Айсұлтан байқауға барады
Atr. kz / 19 – ақпан. «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Бірлестігінің 10 жылдығына арналған «Мәңгі ел – Қазақстаным!» оқушылар мен жасөспірімдер фестивалінде көрсеткен айрықша өнері, дарынды қабілеті үшін Айсұлтан Ханат көркемсөз оқу өнерінен I орынды қанжығасына байлады.
Ол бұл сайыста қазақ поэзиясының Хантәңірі атанған Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін оқыған болатын.
«Бейбітшілік әлемі» Халықаралық бірлестігінің, «Халықаралық Адам құқығын қорғау комитетінің» Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің президенті А.Нұрмановтың қолы қойылып, мөрі басылған сертификат иесі, кішкене ғана өнерлі бүлдіршін Айсұлтан Ханат Атырау қаласындағы №37 мектепте мектепалды даярлық сыныбында оқиды. Сынып жетекшісі Гүлхан Серікбаева да өнерден еншісі бар өреннің болашағынан зор үміт күтетінін жасырмады. Алда Айсұлтанды Ташкентте, Дубайда және басқа да үлкен мегаполистерде өтетін халықаралық шығармашылық додасы күтіп тұр. Ендеше, жолың болсын, сәт сапар!
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА