тағдыр жазылған. Жұпыны ғұмыр кешсе де, қанағатынан танбаған. Жалпы, әйгілі ақындардың жолын қуған ұрпақтарының бәріне зор жауапкершілік жүктеледі. Ол – әкесіндей дүлдүл болмаса да, өлең сөзге адал болу міндеті. Мұраттың ұлы сол міндетін абыроймен орындады. Жалпақ жұртқа қадірі бар әкесінің атақ-даңқына көлеңке түсірген жоқ. Үнемі әділетсіздікке қарсы тұрып, күрескерлік қасиетін де анық аңғартты. Ел аузында қалған және зерттеушілердің қолына түсіп, қағазға хатталған, мұрағатта сақталған ауылнай туралы өлең – осының айғағы.
ҚАЛЖЫҢ мен ҚЫЛЖАҚ
Мұрат мұрасын түгелдеуге мол үлес қосқан журналист зерттеуші Қырықбай Бекбаев мақаламыздың бас жағында аталған Қу Қосжанға қатысты мынадай мәлімет ұсынғаны есімізде. Махамбет ауданының «Ақжайық» совхозында Қосжан Жұмалиев деген өте танымал адам болыпты. 1883 жылы туған Қосжан атамыз қулығын қарапайым халыққа емес, соларды басыпжаншыған шонжарларға көрсетіпті. Өзі төңкеріске дейін орысша білім алған, тіпті болысқа аудармашы болған, сауатты, тапқыр әрі өлең сөзге бейімі бар кісі екен.
Елдегі ұрыларға, белгілі барымташыларға ілесіп, талай жорыққа шыққан. Атақты ұрылар орысша жақсы білетін Қосжанды өз кәсібіне тиімді пайдаланған. Қырықбай Бекбаев сол Қосжанның Дәулетқалимен сөз қағысуларын Қызылқоға ауданының «Комсомол» совхозында тұратын Дабыс Қабесовтен, Қосекеңнің балалары Бердеш пен Әлештен, сондай-ақ Жұмабай Қартқожақов деген ақсақалдан жазып алыпты. Әріптесіміз жиғантерген деректерінің негізінде бірнеше мақала жариялаған. Қырықбай Бекбаев баян еткен оқиғаның бірі мынадай.
Дәулетқали бірде Гурьевте сауда жасап жүрген кезінде түрмеге түседі. Ол түрме бірыңғай сары тастан қаланғандықтан «сары үй» деп аталған. Дәулетқали сол «сары үйден» шығып бара жатқанда Қосжанның Қабдол деген ағайыны түрмеге қамалады. Қосжан құрдасының абақтыдан босағанын естіп, үйіне арнайы келеді. Ол түрмеден жаңа шыққанына қарамастан Дәулетқалидың етженділеу екенін байқайды.
Соны меңзеп, оған былай дейді: Дәулетжан айтысам деп желігеді, Ат құсап ауыздығын кеміреді. Үйінде жалғыз қотыр малы да жоқ, Нені жеп осы атаңа нәлет семіреді? Ойлаймын жатып алып ақыл-айла, Ойлаған ақыл-айла жанға пайда. Үйшікке сары тастан үй салды деп еді, Дәулетжан, сол салдырған үйің қайда?
Ә р и н е , б ұ д а н с о ң Дәулетқали да іркілмейді. Сөзден ұстатпайтын әйгілі Мұраттың баласы емес пе, Қосжанның өз айтқанын өзіне қару етіп жұмсайды. Дәулетқали өзінің қапасқа еріксіз түскенін, ал Қу Қосжанның түрмеден шықпайтын, шыға қалған күнде қашып-пысып өмірін өткізетінін тұспалдап жеткізеді. «Мен босатқан абақтыға енді сенің ағайының қамалып жатыр. Түрме дегенің менің емес, сенің мекендейтін тұрақты үйің емес пе?!», – дегенді емеурінмен аңғартады.
Сөз ыңғайына қарағанда мұндай астарлы қалжың бұрыннан бұлардың үйреншікті дағдысына айналған сияқты: Сөйлейді асып-тасып асқан неме, Кісіге ұрынады тасқан неме. Есіңе қай-қайдағыны са лайын ба, Ежелден пропискалы қашқын неме. Жігіттер таңдап мінер қазанатқа, Жала сөз жарамайды азаматқа. Бір үйдің салынуы рас еді, Қабдолға тастап кеттім аманатқа.
Енді сол заманғы «қылмыс әлемінің серкесі» Қу Қосжан өздерінің «береке тауып жүрген кәсібін» жырлауға көшеді. Қырықбай Бекбаевтың мәліметіне сүйенсек, Қосжан жылқы ұрлағаны үшін сотталып, Орал (Теке), Сарытау жағында болып, елге екі жылдан кейін оралып келе жатқанда Қажықар деген жерде бір орыс көпесінің алты атан жеккен лауын айдап кетеді. Оны Текеге апарып сатып жібереді. Ол жоқта Дәулетқали Текеге барып, Қосжан екеуі үйіне түсіп жүретін саудагер ноғайдан бір мың сом қарыз алып, Гурьевке барып сауда жасайды.
Сол жерде ұсталып қалады. Екеуара сөз қағысуға осы жайттар өзек болады. Өз айналасындағы ұрлық-қарлық жайын үнемі өлеңіне қосып, өзгенің де осы тақылеттес мінін айтып отыратын Қосжан Жұмалиев ақын досының қарыз алып жүріп қапылыста шатылып кеткенін еске салады. Қу Қосжанның: Дәулетжан домбыраны бұрап отыр. Өлеңді ойдан-жоқтан құрап отыр. Мұраттың жетпегірі аман ба деп, Текеде соқыр ноғай сұрап отыр, – дегеніне осы мәселенің жай-жапсарын жетік білетін Дәулетқали қайымдасу үлгісімен тосылмай жауап береді.
Бұл тақырыпта Мұраттың ақын ұлының мерейі үстем. Өйткені ұрлық мәселесіне к е л г е н д е Қ о с ж а н д ы тұқыртатын мәліметтер көп. Дәулетқалидың абақтыға абайсыз қамалғаны болмаса, барымташылық шайырдың негізгі кәсібі емес. Сондықтан өзі келіп ұрынған Қосжанға табан астында жауап қайтару – оның сөз қағысу сайысындағы тиімді тәсілі. Құрдасы қарыз алып, әлі өтей алмай жүргенін бетіне басып, саудагер ноғайды айтқанда, Дәулетқали одан да зор нәрсені – қарсыласының орыс көпесінің мал-мүлкін түгел тонап кеткенін жайып салады.
Қосжан өзіне тиісуді қалай бастаса, бұл да сол әдіспен сөз саптайды: Қожым да домбыраны бұрап отыр, Өлеңді жоқтан-бардан құрап отыр. Алты атан қамытымен жоғалттым деп, Қажықарда бір орыс бай жылап отыр. Қырықбай ағамызға мәлімет берген Жұмабай Қартқожақовтың дерегіне ден қойсақ, Қосжан Жұмалиев пен Дәулетқали Мұратұлының айтыстары тек мұнымен ғана шектелмейтін сияқты. Екеуі де сөзден жаңылмаған. Бір-біріне есесін жібере қоймаған. Бірбірінің бағасын білген. Екеуі де намысқа тиіп, көңілді бұзатын сөз айтудан аулақ болған.
Бұл сөз қағысулар ер мінезді азаматтардың жарасымды қалжыңы ретінде ел ішіне кең тараған. Жас мөлшері шамалас жігіттер бір-бірін зілсіз әзілмен қажайды. Бұл кезде танылып қалған Дәулетқалидан ықпай, емін-еркін өлең өріп тұрған Қосжанның рухына да құрмет көрсету – бәрімізге парыз. Жырқұмарлық кез келген қазақтың қанында бар десек те, Қосжанның бұл өнерді шебер меңгергеніне қайран қаласың. Мұрат ақынның ұлы да мұны жақсы түсінген.
Досының әр сөзіне құрметпен қараған. Сондықтан, өзі тұсында былай деп жырлапты: Жолдасым қасымдағы сары Қосжан, Қор болмас жақсыменен басын қосқан. Кешегі Николайдың за манында, Ұры едің жолаушының жо лын тосқан. Бағыңа советский власть келіп, Осы күн бәрінен де болдың бостан… Дәулетқалидың туған жылы әркелкі жазылып жүргеніне қарамастан Қосжан екеуін құрдас деп атау дәстүрі берік орныққан сияқты. Осы қос құрдастың сөз қағысуларының жаңа деректері табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Сонымен қатар Ержан Дүйсенғалиев біз атап көрсеткен мақаласында Дәулетқалидың бірер шумақ өлеңдерінің шығу тарихын да мысалға келтіреді. Ер-азаматтар майданнан қайтқан соң қой бағуға жіберілген Дәулетқали №7 ауылға қайтып оралады. Бір күні ол өз ауылы мен №8 ауылдың арасындағы Есбол көлінің жағасынан шөп шауыпты. Соны көрген қарауылшы Сәлде Аманжолов «рұқсатсыз шапқан шөбіңді бермеймін» деп қиғылық салыпты.
Сонда Мұрат ақынның ұрпағы былай десе керек: Жағасынан Есболдың пішен шаптық көбелей, Жаяу жүріп жинадым шөбін бесте шөмелей. Шамардың арам баласы тартып алды шөбімді, Орман-тоғай билігін жалғыз алған немедей! Тағы бірде Дәулетқали балық аулауға барады. Сол жолы қолына ештеңе ілінбейді. Маңайда жүрген біреуді көріп жақындап келсе, өзінің күйеу баласы Мырзахмет (кейде құрдасы, енді бірде нағашысы деп те айтылады) екен. Оның қанжығасы әбден майланған, бір бума сазанды сүйретіп келеді.
Ақын оған: «Маған бір асым балық бер», – дейді. Күйеу баласы оны сөйлеткісі келіп, «Өзің ұстап алмайсың ба?», – депті. Сонда Дәулетқали: Шортан көлден сазан кетсін, Сазан аулап мазаң кетсін. Сазан қуып жүргеніңде, Осы жерде қазаң жетсін!, – деген екен. Сасқалақтап қалған Мырзахмет «жағың қарыссын» деп балығының біразын Дәулетқалиға беріпті. Мұндай қалжың мен қылжаққа толы сөз қағысулар да Дәулетқали Мұратұлы мұрасының белгілі бір бөлігін қамтиды.
БЕЙНЕ мен БЕЙНЕТ
Бұл мақаланы әзірлеу барысында Дәулетқали Мұратұлының суретін салдырғанды жөн көрдік. Өйткені, ол соңына біршама мұра қалдырған жыр жүйрігі әрі өңірге танымал ақын болғандықтан жұрттың жадында сақталатын бейнесін әзірлегеннің артықтығы жоқ еді. Осыған орай белгілі үш суретшіге өтініш айттық.
Біріншісі – М ә с к е у д е г і В.И.Суриков атындағы а к а д е м и я л ы қ к ө р к е м с у р е т институтының түлегі, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Шыныб а й П і р і м б а е в . Екіншісі – Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі Темірбек Мұхтаров. Үшіншісі – Индербордағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің сурет пәнінің мұғалімі Дина Жасмағанбет. Бұл қ ы л қ а л а м шеберлерін бекерге таңдап алған жоқпыз. Мұрат тақырыбы олардың үшеуіне де жат емес-ті.
Әйгілі суретші, профессор Мұхит Қалимов салған Мұрат ақынның портреті баршаға белгілі. Шыныбай Пірімбаев майлы бояумен салынған сол портретті басылымдардың пайдалануына ыңғайлап, қайта әзірлеп берді. Ал Темірбек Мұхтаров пен Дина Жасмағанбет – сонау 1993 жылы Мұрат портретіне бәйге жарияланғанда бақ сынаған суретшілер. Олар бейнелеу өнерінде өз Мұратын кескіндеді. Бұл туралы «Үш портреттің үйлесімі» және «Мұраттың төртінші портреті» деген мақалаларымызда толығырақ жазғанбыз.
Біз бұл суретшілерге өтінішімізді оп-оңай айта салғанымызбен оны орындау өте қиын еді. Себебі, түпнұсқа ретінде Жанаш Нұрмұхановтың жеке мұрағатынан табылған суреттегі Дәулетқалидың титімдей ғана бейнесі ұсынылды. Сонау 1939 жылы түсірілген суретте көлеңке жақта қалған, шетте отырған Дәулетқалидың түрі анық көрінбейді. Олар соған қарамастан алғашқы сызбаларды ақ қағаздың бетіне түсіре бастады. Суретшілер портрет салу барысында Дәулетқалиды біршама зерттеді. Түпнұсқадағы кескін анық болмағандықтан бейнелеу өнерінің шеберлері біраз бейнеттенді.
Бұл шынында да оңай жұмыс емес еді. Бұған тек суретші кәсібінің қырсырын жетік білу аздық етеді. Оған қоса кейіпкерің туралы мол мәліметің болуы шарт. Осы тұрғыдан алғанда үшеуі де Мұрат шығармашылығына тереңірек бойлап көрген сияқты. Біз де қолдан келген көмегімізді аямадық. Мұрат ақынның баласы Дәулетқалидың кескінкелбетін оқыған деректеріміз, жазып алған естеліктеріміз бойынша сипаттап бақтық. Суретшілер мұраттанушы қаламгер Берік Қорқытовтың ұсынған мәліметтерін де қаперге алды.
Қылқалам шеберлерінің бейнеті ұзаққа созылды. Әрқайсысы өзі кескіндеген портретке екі-үш ай уақыт жұмсады. Себебі, көп адам түскен суретте Дәулетқалидың бетжүзі, әсіресе, көзі айқын көрінбейді. Ал, суретшілер үшін адамның бет-әлпетінің, сондай-ақ, көзінің анық көрініп тұруы өте маңызды екені белгілі. Сондықтан Мұраттың ақын перзенті шүңірек көз болған деген сипаттама қаперге алынды.
Әр суретші Дәулетқалидың көзін өз пайымдауынша салды. Әрине, Дәулетқалидың үш суреті кескінделуі жағынан бір-бірінен соншалықты алшақ деуге бола қоймас. Бірақ, әрбір қылқалам иесінің өзіндік қолтаңбасы қалыптасатыны тағы белгілі. Олардың әрқайсысы өз кейіпкеріне әрқилы мінез дарытты. А й т а к е т у к е р е к , суретшілер бізге портреттің бірнеше нұсқасын ұсынды. Олардың әдепкі эскиздерін бірге талқылап, ақылдасып отырдық.
Бұл сонау 1993 жылы Мұрат тойындағыдай сурет бәйгесі емес еді. Суретшілер бұған шын ықыласымен құлшына кірісті. Дәулетқалидың бейнесін әзірлеу арқылы олар Мұрат өмірбаянын, оның ақындық айналасын зерттеуге нақты атсалысып, мұраны түгелдеу ісіне көмек көрсетуді жөн санады. Біз алдағы уақытта осы үш суретті де ретіне қарай пайдаланып отырмақпыз. Шыныбай Пірімбаев Дәулетқалиды көзі ашық, көңілі ояу, санасы сергек кейіпте бейнелеуді мақсат тұтты.
Ол ақынның қарапайым болмысының өзінен ағартушылықтың белгілерін көргісі келген тәрізді. Өмірде тым жұпыны күй кешкен ақын бұл суретте үсті-басы жинақы жүретін, оқыған-тоқығаны көп ауыл мұғаліміне көбірек ұқсайды. Тұңғиық жанары ойлы, өмірге көзқарасы айқын Дәулетқали айналасына сеніммен қарайды. Суреттің әдепкі нұсқасында ақынның жағы қушиып, әбден қажығаны көрініп тұратын.
Бірақ, Шыныбай кейінірек шешімін өзгертіп, шығармасына оптимистік сипат берді. Мінезі орнықты, мақсаты белгілі, ұстанымы берік қайратты азаматтың болмыс-бітімі оның қылқаламына арқау болды. Ұзағырақ қарап тұрсаң, бет-жүзіндегі бейнеттің табын да, мұқтаждықтың ізін де аңғарып қаласың. Астаналық суретші өз танымындағы тұлғаны зиялылық ұғымынан аса алшақтатпау міндетін алдына қойған секілді. Қалай болғанда да, Шыныбай жұрт көрмегенді көретін, ел аңғармағанды байқайтын елгезек ақынды елге таныта алды деп ойлаймыз.
Темірбек Мұхтаров бейнелеген Дәулетқали бастапқыда зиялы жас жігіттің кейпінде болған. Шынын айтқанда, ақынның әдемі болмысы бізге де бірден ұнап еді. Бірақ, автормен ақылдаса отырып, өмір шындығына біршама жақындатуды ұйғардық. Сурет өнері шарттылықтан құралақан емес десек те, нақты деректен алыстамағанды жөн көрдік.
Шындығында, ол қаламгерлермен бірге суретке түскен сәтте елуден әлдеқашан асып, алпысқа аяқ басқан-ды. Темірбек оған нағыз батыс қазағының қайсар мінезін дарытты. Ешкімге есесін жібермейтін, қыңырлығы бір басына жетіп артылатын жігіт ағасы суреттен тесіле қарап тұр. Өткір жырларымен қалың елді ұйытып, қайраткерлік биікке көтерілген Мұрат Мөңкеұлының ұрпағы осындай болуы заңды да шығар.
Бұл ретте белгілі өлкетанушы Мәжит Мұхтаровтың перзенті Темірбектің Мұрат жырларымен жақсы таныс екенін, ақын мұрасын т а л д а п – т а р а з ы л а у ғ а қашаннан бейім екенін айта кеткен жөн. Сондықтан оның шығармашылық т а н ы м ы н д а ғ ы ерекшеліктердің бәрі де ескеруге тұрарлық. Бұл портретті салу жолында едәуір бейнеттенген суретші Дәулетқалидың да өмірден көрген жоқшылығы мен азабын кейіпкерінің бет-жүзіне дарыта алды.
Ақынның маңдайына түскен терең әжім, түйілген қабақ оның өмір жолында қиындық атаулының аз болмағанын айғақтап тұрғандай. Дәулетқали бейнесінің бұл нұсқасы да талапқа сай орындалған тиянақты жұмыс болып шықты.
Дина Жасмағанбет осыдан жиырма алты жыл бұрын Мұраттың портретін салған кездегі мәнерін бұл суретке де қолданды. Екі суретті қатар қойып салыстырып қараған адам олардың әкелі-балалы кісілер екенін байқар еді. Дәулетқалидың өмірде тартқан тауқыметі, көрген азабы бұл портреттен де сезіледі. Тіпті, алдыңғы екі суреттегі бейнеге қарағанда Динаның кейіпкері сәл күйреуіктеу секілді. Ақын көзі мұңды, жүзі сынық, қабағы салыңқы болып кейіптелгенімен, оның бойындағы орнықты адамға тән жинақылық бірден аңғарылады.
Көңілі пәс, назары төмен болғанымен, алыс көкжиекті көздеп, терең ойға батып тұр. Сондықтан, бұл суретті де өзіндік шешімі бар аяқталған шығарма дер едік. Сонымен, Дәулетқали Мұратұлының суретші қолымен салынған бейнесі пайда болды. Үш суретте де ел мұңын жоқтаған ақынның болмысы бар. «Мұрат ақынның ұлы осындай болса керек!» деген талап тұрғысынан қарасақ, аталған портреттерден соншалықты мін табыла қоймайды.
Бұл көркемөнер туындылары мұраны зерттеу және насихаттау ісінде пайдалануға әбден лайық деп санаймыз. Ең бастысы, үш суретші өз шығармасында Дәулетқалидың азаматтық болмысы мен ақындық тұлғасын ғана емес, өмірден тартқан бейнетін де айқын таныта білді. Сурет өнерінде бейне мен бейнет ұғымының бірден үйлесе кеткені де сондықтан…
***
Дәулетқали Мұратұлы мұрасының дені Орталық Ғылыми кітапхананың қолжазба қорында жинақталғанын мақаламыздың басында айттық. Бірақ, оның шығармалары әлі күнге дейін жеке кітап болып шыққан жоқ. Алматыда сақталған бір бума қолжазбада Дәулетқалидың жазған дүниелері түгел қамтылған деуден аулақпыз. Оның мұрасын кеңейту үшін Берік Қорқытов айтқандай, Атыраудың облыстық газеті мен аудандық газеттердің сол жылдардағы тігінділерін түгел сүзіп шығу керек.
