
“AJF eSports Cup 2025”: Атыраудағы турнирдің чемпионы анықталды
Бүгін Атырау қаласында ұйымдастырылған “AJF eSports Cup 2025” киберспорт турнирінде “Aulet Power” командасы чемпион атанды. Олар Counter-Strike 2 ойыны бойынша өткен ақтық кезеңде үздік ойын өрнегін көрсетіп, басты трофей мен 250 000 теңге жүлдені жеңіп алды.

Таңертеңнен бастап қаладағы компьютерлік клубтардың бірі — «Beast» нағыз спорттық тартыс алаңына айналды. Іріктеу кезеңінен өткен 8 команда жүлде қоры үшін өзара бақ сынады. Жарыс барысында жоғары шеберлік пен командалық рух танытқан ұжымдар ерекше көзге түсті.
Жеңімпаздар тізімінде жүлделі ІІ орынды “Khan” командасы ұтып алып, 150 000 теңгеге ие болса, 100 мың теңгелік сыйақысы бар ІІІ орын “Baka-shayandar” тобына бұйырды.
Ал үздік ойыншы аталымын “Aulet Power” командасы иеленіп, 100 000 теңгемен марапатталды.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 600 000 теңге болды.

“Atyrau Jastar Fest-2025” фестивалінің ұйымдастырушысы, “Жастар таңдауы — Атырау” қоғамдық бірлестігінің менеджері Ерболат Балаевтың айтуынша, бұл турнир көрермендер мен қатысушылар үшін тек ойын ғана емес, жастар үшін маңызды платформа болды.
AJF eSports Cup 2025 – жастардың киберспорттағы әлеуетін ашуға мүмкіндік берген ерекше алаң. Бұл жарыс – спорт, мәдениет және шығармашылықтың тоғысқан орнына айналды.
Айта кету керек, турнир халықаралық жастар күніне арналған “Atyrau Jastar Fest-2025” фестивалі аясында облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен өткізілді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