Жарнама
Жаңалықтар

АГРОСЕКТОР АЙТАРЛЫҚТАЙ ІЛГЕРІЛЕДІ

Мәлімделгеніндей, биылғы тоғыз айда өңірде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 37,8 млрд. теңгені құраған. Осылайша, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегіден 5,4 млрд. теңгеге артты. Мұнда  мал шаруашылығының үлесі 23,3 млрд.теңгеге немесе 100,2 %-ға,  егіншілік саласында 14,1 млрд. теңгеге немесе 104,5 %-ға жетіп, былтырғы деңгейден 4,5 млрд. теңгеге көбейген. Төрт түліктен де мал басының өсіміне, сол сияқты егіншілікте де елеулі табыстарға қол жеткізілген.

Осындай дерек-дәйектерді алға тартқан баяндамашының айтуынша, үстіміздегі жылы егіс алқабының көлемі 6798 гектарға жеткізіліп, 116,7 %-ға артқан. Соның ішінде 1500 гектар егістік израильдық тамшылатып суару тәсілімен күтіліп-бапталған. Нәтижесінде, 20985 тонна картоп (әр гектарына 14 тоннадан айналған), 69380 тонна көкөніс, 27211 тонна бақша, 4000 тоннадан астам екпелі мал азықтық  дақылдары өсіріліп, өндірілген. 

Тиімді  технология табысқа  бастады

Айта кетер жайт, 1540 гектарды құрайтын бір ғана картоп алқабының көлемі өткен жылғыдан 77 гектарға ұлғайтылған. Бұнда осыған дейін қолданылып келген дәстүрлі әдіске қарағанда, тамшылатып суаруға негізделген жаңа технологияның тиімділігі  тәжірибеде дәлелденіп, артықшылығын көрсеткен. Мәселен, қарапайым тәсілмен суарылған картоп егістігінен алынған өнім гектарына 14 тоннадан келсе, соңғысында  өнімділік 40 тоннадан айналып, өнімділік те еселеп өскен. Ағымдағы жылы картоп егістігінің көлемі алдыңғы жылғыдан 400 гектарға ұлғайтылса, алдағы жылы бұған тағы да 500 гектарды қосып, 2000 гектарға жеткізу көзделген. Сонымен қатар, табысқа бастайтын тиімді технологияны егіншіліктің барлық салаларында кеңінен енгізу межеленген. Мұның сыртында, аймақта жылыжай шаруашылықтарының жалпы аумағын 9,5 және жеміс ағаштары (негізінен алма) өсірілетін  бақтардың көлемін 120 гектардан асыру ойластырылған.

Бұлардан бөлек, жақын арадан бастап Атырауда көкөніс дақылдарын өңдеп, құтыдағы өнімдер мен салат түрлерін шығаратын жаңа өндіріс орнының іске қосылғандығы жария етілді. Көп кешікпей, Нұрсая мөлтек ауданынан салынып жатқан коммуналдық базардың да құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. 

Азық-түліктен таПшылық  болмайды

Қазіргі уақытта аймақтық азық-түлік тұрақтандыру қорында 1500 тонна пияз, 300 тонна сәбіз, 250 тонна қырыққабат, 50 тонна қызылша, 700 тоннадан картоп және басқа да дақылдар сақталған. Қазан айының соңына дейін бұл көлем біраз көбейтіліп, картоптың қоры 2000 тоннаға жеткізілмек. Тұтыну нарығына келсек, халықтың сүт және сүт өнімдеріне (қаптамадағы) сұранысы 30, жұмыртқаға 50 %-ға қамтылған. Бұл бағытта  қолға алынған жаңа жобалар толықтай жүзеге асқанда жылына 2600 тоннаға дейін құс еті мен бірнеше миллиондаған дана тауық жұмыртқасы өндіріледі, өзге өнім түрлері көбейтіледі деп күтілуде. 

Бірдейлендіру деңгейі  бірдей  емес

Келесі кезектегі әңгіме ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру төңірегінде өрбіді. Бұл жөнінде облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиевтің хабарламасы тыңдалды.

Оның мәлімдеуінше, күні бүгінде облыста 593703 бас ұсақ, 162082  мүйізді ірі қара малы, 24407 түйе, 5936 жылқы және 469 шошқа ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына енгізілген.

Осы уақытқа дейін бірдейлендіру шараларын жүргізуге арналған атрибуттар жергілікті бюджет есебінен қаралған қаражатқа сатып алынып келген. Ал, 2015  жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Ветеринария туралы» ҚР заңына сәйкес олар республикалық қордан тегін жеткізіліп берілетін болды. Алайда, алдын ала есептеліп қойылғанындай, барлығы 175123 ұсақ, 64147 мүйізді ірі қара, 8170 түйе мен 570 шошқаны сырғалауға қажетті атрибуттар әлі күнге жеткізілмеген. Бұл сырғалар тек желтоқсан айының басында  ғана қолға тиюі мүмкін екендігі айтылды.

Осы жайлар ескеріліп, қалыптасқан жағдайдан шығып, басталған жұмысты межелі мерзімінде аяқтау үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының биылғы мамыр айындағы хаттамалық ұйғарымымен, жетіспейтін сырғаларды жеке шаруа қожалықтарының өз қаражаты есебінен сатып алу жөнінде келісім жасалынған.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button