Өйткені, ол шығармалары жиі жарияланып тұрған ақын болған. Онда өлеңдері мен айтыстары жарық көрген болуы мүмкін. Қазір тіпті академик Зейнолла Қабдоловтың жас күніндегі бірді-екілі айтыстары аудандық газеттен табылып жатыр. Ал, кәнігі айтыскер Дәулетқалидың сөз сайыстары тасқа басылмады дейсіз бе?!
Сонымен, Дәулетқали мұрасын былайша топтауға болатын сияқты: 1) Өлеңдері мен толғаулары. 2) Айтыстары. 3) Белгілі адамдармен сөз қағысулары. Дәулетқали өзінің ақындық өнерін жоғары бағалаған. Сөз бастар кезде тереңнен толғанып, шабыт шақыруы әкесінің толғау алдындағы түйдек-түйдек тіркестерін еске түсіреді.
Елге арқа сүйеп, ағайын-жұртқа еркелей отырып жыр айту машығы Мұраттан дарыған деуге болады. Мәселен, ол бір өлеңінде:
Хош айтысып кетерге, Сендерге келдім сүйеніп. Шешендікпен сөйлейін, Біразырақ тербеніп. Сендерді көзім көрген соң, Бағытқа түсіп өзгеріп, Сөз сөйлейін өзгеріп, – деп бой қыздырып алады да, әрі қарай еркін көсіледі. Бұл – Мұраттың «Анық қылып сөйлейін, Ақ теңгенің мөріндей, Жылы қылып сөйлейін, Жаздың жылы лебіндей, Шалықтатып сөйлейін, Айдынның шалқар көліндей!», – деп келетін жыр үлгісін ұстанғанының дәлелі.
Осылай бастаса да, өлеңді өзгеше жалғастырып, өз тағдырын баяндап, халқымен сыр бөліседі. Басқа түскен қиындығын («Жарлық пен қорлық қабаттап, Адастырды ақылдан»), азапты тірлікке мойынсұнғанын («Тағдырдың салған ісіне Енді неғып көнбелік») айтып, ағайын-туысқа мұң шағады. Әрине, ақындық әлеуеті зор болғанына қарамастан Дәулетқали да өз заманының талаптарына бағынды. Кеңестік құрылысты, оның көсемдерін жырлау үрдісінен ол да тыс қалған жоқ.
Сөйте тұра, халықтың ахуалын шынайы танытты, ел бастаған ерлердің ерлігін үнемі дәріптеп отырды:
Туып-өскен жеріміз, Мекен еткен еліміз, Гурьев деген жер еді. Заманында өзінің, Исатай мен Махамбет Хан менен би, патшаға, Қарсы тұрған ер еді. Бұл – Дәулетқалидың «Социалистік құрылыс» газетінің 1941 жылы 15 сәуірдегі санында жарияланған «Алға, алып адаммен» деген өлеңінің үзіндісі. Өлеңді кейіннен Берік Қорқытов түсініктеме жазып, оқырманға ұсынды.
Саяси сипаты бар мадақ өлең болғанына қарамастан Дәулетқалидың ақындық қуаты анық аңғарылады. Көсемді көтермелейтін тұстарының өзі көркемдікпен өріледі («Ленин жолды салған соң, Тізгінді қолға алған соң, Болып еді дегенім»), образды ойлар, теңеуге толы тіркестер сәт сайын ұшырасады («Қоралы қойлар қоздаған, Өркеші таудың шыңындай, Боталап нарлар боздаған»), әсем табиғаттың бейнесі әсерлі сипатталады («Жағасында Каспийдің, Үйрек ұшып, қаз қонды. Жер құлпырып кілемдей, Қысымыз да жаз болды»), ел-жұрттың көңіл-күйі асқақтата суреттеледі («Бақыттың тасып бұлағы, Арнадан асты шалқыған».
Әрине, қаншама жетіктерін санамалағанымызбен, бұл өлең – саяси конъюнктура аясындағы шығарма. Дәлірек айтсақ,, «Пролетариат көсемі мұрагерінің арқасында халқымыз осындай белеске жетті» деген идеяны дәріптейтін толғау. Бірақ, мәселе нені жырлауда емес, қалай жырлауда екенін ұмытпауымыз керек. Мәселен, Тұрмағамбет Ізтілеуов «Қараңдар Лениннің тұрысына, Әр істің қолын сілтеп «дұрысына» («Заманның жол сілтеп тұр дұрысына» деп те айтылады»), – деп жырласа, Иса Байзақов «Ленин – бүтін бейнетқорлар жүрегі, Жүрек оны өлді деп те сенген жоқ», – деп толғанса, осынау сөз зергерлеріне тек өз қоғамының жаршысы деп қарауға бола ма?
Осы жолдардың өзінен аталған ақындардың алапат поэтикалық әлеуеті көрініп тұрған жоқ па? Дәулетқали Мұратұлының да өз заманының сарынын танытқан өлеңдерінің саяси сипатынан бұрын көркемдік кестесіне назар аударған жөн. Енді әр дерек көзінде әркелкі көрініс тапқан мәліметтерді нақтылауға тырысайық.
Алдымен Дәулетқалидың туған жылын анықтап алайық. Қолжазба қорындағы өмірбаянында «1982 жылы Маңғыстауда адайға көшіп барғанда туған. Әкесінің өлеңдерін жиырма жасында үйренген. Жиырма бес жасқа келгенде өздігінен өлең шығара бастаған» делінеді. Сонда Дәулетқалидың туған жылы ретінде 1982, 1985, 1977, 1978 жылдар аталады. Ал, Қырықбай Бекбаев Дәулетқалимен құрдас Қу Қосжанды 1883 жылы туған дейді. Бірақ, қазақта бес жас айырмасы бар кісілердің де құрдасқа саналатыны белгілі.
Осының бәрін саралай келе әрі Халел Досмұхамедов пен Берік Қорқытовтың мәліметтеріне сүйеніп, Дәулетқали 1877-1878 жылдарда туған деген дерекке табан тірейміз. Жалпы, әр түрлі жолмен жиналған деректерде әркелкіліктің болуы – қалыпты нәрсе. Берік Қорқытов Дәулетқалиды «Орта бойлы, шүңірек көзді қара кісі екен», – деп сипаттаса, жиен қарындасы Осиға Құбашқызы «Ағам ұзын бойлы еді», – дейді.
Уақыт өткен сайын санадағы естеліктер ескіре беретінін ескерсек, бұған түсіністікпен қараған абзал. Жасы келген адамның шөгіңкіреп, еңкіш тартатынын да ұмытпауымыз керек. Дерек көздерінің бәрінде дерлік Мәнет делінетін Дәулетқалидың әйелі Ержан Дүйсенғалиевтің естелігінде Торғай делінеді. Сол себепті біз ақынның әйелінің жақын туысы Қабижан Сағиевтің мәліметіне және естеліктердің басым көпшілігінде солай аталатынына ден қойып, Мәнет деген есімге тоқтаймыз. Мәнет Есентемір аталығынан шыққан көрінеді.
Сонымен, кейіпкеріміздің ақындық тұлғасы туралы ой қорытатын болсақ: Дәулетқали – өмір, тіршілік, тұрмыс туралы өлеңдердің, тамаша толғаулар мен термелердің авторы. Дәулетқали – талай рет жыр сайысына түскен белгілі айтыс ақыны. Дәулетқали – өз заманының жаршысы, өз қоғамының белсенді насихатшысы.
Дәулетқали – қиыннан қиыстырып, қалжыңмен қағытудың, сөз қағысудың асқан шебері. Дәулетқали – Мұрат Мөңкеұлы шығармаларын жадында сақтап, тынбай жырлап, қазіргі күнге дейін жеткізген мұраттанушы ақындардың бірі. Дәулетқали – «Қырымның қырық батыры» цикліне кіретін шығармаларды үздіксіз жырлаған, бүгінгі ұрпақтың қолына тигізуге мол үлес қосқан дәстүршіл жыршы.
Қорыта айтқанда, «төрт аяғым тең жорға» деп өзі айтқандай, Дәулетқали Мұратұлының мұрасы Атырау аймағының ғана емес, тұтас ұлтымыз бен жалпақ жұртымыздың тыныс-тіршілігін танытатын рухани құндылық ретінде бағаланады. Сол құндылықты жас буынның бойына сіңіру – баршамыздың міндетіміз. Әйтпесе, «Білесің, әкем аты Мұрат ақын», – деп құлақ түбінде тіл қатып тұрған ақын рухына қиянат болмақ…
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор